«Алаш» сөзі – қазақ үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс жасады. Кең-байтақ жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Зиялылықтың негізін қалады.
Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамастан қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты. Сол үшін олар «халық жауы» атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жыл бойы атын атауға тыйым салынды. Бірақ ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Биыл «Алаш» автономиясының құрылғанына 108 жыл толып отыр.
Осыған орай Талғар ауданы Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде «Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат» атты ауқымды еске алу шарасы өтті. Жиынға келген жұртшылық алдымен Талғар аудандық тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмемен танысты. Оның ең басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған қайраткерлердің суреті қойылған. Әрі қарай Алашорда жайлы кітаптар, Желтоқсан көтерілісі мен оның қаһармандары туралы шығармалар, соңына қарай Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанованың портреттері орын алған.
– Бұл көрме негізінен қазақ халқының азаттық жолындағы екі тарихи кезеңді – Алаш қозғалысы және Желтоқсан көтерілісін қамтиды. Олардың негізгі идеясы тәуелсіздік болды. Сондықтан еліміздің ең ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жастарға қаһармандардың азаттық жолындағы ерлік істерін насихаттап, отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында осы көрмені ұйымдастырдық, – дейді аудандық орталық кітапхананың библиографы Сәуле Кәрібозова.
Мерекелік шараға қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының президенті, Алаш арысының жиен немересі Нұршәкен Жүнісқызы, «Алаш арыстары» ескерткішінің авторы Бейсенғазы Сәдуұлы, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагерлер, басқа да біраз ғалымдар мен танымал азаматтар болды. Олар Алаш арыстарының ұлы еңбегі мен Желтоқсан көтерілісінің тәуелсіз ел болуымыздағы тарихи маңызын тебірене әңгімеледі.
– Ардақты ағайын, отаршылдар қанша жерден аттарын өшіргісі келсе де, шамасы жетпеді. Адал азаматтардың күрескерлігі айтылатын күн де келді. Бірақ біз оған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Халық аман болса, халық күрессе, қай жауды да жеңбей қоймайды. Қаншама арыстарымыз қудаланды, оларды атты, асты, абақтыға қамады, кітаптарын өртеді, бәрібір ақиқат жеңді. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, шындық жарып шықты. Менің жастарға тілейтінім, Алаш арыстарының идеясы мен арман-мұратын насихаттайтын, соны нақты іске асыратын сіздерсіздер. Қайраткерлер қазақты қалай көркейтпек болды? Сол жағына көбірек көңіл бөліп, зерттеуіміз керек, – деді Хасен Қожа-Ахмет.
– Алаш арыстары жайында осы күнге дейін кітап, кино шығардық, ескерткіш қойдық, бәрін жасап жатырмыз. Бірақ олар қазақ үшін нені жүзеге асырғысы келді? Міне, осыны айтпаймыз. Алашорданың бағдарламасында бізде земство болады делінген, ол – жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз. Әлі күнге дейін ол бізде жоқ! Сондай-ақ бұл бағдарламада бастауыш сынып тек ұлттық тілде болсын деген талап бар. Қазір Астана мен Алматы қаласындағы қазақ балаларының 40 пайыздан астамы орыс тілінде оқиды. Олар шын мәнісінде әділетті қазақ мемлекетін құрғысы келді. Дәл сондай, Желтоқсанда көтерілген мәселелер де айтылмайды! Бірақ ескерткіш қояды, Халық қаһарманы атағын береді. Меніңше, бұл – болашаққа қойылатын ең үлкен сұрақ. Тәуелсіздікті алғанда Алашорда арыстарының, Желтоқсан қаһармандарының алға қойған талаптарын жүзеге асырамыз деп алдық, – деді Дос Көшім.
– Алаш зиялыларын ұлтшылдар деп айыптады. Олар неге ұлтшыл болды? Мысалы, Әлихан Бөкейхан Ресейдің кадет корпусында оқып жүріп, оның бағдарламасы қазақтың ұлттық автономиясына қарсы екенін түсінді. Сондықтан кадеттен шығып, Алашорда автономиясын құруға атсалысты. Ресей патшалығы талап-ұсынысын тыңдамаған соң, қазақ ұлтын сақтап қалу үшін оларға ұлтшыл болуға тура келді.
1986 жылы да солай болды. 80-жылдары Қазақстан ұлтсыздандыру лабораториясына айналды. Сөйтіп тағы да қазақты құрту жолына түсті. Өйткені қазақтың құқығы тапталды, даладан кімді әкеліп басшы қойса да көне беретін ұлтқа айналды. Бұған шыдамаған көкірек көзі ояу, бойында рухы бар намысты қазақ жастары Қонаевты қызметінен босатқан күні алаңға шықты. Мен сол кезде М.Тынышбаев атындағы теміржол институтының 3-курс студенті едім. Бұрынғы Брежнев атындағы алаң қазақ жастарына лық толды. Деректерге сәйкес, сол кезде 35 мыңнан 40 мыңға дейін жастар жиналған екен. Міне, осылай олар қазақтың бар екенін, өз тағдыры үшін күресе алатынын көрсетті. Бізден кейін әзербайжан, грузиндер, Балтық бойы республикалары көтерілді. Сөйтіп қазақ жастары барлығын тәуелсіздікке бастады. Олардың рухы қазақты бүкіл әлемге паш етті. Ардақты ақсақалымыз Советхан Ғаббасов сол 1986 жылы Мәскеуде ғылыми конференцияда отырғанда, оның жұмысы тоқталып, Алматыда қазақ жастары алаңға шыққаны айтылады. Сонда бүкіл өзге ұлт өкілдері «Қазақ жасасын!» деп айқайлайды. Міне, көрдіңіздер ме?!
Сол Желтоқсан көтерілісін бүгінге дейін Желтоқсан оқиғасы дейміз. Мен бұл көтерілісті көп зерттедім. Бакуде де болдым. Әзербайжанның тұңғыш Президенті 1990 жылы көтеріліске шыққан жастарға «Тәуелсіздік күрескерлері» деген атақ беріп, барлық жағдайды жасағанн. Бүгінге дейін олар сол мемлекеттің құрметті азаматтары.
Тұздыбастау ауылындағы Калининнің мүсінін құлатып, орнына алашордашыларға ескерткіш қойдық. Оны біз Алашорда билігінің құрылған күні – 12 желтоқсан мейрамға айналсын, біздің жастарымыз сол жерге барып, гүл шоқтарын қойсын, тағзым етсін, арыстарды еске алсын, олардың ел үшін еткен еңбектері айтылсын, есімдері ешқашан ұмытылмасын деп аштық, – деді Бейсенғазы Сәдуұлы.
Шарада сөз алған басқа ғалымдар мен қонақтар да алашордашылар қызметі мен Желтоқсан көтерілісінің ел тарихында алатын орны мен тарихи маңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Олардың ортақ пікірі бойынша Алаш мұрасы – өскелең ұрпаққа ұлы аманат!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




