Қонаев қалалық кітапханасында ақын-жазушылар мен қылқалам шеберлеріне облыс әкімінің «Ақтаңгер» стипендиясы табысталды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев сөз сөйледі.
– Ақын-жазушылар мен суретшілердің еңбегін бағалау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде табысталатын облыс әкімінің «Ақтаңгер» стипендиясы – өңірдің әдеби-мәдени саласындағы айрықша шара. Әдебиет – ұлттың жадын сақтайтын, рухын асқақтататын, болмысын айқындайтын ұлы күш. Ақындар мен жазушылар – сол рухтың сақшысы. Осынау өнер иелерін халық жүрегіндегі сөзді сөйлейтін, елдің өткенін бүгінмен, бүгінін болашақпен жалғайтын рухани көпір десек, қылқалам шеберлерінің шығармаларынан табиғат пен адамзаттың біте-қайнасқан болмысы, қоғамның тынысы, заманның үні, ұлттық құндылықтар көрініс табады. Облыстың ақын-жазушылары мен қылқалам иелері ел руханиятына ғана емес, аймақтың мәдени дамуына да өлшеусіз үлес қосып келеді. Өлкенің тарихы мен табиғаты сіздердің шығармаларыңызда көркем тілмен бедерленіп, қылқаламмен өрнектеліп, жас ұрпақтың санасына сіңіп жатыр. Бұл – мәдени мұраның жалғасы, рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. «Ақтаңгер» стипендиясы – шығармашылық ізденістегі қаламгерлердің еңбегіне деген құрметтің белгісі. Бұл қолдау сіздерді жаңа шығармашылыққа, тың ой мен көркемдікке жетелейді. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да талантты тұлғаларға қолдау көрсете береді. Өйткені, руханияты мықты елдің болашағы жарқын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Еркін Ібітановтың таңдамалы өлеңдер жинағы, Тұманбай Молдағалиевтің «Жырдың жарық жұлдызы», Жұмабай Шаштайұлының «Өзгермеген адам» кітаптарының тұсаукесер рәсімінен кейін Ғани Айдарұлы өңірдің ақын-жазушылары мен қылқалам шеберлеріне облыс әкімінің «Ақтаңгер» стипендиясын табыстады.
Аталған стипендияға ақын, жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Шаяхмет Құсайынов, айтыскер ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Биғайша Медеуова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Шынәділ Мұқанов, «Мұқағали» журналының редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақын-драматург Бақыт Беделхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ережеп Мақсат, Мәдениет саласының үздігі Айбек Ережеп, Қазақстандағы орыс тілді әдебиеттің көрнекті өкілі Николай Зайцев, ақындар – Сәлім Жусанбаев, Ізтілеу Тойшыбайұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы, Даубай Мамытұлы, Жазира Ахметова, Қуаныш Жазай, ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Марат Әбдіреев, суретші, мүсінші, дизайнер Жүнісхан Ермұхан, ҚР Суретшілер одағының мүшелері Дәулетбақ Малыбаев, Тілек Абдрахманұлы, Жақып Берікқан, Марат Төтеев, Айсұлу Үсентаева ие болды.
Марапат иелері атынан Биғайша Медеуова мен Марат Әбдіреев сөз алып, ақын-жазушылар мен қылқалам шеберлеріне айрықша құрмет көрсетіп жатқан облыс әкіміне алғыстарын айтты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




