2006 жылы Қараой ауылдық округінен көпбалалы аналар жер учаскесін сатып алады. Кейін олар алаяқтарға алданғанын біледі. Көпбалалы аналар бұл жерді жеңілдетілген бағамен алған. Бірақ заңды түрде рәсімдей алмаған. Сол себепті сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Бұл жерге иелік еткен М. Бұтабаева, Ж. Балқыбекова, Г. Мамытова алаяқтықпен айналысқаны үшін 7 жылдан бас бостандықтарынан айырылып, абақтыға отырып, жазасын өтеп келген. Бірақ тұрғындарға ақша сол күйі қайтарылмаған.
Мәселе шешімін таппағандықтан тұрғындар облыс әкімдігіне арыз-шағым түсірген. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев Қараой ауылдық округіне арнайы келді. Жиынға облыстық және аудандық прокуратура, жауапты сот орындаушылар, облыстық жер қатынастары басқармасы мен аудандық жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері мен округ әкімдігі мамандары қатысты.
Зардап шеккендердің айтуынша, жерді сату бастамасын көтерген бұрынғы қоғам жетекшісі М.Бұтабаева оларды жер учаскелерімен таныстырып, құрылыс жоспарын көрсеткен. Бірақ кейінірек жердің ауылшаруашылық мақсатында бөлінгені анықталған. Бұдан әбігерге түскен тұрғындар салған ақшасын қайтаруды сот арқылы талап еткен. Сот жерді аукционға шығарып, тұрғындарға ақшаларын қайтару туралы шешім шығарған. Бірақ көпбалалы аналар бұл шешіммен келіспей, өздеріне берілген жер телімін қайта талап етіп отыр. «Бізге ақша қайтарылады деп уәде берді. Бірақ қазір ол 250 мың теңгенің еш құны жоқ. Біз келіспейміз. Жерімізді бермейміз, осы үшін біз 18 жыл бойы күресіп жатырмыз», – дейді тұрғын Алмагүл Мұхаманова.
Облыс әкімдігі жағдайды реттеу үшін комиссия құрмақ. Себебі жер 2001 жылы жекеменшікке уақытша берілу мақсатында бөлінген. Қазіргі таңда ол жер Бас жоспарға да енбеген. Алайда жергілікті билік өкілдері комиссия құрып, мәселені реттеу үшін жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. «Біз құжаттарды рәсімдеп, облыста қарайтын боламыз. Жәбірленушілермен апта сайын кездесіп, ақпарат бере отырып, дауды өршітпей шешуге тырысамыз. 2013 жылы шыққан сот үкімі бойынша алаяқтықпен айналысқан азаматтар өз жазасын өтеп келді. Облыс тарапынан комиссия құрылады. Түсіндіру жұмысы жалғасады. Зардап шеккен 322 адам тізімде бар, осы тұрғындарға барынша көмек көрсетіледі», – деді халыққа басу айтуға әрі мәселенің мән-жайын білу үшін келген облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев.
Облыс әкімдігі бұл мәселені шешуге бел шеше кіріспек. Көпбалалы аналар да соңына дейін күресуге дайын. Олар өздеріне тиесілі жер телімін алуды талап етуде. Жапа шеккендер сот шешіміне қарсы аппеляция беріп, өз құқықтарын қорғауға барынша күш салмақ.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




