Елордада Республика күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған конкурстың өңірлік кезеңінен озып шыққан 20 отбасы қызыл кілеммен жүріп өтіп, құрметке бөленді. Солардың қатарында Алматы облысының намысын қорғаған Бекдайырлар әулеті де бар.
Ұлттық байқау үздіктерін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтап, өнердің, еңбектің және берекенің жарқын үлгісін көрсеткен мерейлі отбасыларға алғыс білдірді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ана мен баланы қорғауға ерекше көңіл бөлінгенін де сөз етті.
Қарасай ауданы Қаскелең қаласында тұратын Бекдайырлар әулеті қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келеді. Әулет басшысы Қоңыр Бекдайыр күміс әшекей жасау ісімен танылса, зайыбы Анаргүл ұлттық киім тігу өнерінде шеберлігімен ерекшеленеді. Балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.
Салтанатты шарада байқау жеңімпаздарына естелік мүсінше, диплом және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды. Бұл жеңіс – ұлттық мұраға құрметпен қарап, дәстүрді дәріптеген барша жанның ортақ қуанышы!
Өз тілшіміз




