Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын
Тәуелсіздік,
Еркіндігім.
Қасиеттім,
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер-мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты Алаш,
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті –
Аманат қой
Маған,
Саған,
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшенді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп,
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын –
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман Сарин
Қазақстаным!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан
Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың – Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым…
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!
Алмат ИСӘДІЛ
Менің асқақ аңызым
…Алып қорғанның құлағанын көрдім,
Небары алты жасымда.
Алып тұлғалар жылағанын көрдім,
Бастарын сүйеп ғасырға.
Алып таулардың шайқалғанын көрдім,
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім,
Ат төбеліндей халықтың.
Алып кітаптар торыққанын көрдім,
Сол сәтте-ақ одан безінгем.
Алып ойлардың қорыққанын көрдім,
Ең бір нәзік сезімнен.
Алып сағаттар тоқтағанын көрдім,
Өлшенді уақыт жаңадан.
Алып жүректер ақталарын көрдім,
Алты-ақ жасар баладан.
Алып құрлықтар теңселгенін көрдім,
Темір бұғаулар тозғасын.
Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім –
Империяның көз жасын!
Алып мұхиттар толқығанын көрдім,
Бір тамшы суға байланып.
Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып.
Алып мүсіндер қирағанын көрдім,
Сұлаған жаудай жебеден.
Алып саналар жиналарын көрдім,
Тұрғызу үшін жаңа әлем!
Құрыштардың да шірігенін көрдім,
Сен боса, болат, тас егіл!
Темір шымылдық түрілерін көрдім,
Сахнаға шықты жас өмір!
Алты жасымда!
Жылаған жоқпын,
сұраған жоқпын анамнан,
Сол күні жаңа әнұран айтып оралған,
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын
Ұл жайлы Күннен жаралған.
Түсінбесем де тыңдаймын,
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы…
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,
Аңыз ұнаған
Жаралған Күннен ұл жайлы!
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл, кешір!
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін.
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті,
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,
Ол, бəлкім, менен сөз күтті!
Ал бүгін, енді, тарихты өзім білемін,
Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім.
Ұлылық жайлы ойлайды басқа,
Жап-жас шақ ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім –
Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың!
…Тәуелсіздік ше?
Ол – менің тегім, ұлдарыма оны дарыттым.
Тәуелсіздік – мен, ол – менің асқақ аңызым,
Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!!!
Ерлан Жүніс