Ақши ауылы тұрғындарының әр таңы су кезегіне тұрудан басталады. Аулаға шыққан әр тұрғын ең алдымен бос шелектеріне көз тігеді. Қай көшеге су келеді, қай үйде су жоқ? Ауылдың күн тәртібі дәл қазір осылай.
Үйдің іші тып-тыныш. Ыдыс жуылмай тұр, шәйнекке су құюға литрлеп есептелген су ғана қалған. Үйдің иесі:
«Су таусылды, қайтадан әкелу үшін такси жалдайық» – деп қолындағы бос ыдысты аударып қояды. Тіршілік нәрі тоқтағанда, ауыл өмірі де тоқырап қалғандай көрінеді.
Ақши үшін бұл тосын жаңалық емес. Жаз сайын белгілі бір кестемен ғана берілетін су биыл мүлде тоқтап қалды. Елу жыл бұрын тартылған құбырдың шірігені мен жыл сайынғы апаттар – ауылдың ескі, айтып таусылмайтын әңгімесіне айналған. Ал кезекті апат жағдайды түбірімен өзгертті.
Қарашаның 6-сы күні басталған апаттар тізбегі ауыл өмірін күйзеліске түсірді. Сол күннен бастап құбыр тоғыз күн ішінде жеті рет жарылған. Әр апаттан кейін «Алатау» филиалының «Бозой торабындағы су құбыры» бөлімшесі шұғыл жөндеу жүргізгенімен, жүйе қайта-қайта істен шығып отырған.
Жеті рет жасалған қалпына келтіру жұмысы нәтиже бермеген соң, жағдай облыс әкімдігіне ресми түрде жеткізілген. Аудан да, облыс та мәселенің ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқанын растады. Ақши ауылындағы ауызсу тапшылығының негізгі себебі – 1972 жылы салынған Бозой торабындағы су құбырының толық тозуы. Құбыр бірнеше жерден жарылып, су беру жүйесі толық тоқтап қалған. Ақши ауылының әкімі Ғабит Даниалұлының айтуынша, ауылдағы күрделі жағдайдың тамыры тереңде жатыр.
«Жиырма жылдан астам уақыт бойы проблема үзілмей келе жатыр. Бұл су жүйесі – «ҚазСуШар»-дың балансында. Аталған жүйе Ирригация және су ресурстары министрлігінің қарамағында тұрғандықтан, біз өз тарапымыздан толық көлемде жұмыс жүргізе алмаймыз», – дейді ол.
Әкімнің сөзінен-ақ жүйенің ескіріп қана қоймай, әбден тозғаны анық байқалады. Құбыр 1972 жылы салынып, 1976 жылы іске қосылған. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Құбырлар толықтай тозып біткен. Биылғы апат соның айқын көрінісі болды. 48-50 шақырым аралығындағы құбыр қабырғасы шытынап, су қысымы мүлде ұстамай қалған. «ҚазСуШар» мамандары күн сайын апатты жамап, жүйені іске қосуға тырысқанымен, нәтиже болмады.
«Жеті рет шұғыл жөндеу жасады. Алғашында 1-2 метрден ауыстырды, бірақ ол да көмектеспеді», – дейді ол. Ақырында шірігі тереңге кеткендіктен, тек 15 метрді толық ауыстыру ғана уақытша болса да жағдайды реттеуге мүмкіндік берген.
Апаттың жиілеп, жөндеудің нәтиже бермеуі ауылды толығымен сусыз қалдыру қаупін арттырған. Содан кейін ғана төтенше жағдай көмегі қарастырылған. Дегенмен, мәселенің жекелеген жөндеумен шешілмейтіні, жүйені толық жаңарту қажет екені белгілі.
Ауыл халқы су тоқтағаннан кейін суды таксимен алдыртуға мәжбүр болған. Бірақ бұған әр отбасының шамасы келе бермейді. Ауыл тұрғыны Болат Ыдырысов жағдайды былай сипаттайды: «Бірінші рет емес қой жарылып жатқаны. Осы уақытқа дейін қолға алу керек еді, жылда осы. Қалтамыздан қағып, енді суды алдыратын жағдайға жетіп отырмыз. Әр үйде бала бар, баланың жағдайын да ойлау қажет. Күнде шелектеп су тасу оңай емес. Бізге тұрақты су керек. Енді жағдай дұрысталатын шығар. Аудан басшылығы мен округ әкімі бірігіп, жарылған екі шақырымдық құбырды қайта қалпына келтіру жұмысын бастады. Біраз күнде Ақшиге қайтадан сапалы ауызсу келетін болар», – деді ол.
Тұрғындардың пікірінен-ақ жағдайдың коммуналдық проблемадан асып, әлеуметтік мәселеге айналғаны аңғарылады. Бұл жайт әлеуметтік желілерде де үлкен қоғамдық пікір туғызды. Халықтың су тасу мәселесі бойынша аудан басшылығы да шұғыл әрекет етуге мәжбүр болды. Қара судың қадірін күн сайын сезініп отырған ауылға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов келіп, апат орнын көрді. Ақши халқының жағдайымен бетпе-бет танысып, әр көшеде тоқтап, тұрғындардың уәжін тыңдады. Ауыл адамдарының жүзіндегі шаршау да, күту де, сенім мен күмән аралас сезім де байқалып тұрды.Әкім тұрғындармен кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіріп, су тапшылығын жою бойынша нақты қадамдарды айтты. Оның сөзінше, апатты учаскелер бір ай шамасында толық қалпына келтіріліп, Ақши ауылы тұрақты ауызсумен қайта қамтамасыз етіледі. Аталған шара уақытша жамап-жасқау емес, жүйені толық жаңартуға бағытталған жұмыс.
Ауыл сусыз қалмас үшін аудан әкімдігі «Іле су» КММ арқылы су тасығыш көліктердің тәулік бойы жұмысын ұйымдастырды. Әрбір көшенің басында көліктер тұрақтап, ауыл тұрғындарына ауызсу жеткізілуде. Алайда кей көшелердің тарлығы мен қауіпсіздік талаптарына байланысты техниканың әр үйдің ауласына кіруі мүмкін болмай отыр. Сол себепті тұрғындардың келісімімен, су көліктерін көшенің басына қою туралы шешім қабылданған. Алайда бұл үйінде ер адам жоқ отбасыларға, егде жастағы тұрғындарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қиындық тудырған. Сол үшін аудан басшылығы оларға қосымша көмек көрсету жолдарын қарастырып жатыр. Қазіргі таңда жұмыс тоқтаусыз жалғасуда. Су сорғылары тәулігіне 22 сағатқа дейін жұмыс істеп, резервуардағы су ауылға екі мәрте берілуде. Ақши ауылының екі нүктесіне – Д.Қонаев пен Т.Бокин көшелерінің қиылысына, сондай-ақ Д.Қонаев пен Қ.Қасымұлы көшелерінің қиылысына су тасығыш көліктер қойылған. Сол маңда күн сайын шелектері мен ыдыстарын көтеріп жүрген тұрғындарды көруге болады.
Жергілікті және облыстық билік жағдайды бақылауда ұстап, апатты қалпына келтіруде тиісті шараларды қабылдауда. Бұған дейін де Ақши бағытындағы 72 шақырымдық магистральдық су құбырын толық ауыстыру жоспарланған болатын. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттама 2023-2024 жылдары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолданып, қаржы бөлінуі күтілуде. Министрлік деңгейінде мақұлданатын бұл жоба жүзеге асса, Ақши ауылы он жылдап қордаланған су мәселесінен толық арылар еді. Сол күнге жетуді армандаған ауылдықтар бүгінгі уақытша қиындыққа шыдамдылық танытып, әр күнін үмітпен өткеріп келеді.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы
