Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл маңызды кезең – ел бірлігі мен ынтымағының, татулық пен бейбітшіліктің нышаны.
Отыз жыл ішінде Ассамблея татулықты нығайтуға зор үлес қосты. Көптеген бастаманың ұйытқысы болды. Мәдениетаралық қатынасты дамытып, этномәдени бірлестіктердің маңызын арттырды. Ассамблея депутаттары Парламентте халықтың бірлігін, теңдігін және бейбіт өмірін сақтау бағытында еңбек етуде. Бүгінгі Қазақстан – бірлігі жарасқан ел. Бұл – Ассамблея қызметінің нақты жемісі. Ел бірлігі – біздің ең үлкен байлығымыз, ал татулық – тұрақты дамудың кепілі.
Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына орай «Алматы облысы музейлер бірлестігі» МКҚК филиалы Шелек тарихи-өлкетану музейінде «Бір шаңырақ астындағы мәдениеттер тоғысы» атты шара өтті. Мәдени шараға Еңбекшіқазақ ауданы мен Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Шелек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов, Шелек ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қалбүбі Қыдырбекқызы, Шелек ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Жаннұр Ыбрайымова және облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ-нің Шелек ауылдық округі филиалының қызметкерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Алматы облысының құрметті ардагері Әбілбек Айтақынов өз сөзінде осы жылдар ішінде Ассамблея еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің тірегіне, бірліктің берекелі бастауына айналғанын, ұйымның басты миссиясы – халықтар достығын сақтау, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту екенін тілге тиек етті. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болса, еліміз дамудың биік белестерін бағындыра беретінін жеткізді.
Шарада Тайыров, Розыбакиев, Бижанов атындағы орта мектептердің оқушылары ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Кеш қонақтары мәдени шара соңында түрлі этностар мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін көрмені тамашалады.
Жанар Боралтайқызы,
Шелек тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
Еңбекшіқазақ ауданы




