Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) Атқарушы директоры Пак Чонхомен кезесті. Кездесу барысында тұрақты орман пайдалану, орманды қалпына келтіру және технологиялар трансферті салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі, сондай-ақ екіжақты ортақ жобалар мен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Алдымен аймақ басшысы Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымының жетекшісіне облыс аумағын жасыл желекпен жайқалтуға күш салынып жатқанын баяндады. Марат Елеусізұлының айтуынша, өңірде 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 23 800 гектар аумаққа 52,6 миллион ағаш отырғызу көзделген. 2021–2024 жылдар аралығында 552,2 гектар жерге 2 миллион 740 мың дана көшет отырғызылған. Сондай-ақ облыс басшысы табиғатқа ұлттық құндылық ретінде ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жобасы туралы да айтып өтті. «Біз Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің озық тәжірибесін зерттеуге және сапалы отырғызу материалын өсіру, орман шаруашылығын цифрландыру, орман өрттеріне мониторинг жасаудың заманауи жүйелерін қолдану, мамандардың біліктілігін арттыру және бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру сияқты бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделіміз. Бүгінгі диалог ортақ жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп сенемін» – деді Марат Елеусізұлы. Азиялық орман ынтымақтастығы ұйымының Атқарушы директоры Пак Чонхомен өз кезегінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея биологиялық алуан түрлілікті сақтау және орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру бойынша бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті.
Оның сөзінше ұйым Қазақстанға орман өртінен зардап шеккен аумақтарға ағаш көшеттерін өсіруге арналған технология мен қаржыландыру ұсынған. Сонымен бірге қазақстандық мамандардың біліктіліктілігін арттыру бойынша іс-тәжірибе алмасуға арналған семинарлар да ұйымдастырылып келеді. «Біз «Шин-Лайн» компаниясымен бірлесіп, облыс әкімімен Алматы-Өскемен тасжолы бойына ағаш егіп, «Жасыл белдеу» жасау жобасын талқыладық. Бұл жоба жүзеге асса, егілген ағаштар ылғалды сақтауға көмектеседі, қолайлы микроклимат қалыптастырып, ауаның сапасын жақсартады. Дәл осы жасыл желектер жол бойындағы елдімекендері өмір сүруге ыңғайлы әрі жайлы етеді» – дейді Пак Чонхо.
Өз кезегінде AFoCO басшысы Алматы облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, бірлескен бастамаларды қолдауға және практикалық тәжірибені бөлісуге, оның ішінде кадрлық әлеуетті арттыру бағдарламаларына қатысты ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Айта кеткен жөн, Қазақстан 2019 жылғы 4 қазаннан бастап AFoCO ұйымының мүшесі болып табылады. Қазақстанда AFoCO қолдауымен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында есепке алынбаған ормандарды түгендеу және орман деректерін цифрлық басқаруды енгізу, орман питомнигі кешенін құру, сондай-ақ Абай облысында өрттен зардап шеккен аумақтарда ормандарды қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар орман өрттерінің алдын алу және сөндіру бойынша құзыреттерді арттыруға басымдық берілуде.
Ерзат АСЫЛ
