☀️
8°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Әйел жанына үңілген қаламгер

    23.12.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мерейтой
    Әйел жанына үңілген қаламгер
    0
    SHARES
    19
    VIEWS

        Жамбыл ауданында белгілі қаламгер, ҚР Ақпарат саласының үздігі, халықаралық Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Гүлзейнеп Сәдірқызының 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Ұзынағаштағы Мәдениет үйінде «Әйел жаны» атты әдеби-сазды шығармашылық кешке арысы Астана, берісі Алматыдан мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен әріптестері келді

    Алдымен көрермен назарына Гүлзейнеп Сәдірқызының туындылары негізінде әзірленген қойылым ұсынылды. Оны аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Сүйінбай» халық театрының әртістері сахналады. Жазушының «Нәлет», «Айбибі», «Әйел жаны», «Қатал үкім» әңгіме, повестерінен үзінділер көрерменге театрда отырғандай әсер қалдырды. Мұны қойылымнан соң салтанатты жиынның алғашқы сөзін алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы басшысы Дархан Қыдырәлі атап өтті. Ол алдымен еліміздің мемлекеттік ақпараттық саясатын жүргізуге және отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Гүлзейнеп Сәдірқызына Сенат төрағасының Құрмет грамотасын тапсырды. Сонымен қатар Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың мерейтой иесіне деген сәлемін жеткізді.
    Сенатор сахналық қойылымның көрерменге берер әсерін жоғары бағалап, автордың әйел жанын ашып көрсетудегі көркемдік ерекшелігі мен шығарманы аудан өнерпаздарының шебер сахналай білгенін айтты. Жалпы қазақ әйелінің сипаттамасы кең екенін санамалап шықты. Қазақ әйелі әсемдік, сұлулық, адалдық, төзімділік, мейірбандық сияқты көптеген қасиетке ие. Осыны Гүлзейнеп Сәдірқызы өз шығармаларында ашып көрсеткен. «Өзім қызметтес болған және одан бұрынғы жылдарды да саралай отырып, Гүлзейнеп әпкеміздің екі қасиетін ерекше айтқым келеді. Біріншісі – өзі де, сөзі де көркем, жаны да, жазуы да сұлу журналист, жазушы», – деген Дархан Қуандықұлы мерейтой иесінің қаламгерлік қырына тоқталды. Стенографист болып жұмысқа қабылданған «Егемен Қазақстан» газеті редакциясынан өзінің жазу стилін қалыптастырып, елге белгілі журналист, қаламы төселген жазушы болып шыққанын тілге тиек етті.
    «Гүлзейнеп Сәдірқызы нені болса да сұлу жазады. Тіпті, күрмеуі қиын тақырыптардың өзін де. Кез келген мәселені газет бетінде қыздың жиған жүгіндей етіп көрсете біледі. Екіншіден – оның адалдығы. Отбасына, әулетке, ауылына, балаларына және 45 жылға жуық жұмыс істеген «Егемен Қазақстан» газетіне адалдығы. Бұл газетті қазақтың қаншама қабырғалы қаламгерлері басқарды, солардың тәлімін көрді», – деген Дархан Қыдырәлі мерейтой иесінің адалдығына өзі тікелей куә болған бір оқиғадан естелік айтты. Ол – өзіне ұстаз, аға санаған Шерағаңмен байланысын өмірінің соңына дейін үзбей, құрметтеп, қызмет көрсеткені жайлы. Сонымен қатар тағы бір ерекшелігі – қарапайымдылығын да тілге тиек етті. Айтуынша, қазақ баспасөзінің қара шаңырағында ұзақ жыл еңбек етсе де бір төсбелгі алмапты. Газетті басқарған Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алыптардың сүйікті шәкірті, Уәлихан Қалижанның қарындасы, Сауытбек Абдрахмановтың бірге оқыған курстасы өзін өте сыпайы ұстаған. Атақ-абырой оны соңғы кездері өзі іздеп келген. «Үлкен істі үндемей атқарып жүрген Гүлзейнеп әпкеміз кең жүректі, жұмысын бұлдамайтын қазақтың қайраткер қызы. Бірақ солай істедім деп мақтанғанын естімедік. Шерағаңа ақтық сапарға дейін адал қызмет атқарғанын білеміз. «Егеменнің» әрбір ардагерін құрметтейміз. Сіздің орныңыз ерекше. Жазарыңыз көп болып, оқырманды жақсы шығармаларыңызбен қуанта беріңіз!», – деді Д.Қыдырәлі.
    Сахна төрінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хатын «Егемен Қазақстан» ЖШС бас директорының орынбасары, Алматы филиалының басшысы Бағашар Тұрсынбайұлы оқып берді.
    Онда: «Құрметті Гүлзейнеп Сәдірқызы! Өзіңізді ұлттық журналис­тикада өз қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ баспасөзінің мазмұнын байытқан қаламгер ретінде құрметтейміз. Көп жыл ғасырлық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газетінде әлеумет, руханият, мәдениет салаларындағы өзекті мәселелерге қалам тербеп, отандық ақпарат кеңістігінің дамуына елеулі үлес қостыңыз. Қаламыңыздан туған прозалық шығармаларыңыз оқырман олжасына айналып, әдебиетсүйер қауымның шынайы құрметі мен ықыласына бөленіп келесіз. Алдағы уақытта да халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін, танымы мен тағылымын терең зерделеп, руханиятымыздың дамуына қызмет ете беретініңізге сенеміз. Мерейлі жасыңызбен құттық­тай отырып, сізге зор денсаулық, шығармашылығыңызға толайым табыс, әулетіңізге амандық пен баянды бақ тілеймін!» – делінген. Сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мерейтой иесіне арнаған құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев көпшілік алдында жеткізді. Онда 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шығармашылық кешімен шын жүректен құттықтап: «Жауапкершілігі мол журналистика саласында жүріп, ұлтқа риясыз қызмет ету әркімнің қолынан келе бермейді. Қаламыңыздан шыққан журналистік еңбектеріңіз халқымыздың рухани әлемін байытуға септігін тиізіп, туған жерге деген шексіз махаббатыңызды көрсетті. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» есіміңізді әйгіледі, талабыңызды ұштады. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайын арттыратын тың мақалалардың авторы атанып, ел жүрегінен орын алдыңыз. Табиғи дарыныңызбен талайды тәнті етіп, халқыңызға адал қызмет еттіңіз. Өңірдегі мемлекеттік саясатты іске асыру жолындағы еңбектеріңіз де бір төбе. Бірнеше кітаптың авторы атандыңыз. Қарапайым қасиетіңіз, жан-жағыңызға деген шексіз мейіріміңіз, аналық парасатыңыз адамдық болмы­сыңыздың айнасы деп білемін!» – деген облыс басшысының ізгі тілегін жеткізген Ғани Айдарұлы, өзінің де шынайы лебізін білдірді. Ғани Айдарұлы мен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы сахна төрінде Гүлзейнеп Сәдірқызына қазақы дәстүрмен сый-құрмет көрсетті.
    Шығармашылық кешке «Егемен Қазақстан» газетінің Жұмагүл Солты, Сүлеймен Мәмет, Күмісжан Байжан, Қорғанбек Аманжол, Талғат Сүйінбай сияқты ардагерлері мен қазіргі бір топ қызметкері де қатысты. Олардың атынан сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп алдымен «Қазақ газеттері» АҚ бас­шылығының арнайы құттықтау­ын тапсырды. Онда Гүлзейнеп Сәдірқызының «Перзентхана пердесі талай сырды бүркеп тұр» атты сериялық мақалалардан басталған тың журналистік бағыты қоғамда зор серпіліс туғызған «Айдалада ақ отау», «Аты ғана ардақты ма?» сияқты тағы басқа көлемді проблемалық мақалаларға жалғасқаны атап өтілді. Бас редактор сол кездегі Ленинград қаласындағы Жамбыл көшесінің атауын өзгертуге байланысты және сондағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептегі батыр музейінің мүшкіл халі туралы «Ту ету мен тұл ету» атты мақаласы елімізде ғана емес, Ресейде қоғамдық пікірге арқау болғанын, соның арқасында түйткілді мәселенің оң шешімін тапқанын айтты. Осындай талантты перзенттерін ардақтап отырған ақындар мен батырлар елінің жұртшылығына Ғабит Мүсіреп өз ризашылығын білдірді.
    Гүлзейнеп Сәдірқызының проза жанрындағы шығарма­шылығы, жазушылық ерекшелігі де кеңінен сөз болды. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қансейіт Әбдезұлы, көрнекті сыншы, жазушы Әмірхан Меңдеке оралымды ой-пікірлерін ортаға салды. Мерейтой иесіне Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданғаны туралы куәлік пен төсбелгісі тапсырылды. Көпшілік алдында Гүлзейнеп Сәдірқызына, сондай-ақ Алматы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС директоры, белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы мен Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының басшысы, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар ізгі тілектерін жеткізді.
    Белгілі ақын, әйгілі «Көк Тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы Гүлзейнеп Сәдірқызының бір мақаласы кезінде қандастар туралы заң қабылдауға қалай әсер еткенін әңгімелеп берді.
    – Бұл мақала «Егемен Қазақстан» газетінің айқара бетінде «Көш-керуен кері айналмасын» тақырыбымен 1997 жылдың 17 қаңтардағы санында жарияланды. Үкіметтің көші-қон саясатын қатаң сынаған мақаланы біз, шетелден алғашқы лекпен келген зиялы азаматтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жиналып оқыдық, ол бізге үлкен күш берді. Парламентке түскен заңды алдыртып, қарап шықтық. Соңғы ескертпесінде «Жұмыс тобы болған жоқ және балама заң түскен жоқ» деп жазылған екен. Соны көріп, балама заң жазуға болады екен деген ой туды. Оны қайта дайындап, «Көші-қон орталығы» ұйымын құрдық. Осылайша, Гүлзейнеп Сәдірқызының мақаласынан кейін Көші-қон туралы Заң тұңғыш рет қазақ тілінде және балама заң жобасы ретінде жазылды. Мемлекеттік газетте осыншама үлкен сыни мақаланың басылуы резонанс тудырды. Басқа басылымдарда да ұлт зиялыларының шетелдегі қандастар көшін жандандыруға арнаған мақала­лар легі ағытылды. Бүгін миллионда­ған қазақ өз еліне оралып, ұлттық құрамымыз нығайып жатса, оған мүмкіндік берген заң, саясат, іске асыру тетігінің бастауында Гүлзейнеп тұр, – деген Алмас Ахметбекұлы алыстан оралған ағайындардың атынан журналиске ат мінгізетінін айтты.
    Сахна төрінде Гүлзейнеп Сәдірқызының журналистігі мен жазушылығын әйгілейтін екі кітабы – «Әйел жаны» атты прозалық жинағы мен «Қанекей, қалам, сөйлеші» кітаптарының тұсауы кесілді. Кітап облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрді.
    Қаламгер өзінің туған жері туралы да көптеген дүние жазған. Бүгінде туып-өскен ауылы көркейіп келеді. Осы орайда Ақтерек ауылының тұрғындары атынан «Ақтерек» шаруа қожалығының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Темірлан Шайнүсіпов құттықтау лебізін білдірді.
    Шығармашылық кешті Жетісу облыстық радиосының басшысы, жазушы Есболат Айдабосын жүргізді. Арасында әнмен әрленіп, Бағдат Сәмединова, Ұлжан Айнақұлова сияқты басқа да сахна майталмандарының өнері тамашаланды. Шара соңында мерейтой иесі Гүлзейнеп Сәдірқызы толқынысты лебізін білдіріп, келген қонақтарға, тағылымды кешті ұйым­дастыруға қолдау көрсеткендерге жүрекжарды ризашылығын білдірді. Шара барысында «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Алатау арайы», «Атамекен» газеттерінің Гүлзейнеп Сәдірқызы туралы мақалалар шыққан сандары таратылды.
    Гүлзейнеп Сәдірқызы – шығарма­шылық жолында өзіндік қолтаңбасы қалып­тасқан, өмірдің әр саласында қалам тербеген қарымды журналист. Басылым беттеріндегі, әсіресе әйел, мораль, медицина тақырыптары мен эссе, публицистикалық мақала, әңгіме­лері  оқырман ілтипатына ие. «Махаббатым жүрегімде», «Тау тұлға», «Әкесі өлген қандай-ды…», «Аққу ғұмырлы тағдыр», «Айбибі»   кітапта­рының авторы. Әйел болмысы мен адам жанының иірімін тереңнен толғап, сөз өнерімен көркем кестелеген жазушы.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Тазалық – әр азаматтың міндеті
    18.04.2026
    Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындар мен кәсіпорындар жұмылдырылды
    18.04.2026
    Маңызды мәдени нысанның маңы тазартылды 
    18.04.2026
    Алатау қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті
    18.04.2026
    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>