Жас ұрпақтың бойында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастырып, ұлттық рухты сіңіруде кітаптың атқарар рөлі зор. Кітап арқылы оқушылар ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін терең танып, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеуге үйренеді. Осыған орай Тасашы орта мектебінің кітапханасында «Кітапхана – білімпаздар мекені» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.
–Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар кітапханамызда жеткілікті. Оқушыдан қандай шығарма ұнайтынын, қай тақырып қызықтыратынын сұрау арқылы оларға қажетті әдебиетін ұсынамыз, – дейді жиырма жылдан аса өтілі бар кітапханашы Бақытгүл Қабылова.
Шара барысында кітапханаға саяхат жасаған балалар білімнің жаңа әлемін ашып қана қоймай, ой-өрісін кеңейтіп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады.
Иә, қазіргі таңда жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі – мектеп кітапханасы. Оқуға құлшынатын жас ұрпақ осы жерден табылады. Бүгінгі техника мен технология қарыштап дамып жатқан заманда да кітап адамның рухани азығы болып қала бермек.
Әр бала кітап оқыса, қуанамыз. Кітап – дүниенің байлығы. Кітап арқылы барлық жетістікке жетуге болады. Бүгінгі оқушыларымыз ертең үлкен өмірге жолдама алғанда да, әр түлек өзінің жүрегі қалаған мамандығы бойынша еңбек етуі үшін де кітаптың тигізетін пайдасы зор.
Жас ұрпақ осынау асыл қазынадан нәр алып, сусындай берсін дегіміз келеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




