Кешеден бері «Алаштың анасы» атанған Сыр бойындағы Қызылорда
қаласында V Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Оның жұмысына Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бірқатар тың мәлімдемелер
жасады.
Президенттің сөзінен қоғамда көптен айтылып жүрген Қазақстан
халқы ассамблеясы тарайтынын, еліміздің болашақта қалыптасатын бір
палаталы парламенті «Құрылтай» аталып, қазіргі Ұлттық құрылтай мен ҚХА
орнына «Халық кеңесі» деп аталатын ұйым құрылатынын білдік. Келешекте
Мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, оның орнына Президент
Жарлығымен тағайындалатын вице-президент қызметі пайда болатынын да
естідік. Болашақ заң шығарушы органда 145 мандат болып, депутаттар
бұрынғысынша 5 жылға, бірақ тек партиялық тізіммен сайланады екен. Жаңа
парламентте төрағаның үш орынбасары, сегіз комитет болатыны айтылды.
Ал жергілікті мәслихаттар бұрынғыдай бір мандатты мажоритарлы жүйемен
сайланатын көрінеді.
Мұның бәрі Ата Заңымызға көптеген өзгерістер енгізуді қажет етеді.
Сол себепті Президенттің сөзімен айтсақ, Жаңа Конституция қабылдаумен
пара-пар жұмыс. Сондықтан, Мемлекет басшысы құрамына Ұлттық
құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдарының басшылары,
аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да
білікті мамандардан 100-ден аса адам кіретін конституциялық комиссия
құрылып, оған Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді деп
мәлімдеді. «Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты
өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум
өтетін уақытты белгілейміз», – деді президент.
Демек, еліміз үлкен саяси өзгерістер алдында тұр деген сөз. Ең
бастысы, конституциялық реформа кезінде бұрынғы қателіктерді қайталамай,
Ата Заңдағы тілге, ділге, жерге, партияларға қатысты және басқа да
азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғайтын баптарға аса мұқият
болуымыз керек. Референдумға дейін бүкіл халық болып оларды жан-жақты
талқылап, ұлттық мүдде тұрғысынан ұтылмайтындай нұсқада қабылдануына
жұмыла қатысуымыз, сөйтіп шын мәнінде биліктің қайнар көзі – халық
екенін нақты дауыс беру арқылы іс жүзінде дәлелдеуіміз керек.
Сұлтан НҰРДӘУЛЕТОВ,
Облыстық мәслихаттың депутаты,
Талғар ауданы





