[um_weather city="Қонаев"]
Дүйсенбі, Қаңтар 12, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Алжернонға арналған гүл

    10.01.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Алжернонға арналған гүл
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Адамды адам ететін не? «Мен ойлаймын, демек мен бармын», – дейді Декарт. «Сезім – тұрақсыз, ғылыми таным ғана өмір негізі», – дейді Кант. Бұл сауал Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүл» атты ғылыми-фантастикалық романының негізгі арқауына айналған.

    1957 жылы жазушы ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Бірде оқушысы: «Тырысып оқып, ақылдырақ болсам, мені кәдімгі мектепке ауыстыра ма?» – деп сұрайды. Дәл осы жағдай шығарманың тууына себеп болады. Алғаш рет 1959 жылы новелла ретінде жарық көреді. Бір жылдан кейін осы үшін «Хьюго» сыйлығына ие болады. Дэниел шағын туындыны толыққанды романға айналдыруды көздейді. Роман жеті жыл өткен соң жарияланып, авторға «Небьюла» сыйлығын әкеледі. 1968 жылы Киздің шығармасы негізінде режиссер Ральф Нельсон түсірген «Чарли» фильмі экранға шығады. Бұл картина бірнеше беделді марапатқа, соның ішінде сценарийі үшін «Оскар» мен «Алтын глобус» жүлделеріне лайық деп танылды.
    Шығарманың басты кейіпкері – 32 жастағы Чарли Гордан ақыл-есі кем болып дүниеге келеді. Жалғыз арманы – өзгелер сияқты ақылды болу. Наубайханада қара жұмыс істейтін ол кешкі мектепке барып, оқып-жазуды да меңгеріп алады. Ал ондағы мұғалімі Алиса Кинниан профессор Нимур мен дәрігер Штраустың адамның IQ-ын (интеллект коэффициенті) жоғары­лататын тәжірибесіне Чарлиді лайық көріп, оған ота жасалады. Осы сәттен бастап оның өмірі түбегейлі өзгере бастайды. Бірнеше айдың ішінде ойлау деңгейі әлемнің ең үздік профессорларынан да асып түсіп, мына әлемнің пердесі түріліп, шындықпен бетпе-бет келеді. Ал Чарли бұған дайын емес еді.
    Отадан кейін оған өз ойы мен сезімін жазып отыруды міндеттейді. Шығарманың басындағы орфографиялық, пунк­туация­лық қателерден бұл Чарлидің күнделігі екені бірден білінеді. Туындының өне бойы кейіпкердің күн сайынғы жазбаларынан құралған. Бірте-бірте күнделік қателерден арылып, романның ортасына қарай күрделі ойлармен өріліп, мазмұны тереңдей түседі. Чарли әу бастан өзгелерге қарағанда ақыл-есінің кем екенін сезетін. Егер ақылды болса, бүкіл әлем оны алақанында аялайтындай көретін. Мұндай құштарлықтың артында не жасырынған деген ой туады. Шығарма желісі бұл сұрақтың жауабын бірте-бірте аша түседі. Басында бұл жалғыздық сезімінен құтылуға деген талпыныс сияқты көрінеді. Ал оқиғаның орта тұсында өз ғашығына деген махаббаттан туған, онымен тең дәрежедегі адам болуға ұмтылыс па деп те ойлап қаласың. Бұл жайлар да әсер еткені айқын. Бірақ мұның түп тамыры бала күнінде барлығы сияқты болмағаны үшін көрген азап, тоқпақ пен шеттетуден туған ішкі қарсылық екенін байқаймыз.
    Әуелде бұл тәжірибеге Алжернон есімді тышқан алынады. Алжернон қолдан жасалған лабиринтте, Чарли өмір лабиринтінде жүріп шыңдалады. Отадан кейін екеуінің де IQ-ы өте үлкен жылдамдықпен артады. Чарли жиырмадан астам тіл, ғылымның сан түрін терең меңгеріп алады. Бірақ ол тағы да өзгелерге ұқсамайтын адамға айналады. Ақыл-есі кем емес, керісінше олардан артық. Өміріндегі өткен оқиғаларға ересек адамның көзімен қарай бастады. Шын мәнінде, өзінің дос деп жүрген адамдары мұны мазақ қылып жүргенін, айналасында әділетсіздік пен азғындық жайлағанын көріп, бұрын шеккен жалғыздық азабына қайта шырмалады. Бала күнінде «ерекше» болғаны үшін қоғамнан шеттетілгені, бұл қиянатты ең бірінші өзінің анасынан көргенін есіне түсіреді. Тіпті өзінен кейін ақыл-есі сау қарындасы дүниеге келгенде мұны талақ етіп, өлдіге, ондай адам бұл дүниеде болмағанға санап, өміріндегі «кедергіден» құтылады. Оны ағасының досы Доннер қамқорлығына алып, наубайханасынан жұмыс береді.
    Тәжірибе жасаушы ғалымдар Гордонның IQ-ын өсіргенімен, бір нәрсені ескермеген еді. Оның эмоциялық интеллектісі бозбала күйінде қалып қояды. Енді бір дененің ішінде екі түрлі адам өмір сүре бастағандай күй кешеді. Мұнда адамның екіге жарылуы мотивінің толық болмаса да, аздап элементтері байқалады. Ақылы мен эмоциясы үйлеспеген Чарли әбден әбігерге түседі. Бұл жағдай ғашығы Алисамен қарым-қатынасына әсер етеді. Сана-сезіміндегі өзгерістерге үйрене алмай, ол агрессияға айнала бастайды. Түйін боп шырмалған өмір шындығының жібі тарқатылған сайын бойын ыза билейді. Бұл айналасындағылармен ара қатынасына сызат түсіреді. Әлемнің бүкіл ғылымын меңгеріп алған кейіпкер «Мен кіммін?», «Мені адам етіп тұрған нәрсе не?» деген өзінің ішкі әлеміндегі сұрақтарына жауап таппай дал болады.
    Шығармада ғылыми ортадағы атақ, абырой, мақтан үшін сабылған жоғары интеллектілі ғалымдардың бейнесі Чарлидің көзімен ашық сыналады. Ғұмыр бойы осындай болсам деп армандаған жандардың адами қасиеттен жұрдай әрекетін көргенде, тұнығы лайланып, асылы құнсызданғандай болады. Басты кейіпкердің тағдырының бұлайша өзгеруіне әсер еткен бірден-бір жан профессор Нимур болса, ол Гордонның осыған дейінгі өмірін жоққа шығарып, жеке индивид ретінде емес, өзі қолдан жасап шығарған жай ғана объект, зат ретінде қарайды. Ал Чарли профессордың басты қателігі адамды тек интеллект иесі ретінде ғана қарауы екенін, адамның эмоциялық, рухани қыры ескерусіз қалғанын айтады. Конференцияда Алжернонды босатып, өзі де қашып кетуі зерттеушілердің сол түсінігіне қарсылықтан туған әрекет еді. Шығарманың негізгі түйінін Чарлидің мына сөздерінен аңғарамыз: «Ақыл-ой – адам баласына берілген ең ғажап қасиет! Бірақ ілім-білімнің соңына түскен адам көбіне-көп махаббаттан құралақан қалады. Бұған таяуда ғана көзім жетті. Енді менің болжамым қандай дейсіз ғой: ақыл-ойы кемел, бірақ біреуді сүйе алмайтын адам түптің түбінде интеллектуалдық һәм моральдық дағдарысқа ұшырайды. Оның соңы ауыр психологиялық дертке ұласуы да ғажап емес. Өз-өзімен оқшау қалған ми айналасына ауыртпалық пен озбырлықтан өзге ештеңе сыйлай алмайды».
    Романның көңіл аударарлық тағы бір маңызды тұсы – Чарлидің «ерекше жаратылған» жандарға арналған Уоррен мектебіне баруы. Ондағы бар өмірін тағдыр тәлкегіне түскен жандардың күтіміне арнап, ғұмырының бар мағынасын осы істен тапқан ақ жүрек жандардың әрекеті қайран қалдырады. «Әдетте балалар ерте есейіп, ес жиып, өмір көшіне тез араласып кетеді ғой. Олар өзін жақсы көрген, мәпелеп өсірген адамдарды тез ұмытады. Ал мына адамдардың жөні бөлек. Бұларға қажыр-қайратың мен бар өміріңді тұтас сарп етуің керек. Ауыр жұмыс, айтары жоқ. Соған татиды бірақ», – дейді Тельма есімді кейіпкер. Мүмкін ол бүкіл әлемнің білімін оқып тауысқан оқымысты емес шығар. Бірақ ол – адамды бар болмысымен қабылдап, жақсы көре білген, жарымжан жүректердің жамауын келістіріп тіккен, соған сезім-түйсігі жеткен жүрегі кең жан.
    Дәл осындай мейірімді Чарли бала күнінде отбасынан, әсіресе анасынан сезіне алмай, қоғам белгілеп қойған шарттарға сыймағаны үшін теперіш көрмейтін бе еді? Интеллектісі өсіп, «кәдімгі адам» қалпына келгенде оны анасына айтып, қамқорлық пен махаббатқа шөлдеген көңілін жұбатқысы келеді. Бірақ кездесу ол ойлағандай болмайды. Анасын көрген сәтте Чарлидің көмейінен сан жылдар бойы қыстығып тығылған жан дауысы шығады: «Мен ақылды болдым қазір. Керек десең, Норма мен Мәттен де, тіпті Герман көкемнен де ақылдымын! Мен университеттің профессорлары білмейтінді де білемін! Бірдеңе деші енді! Сен мені мақтан тұтып, бүкіл көрші-қолаңға айтсаң да болады ол туралы! Қонақтар келгенде мені жертөлеге жасырудың да керегі жоқ бұдан былай! Сөйлесші менімен, неге үндемейсің!». Ал анасының оны түсінуге шамасы жоқ еді. Ақылы алжып, есі бірде бар, бірде жоқ кейіпте мына ғаламнан тыс, тек өз санасында ғана бейнеленген түсініксіз уақыт пен кеңістік әлеміне жұтылып кеткен жарымжан күйге түскен еді. Тағдыр бумерангы айналып келіп өзін жаралады.
    Шығарма соңында Чарли өзіне жасалған тәжірибенің басты кілтипанын табады. Нәтижесінде IQ қаншалықты тез дамыса, соншалықты тез күйреуге ұшырайды. Алжернон мен Чарли Гордонның өмірі нағыз трагедиямен аяқталады. Шығарма ғылыми-фантас­тикалық жанрда жазылғанымен, бұл тек ота арқылы адам IQ-ының тез өсуіне ғана қатысты. Ал қалған бөлігінің бәрі нағыз реалистік сарында, адам жанының қалтарысына терең дендеген психологиялық бағыттағы туынды. Мұны оқыған әр адам жүрек түкпірінде жасырынған көңіл дертінің мәнін түсінеді.
    Автор ең алғаш шығармасын баспаларға ұсынғанда соңын бақытты да баянды етіп аяқтауды талап етеді. Дэниел Киз бұл шартқа келіспейді. Шығарманың трагедиямен аяқталуы оның мәніне тереңдік береді. Бұл тек оқырманға әсер етудің жолы емес. Өмірдің өз заңдылығы бар және ол әрқашан баянды аяқталмайды. Алжернон мен Чарли – құрбан. Сол құрбандықтың арқасында жаңа ғылыми зерттеулер ашылады. Бірақ олардың шеккен азабының ақысын кім өтейді?
    Осы тұста Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» жасына ақылы сәйкес келгенімен, сыртқы келбеті үйлеспеген Ләйлә қыздың тағдыры көз алдыңа елестейді. Кейіпкер: «Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін. Қарауылдың адамдары мені көрген сайын: «Мұны Алла тағала адамдар тәубасына келсін, қол-аяғының саулығына, он екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан», – дейді. Солай ма, жарық Ай. Мен саған ғана, сенің өзіңе ғана сенемін. Тым болмағанда үмітімді сен ақтарсың. Сонда, бұл жұрт нені айтады? Мен кіммін, осы?» – деп мұң-шерін төкпеуші ме еді. «Өз жасыма лайық қыз болғым келеді. Иә… иә… Менің де әп-әдемі, нәп-нәзік қыз болғым ке…л…е…ді…», – деп аяулы арманын жарық Айға айтып, зар жыламаушы ма еді?
    Болмысы өзгеше жаратылған жандар қашанда қоғамнан оқшауланып, шексіз әлемнен шөкімдей орын таба алмай, ғаламға сыймай өтеді. Кейде көмек оларға емес, жарымжан жанның жай-күйін түсінбей, адами ізгі қасиеттерден айырылған бізге керек шығар? Мүмкін олардың ақыл есі кем емес, біз оларды түсінбейтін меңіреу пенде шығармыз?
    Чарли IQ-ін өсіргенімен, өзінің жылы күлкісінен, бүкіл әлемді жақсы көретін балаң мінезі мен тазалығынан айырылып қалғандай. Ал оның астында өмірге деген құштарлық, махаббат пен мейірім, бақытты сәттер жасырынған еді. Аз ғана уақыт жарқ еткен ақыл кенішіне толы кезеңі оның бүкіл ғұмырының таразысында ауыр тартқанымен, сол ауырлығына сай азабын да аяусыз арқалатты. Екіге бөлінген сананың ақылдысы жадыдан өшіп, жоқ болғанда, баяғы жоғалтқаны қайтып келгендей күй кешеді. Өзіне қиянат жасаған барша жанды кешіреді. Ал ол үшін Чарлиге асқан ақыл емес жылы жүрек қана жеткілікті болды. Адам бойындағы жақсы көре алу сезімі интеллектуалды ойлай алу қабілетінен биік екенін дәлелдегендей.
    Шығарма соңында басты кейіп­керлер өздері жүріп өткен лабиринттің қайтып шыға алмайтын тұйығына тірелді. Алжернон өлгеннен кейін Чарли оны тәжірибеде қолданылған басқа тышқандар сияқты пешке өртеуіне жол бермей, топыраққа көмеді. Роман Уоррен мектебіне жол тартқан Чарлидің «Алжернонның басына гүл апарып қойыңыздаршы», – деген өтінішімен аяқталады. Бұл қос тағдырдың ескерусіз ғұмырына қойылған ескерткіш, Чарлидің оларды ұмытып кетпеуін тілеген тұспалды ойы, барша адамзатқа айтқан үндеуі еді.

    Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

    Ұсынымдар

    Тұрғындар саны өсуде

    Тұрғындар саны өсуде

    6 months ago
    1500 өнерпаз қатысқан “Домбыра-дастан” фестивалі

    1500 өнерпаз қатысқан “Домбыра-дастан” фестивалі

    2 years ago
    Шахмат шеберлері жиналды

    Шахмат шеберлері жиналды

    5 months ago
    «АЯУЛЫ АНА» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ХАТЫ

    «АЯУЛЫ АНА» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ХАТЫ

    11 months ago
    Өңірдегі экоахуал тұрақты

    Өңірдегі экоахуал тұрақты

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>