Қарасай ауданындағы ірі әрі тұрақты дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – «Жетісу» өндірістік кооперативінде күздік дақылдарды, оның ішінде бидай мен арпаны себу жұмысы аяқталуға жақын.
Шаруашылық төрағасы Жанат Исағұловтың айтуынша, оларға тиесілі жалпы жер көлемі – 3337 гектар. Көктемде 57 гектарға арпа, 100 гектарға дәндік жүгері, 120 гектарға сүрлемдік жүгері, 350 гектарға көпжылдық шөп, 20 гектарға көкөніс дақылдары себілген. Бір айта кетерлігі, дәнді дақылдар мен көпжылдық шөптер ерекше маңызға ие. Себебі шаруашылықтың негізі қаланған 1996 жылдан бері мұнда тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп келеді. Онда 320-дан астам сауын сиыр бар. Сондықтан кооператив үшін өздерінің жем-шөп базасын құру өте маңызды. Бұдан бөлек, 850 гектар жерге «Стекловидная – 24» сұрыпты күздік бидай себілуде, соның ішінде 145 гектар суперэлита тұқымдарын өндіруге, 300 гектар күздік арпа егуге бөлінген. «Жетісу» АӨК элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие және Алматы облысындағы көптеген шаруашылықты жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді.
Шаруашылықта 78 трактор мен 3 комбайн бар. 2026 жылы тағы бір «John Deere» маркалы комбайнын лизингке алу жоспарлануда.
Біз шаруашылықтың егіс алқабында болып, күзгі дала жұмыстарын жүргізіп жатқан механизаторлар Ерхат Тәжібаев пен Саид Сұлтановпен кездестік. Саид жерді жыртып, Ерхат егіс алқабын тегістеумен айналысып жүр екен. Шаруашылық төрағасы бізге берген сұхбатында тұқым себер алдында жерді дұрыс дайындау өте маңызды екенін айтты. Ол үшін алдымен жер жыртылады, содан кейін дискілеу жұмысы жүргізіледі. Бұл – жердің үстіңгі қабатын 15 сантиметр тереңдікке дейін өңдеу үшін дискіні пайдалану арқылы жүргізілетін агротехникалық әдіс. Дискілеу жердің құрылымын жақсартып, оның құнарлылығын және ылғал сыйымдылығын арттырады. Одан кейін жер тегістеліп, тығыздалады. Содан соң тұқым себіліп, үстінен тапталады. Бұл әдіс тұқымның жерге жақсы енуін қамтамасыз етіп, уақытында жақсы өсуіне көмектеседі. Сонымен қатар ылғалды сақтауға да ықпал етеді.
Шаруашылықта бас агроном Базарбай Райымханов, бас инженер Аңсар Қашиев, бас механик Мырзабай Әбдірайымов, шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары Ернат Амантаев, механизатор Талғат Шөкетаев, слесарь-механик Руслан Әлиев, кірпіш өндірісі бөлімінің басшысы Абылайхан Жұмабеков және басқа да мамандар жұмыс істейді.
Шаруашылықта дала қосыны жақсы жабдықталған, онда механизатор мен жүргізушілердің демалып, тамақтануына барлық жағдай жасалған. Техникалар дизель отынымен қамтамасыз етіледі. Сол үшін мұнда арнайы жанармай сақтау ыдысы орнатылған. Осылайша, «Жетісу» өндірістік кооперативінде күзгі дала жұмысы ұйымдасқан түрде жүріп жатыр.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




