Ата-ана – Алланың пендесіне берген ең ұлы нығметтерінің бірі. Әрбір адамның өмірге келуіне себепші болған, барын баласына арнап, мейірімін төккен жандар ата мен ана екені белгілі. Ислам дінінде ата-ананы құрметтеу, оларға жақсылық жасау ең үлкен сауаптардың бірі болса, керісінше, ата-ананы ренжіту мен құрметтемеу ауыр күнәлардың қатарына жатады.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Раббың өзіңе тек қана оған құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық қылуды бұйырды» дейді. Бұл аятта Алла Тағала өзінің құлшылық ету бұйрығынан кейін бірден ата-ананы құрметтеуді айтып, оның діндегі орнын ерекше көрсеткен. Демек, ата-ананы құрметтеу – жай адамгершілік қана емес, Алланың бұйрығы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Алла разылығы – ата-ана разылығында, Алла ашуы – ата-ана ашуында», – деп айтқан. Яғни, адам ата-анасының разылығын алса, Алланың разылығын алғанмен тең. Ал егер оларды ренжітсе, Алланың қаһарына ұшырайды. Сол себепті ата-ананы құрметтемеу – дін тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да ауыр күнә!
Бүгінгі қоғамда кейбір жастар ата-анасын тыңдамай, қарсы сөйлеп, тіпті дау айтып жатады. Бұл – Ислам тұрғысынан өте қауіпті іс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үш түрлі адамға Алла Тағала қиямет күні назар салмайды: ата-анасына қарсы келген адам, маскүнем және тәкаппар адам», – деген. Ата-анаға қарсы келу – тек сөзбен ғана емес, немқұрайдылықпен қарау, оларға қамқор болмау, тіл тигізу, қарсылық көрсету сияқты істер де осының қатарына жатады.
Ата-ананың жүрегі – нәзік. Олар баласының бірауыз ауыр сөзін өмір бойы ұмыта алмауы мүмкін. Ал балаға берілетін ең үлкен береке мен бақыт – ата-ананың батасы. Кімде-кім ата-анасының разылығына бөленсе, Алланың мейіріміне бөленеді. Сондықтан әрбір мұсылман өз ата-анасын қадірлеп, оларды ренжітуден сақ болуы керек. Тіпті олар дүниеден өтсе де, артынан дұға жасап, атынан садақа беріп, жақсы істер істеу арқылы құрметін жалғастырғаны жөн. Бұл – мұсылманның парызы. Ата-ананы құрметтеу – жаннатқа апарар жол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, жаннат – ананың аяғының астында.
Бұдан түйеріміз, ата-ананы қадірлей білейік, өйткені оларды ренжіту Алланың ашуына себеп болады. Ал разылығын алу өмірдің берекесіне жол ашады.
Мейірлан БІЛӘЛ,
«Асан сопы» мешітінің имамы
Сарыжаз ауылы,
Райымбек ауданы




