Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстағы жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және отбасылық қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды. Шараға Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дастан Жексенбеков, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек орталығының психологі Динара Қуатбекова және заңгер Мұрат Бигашев қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған спикері Дастан Маратұлының айтуынша, кейінгі жылдары интернеттегі анонимді арналар арқылы синтетикалық есірткіге тарту фактілері артқан. Өңірде 2023–2025 жылдарға арналған жоспар аясында мектептер мен колледждерде 360-тан астам кездесу, тренингтер өткізілген. Әлеуметтік желілерге мониторинг күшейтіліп, заңсыз контент құзырлы органдарға жолдануда. Сонымен бірге, облыс бойынша 121 акция ұйымдастырылып, 1000-нан астам граффити жойылған. Жұмысқа 800-ден астам ерікті тартылған.
Баспасөз мәжілісінде келесі сөз кезегін алған психолог Динара Ақылбекқызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көп жағдайда ұят, қорқыныш және ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан жасырын қалатынын айтты. Орталық жұмысы министрлік бекіткен стандарттар бойынша жүргізіліп, жәбірленушілерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
Брифинг қорытындысында мамандар жастардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру үшін ата-аналар, мектеп және құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін қадап айтты.
Құралбек Сәбитов




