Бүгінде жасөспірімдер арасындағы суицид, буллинг, құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылық қоғамды алаңдатып отыр. Осы өзекті мәселелер Қаскелеңдегі Қарасай аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде талқыланды. Іс-шара педагогтер мен ата-аналарға арналып ұйымдастырылды. Жиында облыстық және аудандық әкімдіктердің өкілдері, білім беру мекемелерінің мамандары, сондай-ақ прокуратура мен полиция қызметкерлері сөз сөйледі. Олар аталған теріс құбылыстардың алдын алу бойынша тиімді тәсілдер мен рухани-психологиялық қолдау туралы өз ойларымен бөлісті.
Жиынды облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Айғана Асанова ашып, жүргізіп отырды. Мәселені айқындай келе, ол облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 11 жағдайы тіркелгенін айтты. Талдау көрсеткендей, қайғылы оқиғаға ата-аналармен арадағы қиын қарым-қатынас себеп болған. Сонымен қатар тағы 16 жасөспірім суицидке әрекет жасағаны анықталды. Осыған байланысты балаларға «150» және «111» байланыс нөмірлеріне тәуліктің кез келген уақытында хабарласуға болатынын еске салды.
Тақырыпты Алматы облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекова жалғастырды.
– Ата-аналар балалардың өміріне, айналасына, оларды не толғандыратынына, не қуантатынына мән беру қажет. Тек «Сабағың қалай өтті?» немесе «Қандай баға алдың?» деген сұрақтармен шектелуге болмайды, – деді спикер.
Жиын барысында гаджеттер мен интернеттің, сондай-ақ ChatGPT секілді жаңа технологиялардың теріс әсері де айтылды. Мамандардың сөзінше, мұндай факторлар балаларды цифрлық аутизмге ұрындырып, сөйлеу мен психикалық дамудың кешеуілдеуіне, сондай-ақ тапсырмаларды өз бетінше орындауға құлықсыз болуына себеп болуы мүмкін.
Айгүл Қанатқызы әр мектепте ата-аналарға қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейтінін де алға тартты. Сонымен бірге «Жанұя» отбасын қолдау орталығы және «Қазақстан психологтер қоғамы» республикалық ұйымы әзірлеген «Ата-ана университеті» платформасы ата-аналарға үлкен көмек болмақ. Кездесуде ата-аналарға аталған платформаға тіркелу жөнінде нұсқаулық берілді. Онда әртүрлі маңызды мәселе бойынша қазақ және орыс тілдерінде бейнематериалдармен танысуға, кеңес алуға, WhatsApp арқылы кері байланыс жасауға болады. Барлық ақпарат құпия түрде сақталатыны, тек ата-ананың жеке кабинетінде болатыны ерекше аталды.
Қарасай аудандық прокуратурасының өкілі Елнұр Амангелді отбасында балаларға ата-ананың назары мен қамқорлығы жетіспейтінін тілге тиек етті.
– Көптеген ата-ана өз баласының телефондағы құпиясөзін білмейді, – деді ол. – Ал оларды күнде болмаса да, аптасына бір рет тексеріп тұрған жөн. Онда сақталған ақпараттан баланың немен айналысатынын, қандай ортасы бар екенін, не қызықтыратынын анықтауға болады. Бұл өте маңызды. Полиция инспекторы Айдын Жанарқұлов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Түнгі уақытта құқықбұзушылықтар жиі тіркелетіні де әңгіме арқауына айналды. Ал заң бойынша кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде жүрмеуі тиіс. Ал облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкері Мөлдір Әміртай балалар ата-анасының айтқанымен емес, олардың қалай өмір сүретінімен тәрбиеленетінін ерекше атап өтті.
– Біз балаларға «Шылым шекпе» дейміз, бірақ өзіміз шегеміз. «Ішімдік ішпе» дейміз, бірақ өзіміз ішеміз. Телефонға телміргені үшін оларды сөгіп, өзіміз де телефоннан бас алмаймыз. Балаларды алдау мүмкін емес, олар біздің өмірімізді бақылап, көп жағдайда мінез-құлқымызды көшіріп алады. Сондай-ақ балалармен уақыт өткізу, сөйлесу, жылы қарым-қатынас орнатудың қаншалықты маңызды екенін ұмытпаған жөн, – деді ол.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева ата-аналарға дастарқан басында негативті әңгімелер қозғамауды сұрады, себебі бұл бала тәрбиесіне кері әсер етеді. Ал ата-аналарға арналған жақсы ойластырылған нұсқаулық ретінде Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» кітабын пайдалануды ұсынды.
Кездесуді қорытындылаған Айғана Асанова айтылған ақпараттың барлығы ата-аналардың бала тәрбиесі бойынша жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл – еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақтың тағдырына тікелей қатысты маңызды мәселе.
Қуат Қайранбаев




