Биыл облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша «Paryz еріктілері» қоғамдық бірлестігі «SAQTAN» жобасы аясында түрлі шара өткізді. Мақсаты – жастар арасындағы нашақорлық, суицид, құмар ойындарға тәуелділік, зиянды әдеттердің таралуы және буллинг сияқты қоғам үшін үлкен алаңдаушылық туғызып отырған мәселелердің алдын алу.
Осы жылдың мамыр айында басталған шаралар алты ай бойы жалғасып, Қонаев қалалық кітапханасында өткен брифингте қорытындыланды. «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазының айтуынша, жоба алты бағыт бойынша жұмыс істеген. Алдымен мәселелер жиі туындаған елдімекендер мен колледждерде семинарлар ұйымдастырылып, оған 1100-ден астам жас қатысқан. Онда кәсіби психологтар мен сарапшылар жастарға тәуелділік түрлері және олардың психологиялық, әлеуметтік салдары туралы баяндап, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша тәжірибелік кеңестер берген. Есірткі жарнамасына қарсы күрес бағытында қоғамдық орындарда, көпқабатты үйлердің ауласында, аялдамалар мен оқу орындары маңында көп кездесетін граффити жазбалар өшірілген. Облыс бойынша 120 ерікті, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ журналистер мен блогерлер қатысқан 10 түнгі рейд жүргізілген. Нәтижесінде 137 әкімшілік хаттама толтырылып, ата-аналарға түсіндіру жұмысы атқарылған. Сондай-ақ жастар уақытын тиімді пайдалану үшін, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында колледж студенттері арасында спартакиада өткізілген. Футбол және волейбол жарысында 1700-ге жуық студент сынға түсіп, финалда 300-ден астам спортшы бақ сынаған. Жеңімпаздар ақшалай сертификат және бағалы сыйлықтармен марапатталған. Сонымен қатар зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған бейнеүзінділер түсіріліп, «TikTok», «Instagram» және «YouTube» желілерінде жарияланған.
– Әуелде жобаға 2000 адам қатысады деп жоспарлағанбыз. Бірақ бұл межеден асып, шараларда бой көрсеткен жастар саны 3500-ден асты. Бұл жұмыстар әлеуметтік тапсырыс аясында іске асты. Дегенмен, жобаның маңыздылығын ескере отырып, қосымша шығынды талап етпейтін бағыттарды өз деңгейімізде алдағы уақытта да жалғастырамыз. Бұл бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырылуы қажет деп санаймыз, – деді Әділет Нұрболатұлы.
Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Ахметов өңірдің республикада жастардың саны бойынша Алматы, Астана қалалары мен Түркістан облысынан кейін төртінші орында тұрғанын, ал жалпы халық санының 30 пайызын құрайтынын айтып, ойын-сауық бағдарламалардан гөрі қоғамға пайдалы шаралар санын арттырып, бірлесе жұмыс істеу маңызды екенін тілге тиек етті. Шара қорытындысында «SAQTAN» жобасына белсене атсалысқан азаматтарға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




