Перейти к содержимому
Главная страница » Америка мен Азия арасы: диалогтан дамуға!

Америка мен Азия арасы: диалогтан дамуға!

     Вашингтон қаласында АҚШ тарапы бастамашы болған «Орталық Азия + АҚШ» саммиті өтті. АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Орта Азия елдерінің басшылары қатысқан саммитте шекаралық инфрақұрылым, транспорттық-логистикалық жүйелер және цифрландыру мәселелері талқыланды.

Аталған шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтты. Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.
– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қол­дауға лайық деп санаймын. Мен де сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямыз­бен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ «С5+1» форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанын айтып, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Ал Дональд Трамп Америка, Қазақстан және Орталық Азия елдері арасында жаңа қарым-қатынас басталғанын мәлімдеді. Ол соңғы 30 жылда стратегиялық маңызы зор бұл аймақтарға өз дәрежесінде назарын аудармағанын, енді толықтай көңіл бөлуге ниетті екенін жеткізді. «C5+1» платформасының 10 жылдығына орай біз авиация, маңызды минерал­дар, ауыл шаруашылығы, темір жол, автокөлік өндірісі және техноло­гиялар салаларында ондаған мың америкалық жұмыс орнын қолдай­тын миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдерге қол қойдық. Саммит АҚШ пен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан арасындағы жаңа, тамаша қарым-қатынастардың басталғанын білдіреді», – деді ол.
Кездесуден кейін Қазақстан Президенті сапар аясында екі ел компания­лары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасас­қанын айтты. Нақты деректерге жүгінсек, 29 келісімге қол қойылған. Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім беру және инновация сияқты негізгі салаларды қамтиды. Бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтуға бағытталды. Сапардың басты нәтижелерінің бірі – ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» және «John Deere» компаниясы арасында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын стратегиялық келісімге қол қойылуы болды. Құжатқа сәйкес, Қостанай және Түркістан қалаларында «John Deere» маркалы 3 мыңға дейін ауыл шаруашылығы техникасын шығару, үш сервис орталығын салу, кадрларды даярлау жүйесін дамыту және Қазақстанды ТМД елдеріне арналған қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін өңірлік хаб ретінде қалыптастыру көзделген. Сонымен қоса, тау-кен өнеркәсібі саласында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен «Cove Capital» компаниясы жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды. Жоба Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеруді көздейді. Бұл бастама терең өңдеу қуаттарын құрып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы, сапар аясында қол қойыл­ған құжаттар Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі сенімді және стратегиялық серіктестіктің инновациялар, инвестициялар және орнықты даму бағытында жалғаса­тынын айқын көрсетті.
Біз сөз етіп отырған «C5+1» саммиті – АҚШ астанасында жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесу болды. Ол маңызды бастамаларға жол ашатынын сарапшылар да растап отыр. АҚШ-тың аймаққа қызығушылығы соңғы жылдары артқаны байқалады. Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірінше, саммит аясында жасалған келісімдер АҚШ-тың Орта Азияның стратегиялық маңызын қайта мойындағанын көрсетеді. «Астана үшін «C5+1» жиыны көпвекторлы саясаттың өміршеңдігін дәлелдей бастады. Бұл – барлық ірі державамен тең дәрежеде конструктивті қарым-қатынас орнату стратегиясының айқын көрінісі. Мұндай саммиттер еліміздің сенімді, бейтарап және беделді серіктес ретіндегі имиджін күшейтеді. Кездесудің тиімділігі шекарадағы рәсімдердің жеңілдеуі, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу жобаларының ілгерілеуі, көлік пен авиация саласына инвестиция тартылуы сияқты нақты нәтижелермен өлшенуі әрі бағалануы қажет. Егер бұл көрсеткіштер 1-2 жылда іске асса, Қазақстанның көпвекторлы бағыты өз тиімділігін толық дәлелдейді. Бұл саммит аймақтың энергетика, көлік және жасыл экономика салаларына жаңа серпін бермек. АҚШ үшін аталған саммит сирек кездесетін энергия мен стратегиялық пайдалы қазбалар көздерін әртараптандыру арқылы көрші елге тәуелділігін азайту және жеткізу тізбектерін тұрақтандыру мүмкіндігін туғызды. Ал Орталық Азия инвестиция арқылы экономикалық тәуелсіздікті арттыру, геосаяси тепе-теңдікті сақтау және халықаралық беделін нығайтуға басымдық берді», – дейді Жанат Момынқұлов.
Еліміздегі саяси сарапшылардың бірі – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Али Мұхамбеттің айтуынша, «C5+1» форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында жүйелі диалогты қамтамасыз ететін тиімді көпжақты алаң ретінде өзін таныта бастаған. Бұл алаң мемлекеттерге жалпы аймақтық мүдделерге қатысты мәселелерді талқылағанда біріккен және ұйғарымды пікір білдіруге мүмкіндік береді. Сол арқылы олардың ірі жаһандық әріптеспен жүргізілетін келіссөздердегі ұстанымдарын күшейтеді.
2015 жылы формат іске қосылғаннан бастап 2023 жылға дейін өзара байланыс тек министрлік деңгейінде жүргізілген еді. Диалогтың 2023 жылы алғаш рет ел басшылары деңгейінде өтуі аймақтың стратегиялық маңыздылығының өскенін айқындайды. Мемлекет басшылары деңгейінде өткізілетін диалог шараның саяси салмағын күшейтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, инфрақұрылымдық дамуды және технологиялық өзара әрекеттестікті қамтитын терең әрі кешенді ынтымақтастыққа жаңа мүмкін-діктер ашылуын қамтамасыз етеді.
Сапар шеңберінде Қазақстан Президенті АҚШ-тың әйгілі басылымдары – «The Washington Post» және «The New Your Times» газеттеріне сұхбат беріп, жекелеген саясаткерлермен, компания өкілдерімен, әлемге танылған отандық IT-мамандармен кездесулер өткізді.

Ерзат АСЫЛ