ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Асылбек Нұралин, Дәулет Мұқаев және Екатерина Смолякова жұмыс сапарымен Іле ауданына келіп, өңірдегі білім беру мекемелерінің қызметіне баса мән берді.
Іссапар аясында халық қалаулылары Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №13 М.Мақатаев атындағы орта мектепте болып, білім ошағының материалдық-техникалық базасымен, педагогикалық ұжымның жұмысымен танысты. Олар Мұқағали Мақатаев атындағы мұражайға, сынып бөлмелері мен зертханаларға бас сұқты.
Кездесу барысында білім беру саласын дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, білім беру сапасын жақсарту, педагогтердің еңбек жағдайын жетілдіру және оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
№13 орта мектеп директоры Аяулым Керімқұлова білім беру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Халық қалаулылары цифрландыру және ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жайын сұрап-білді.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова инклюзивті білім беру жайына қызығушылық танытты.
– Біз, депутаттар, жаңаша өркен жайған облыстың тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстаймыз. Мектептердің инфрақұрылымдық жай-күйіне айрықша мән береміз. Іле ауданында төрт мектепте әлі де үшауысымдық оқыту сақталып келеді. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екі ауысымды оқыту болуы тиіс. Бұл өңірде балалар саны күн санап артып келе жатқандықтан инклюзивті білім беру мәселелері де толғандырады. Мұндай оқыту қолжетімді ме, бағдарламалардың мазмұны жаңартылды ма, тәрбиешілер, дефектологтар, логопедтер, арнайы балалармен жұмыс істейтін психологтар біліктілікті арттыру курстарынан өтті ме? – деді ол.
Бұл сауалға облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов:
– Облыста үшауысымды оқыту проблемасын шешу үшін 9 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде 5-еуі осы Іле ауданында. Құжаттар дайын болысымен құрылыс жұмысына кірісеміз. Инклюзивті білім беру мәселесіне де мән берілуде, – деп жауап берді.
Алма ЕСЕНБАЙ
Іле ауданы
