[um_weather city="Қонаев"]
Жексенбі, Қаңтар 25, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Сөз өнерін серік еткен

    24.01.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Сөз өнерін серік еткен
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

         Адамның жаратылысы қызық қой. Өзі бұрын көрмеген, танымайтын адамды оның атқарған қызметі, еңбегі, ортақ таныстардың пікірлері арқылы сырттай біліп, онымен кездесуге, пікір алмасуға қызығушылығы пайда болатыны бар емес пе? Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де осындай азаматтардың бірі. Жаңылмасам, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы кезінде біздің танысуымызға бір кафедрада қызмет істеген әріптесім, қазақтың ақын, ғалым қызы Ләйлә Құндақбаева себепкер болып еді. Содан бері Ерхан Кәрібозұлымен арамыздағы әріптестік, адами қарым-қатынас үзілген емес.

    Қазақ ғылымы мен рухани өмірінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, өсіп келе жатқан жастарға білім мен тәрбие беруді өзінің өмірлік мұраты еткен, бұл күнде ғылыми ортаға танымал ғалым, әдебиеттанушы, ұлағатты ұстаз Ерхан Кәрібозұлы биыл ердің жасы елуге толып отыр. Елу – елге есеп беретін жас. Кеткеннің емес, жеткеннің жасы. Бұл – кемел ой мен толысқан тәжірибенің, ғылыми ізденіс пен азаматтық ұстанымның үйлесім тапқан мерейлі белесі. Айналаңа көз тастап, осыған дейін не бітірдім, алда не бітіруім керек деп өзіңнен-өзің есеп алып, болашаққа жоспар құрып, кезек күтіп тұрған келелі істеріңе мойын бұратын сәт. Ал біздің кейіпкеріміздің еңселі елуге жемісті еңбегінің, ғылыми ізденістерінің арқасында қомақты қоржынмен, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен жеткенін көруімізге болады.
    Адамның азамат болып қалып­тасуында, өмірдегі өз орнын табуында оның кір жуып, кіндік кескен жерінің де маңызы аз болмаса керек. Осы тұрғыдан келгенде, Ерхан дүние есігін ашқан қасиетті Қызылорда, киелі Қармақшы топырағын айтпай кете алмаймыз. Ерхан Кәрібозұлы 1976 жылы 1 ақпан күні Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында туған. Сол Қармақшы ауданында №105 орта мектепте білім алады. Кейіпкеріміздің мектеп қабырғасында білім алған кезеңіне көз жүгіртсек, ол алғаш әдебиетпен қатар химия, физика сияқты жаратылыстану пәндерімен де жүйелі айналысқанын байқаймыз. Тіпті аудандық, облыстық деңгейлердегі түрлі олимпиадаға аталған пәндер бойынша қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Бірақ кішкене кезінен естіп, жаттап өскен Сыр сүлейлерінің отты жырлары мен қисса-дастандарының әсері әдебиетке деген құштарлығын оятып, қағілез, жыршы бала бір­жола әдебиетке ден қояды. Ауданда «Жиенбай мектебі» деп аталатын мектептегі жыршылар үйірмесіне қатысады. Орындаушылық ерекшелігі мен тез жаттап алатын қасиетімен әрі есте сақтау қабілетінің мықтылығының арқасында ұстаздарының көзіне түсіп, ауызға ілінеді.Таланты мен еңбегінің арқасында атақты жыршы Шәмшат Төлепованың шәкірті атанады. Жастайынан Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Омар Шораяқ, Кете Жүсіп Ешниязбен қатар тағы басқа ақын, жыршы, жыраулардың термелерін сахнада шеберлікпен орындап жүреді. Мектеп қабырғасында құрылған «Жиенбай жырау» оркестрінің белді мүшесі болды. Талантты термеші, жыршы атанған қағілез қара баланың спорттан да құралақан еместігін байқаймыз. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетикадан спорт үйірмесіне қатынасады. Ол жерде де жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Тіпті орта мектепті аяқтаған соң, спорт мектебіндегі бапкерінің ұсынысымен өзі оқыған спорт мектебіне бапкер болып жұмысқа орналасады. Егер Ерханның әдебиетке деген сүйіспеншілігі басым болмаса, Әмен Тұяқов ағасы секілді желаяқ жүйрік атлет болып кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ бойындағы әдебиетке деген құштарлығы оны 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға әкеледі. Оқуға түсіп, студент атанған соң Ерхан Кәрібозұлының қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағындағы өмірі басталады. Университет қабырғасында көрнекті ғалымдар З.Қадолов,Т.Кәкішев, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев секілді ұлағатты ұстаздарының дәрісін тыңдап, білім алады. Ғылымдағы алғашқы ізденістерін бастап, өзі қызығушылық танытып, таңдаған саласы бойынша баяндамалар жасайды. Ғылымдағы алғашқы қадамы осылай басталады.
    Ерхан 1999 жылы Қазақ ұлттық университетін ойдағыдай аяқтайды. Осы университеттің магистратурасында білімін жалғастырады. Ғылым жолын таңдаған жас маман мұнымен тоқтамай, 2001-2003 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аспирантурада оқиды. Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыты етіп өзі жастайынан термелерін жаттап өскен, насихаттаған Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығын белгі­лейді. Соны зерттеп, зерделеумен бел шешіп, түбегейлі айналысады. «Құлдыраңдаған Құлманбеттің құлынымын» деп айтыскер ақын Оразалы айтқандай, «Тұрмағамбеттің тұрымтайдай тұяғы» Ерхан Кәрібозұлы Тұрмағамбет мұрасының іздеушісі, зерттеушісі болуға бел байлайды. Аспи­ран­тураны сәтті аяқтаған соң, 2004-2005 жылдары «Адамар» баспасында әдебиет бөлімінің редакторы қызметін атқарады. 2005 жылы белгілі ғалым, сүйікті ұстазымыз Ж.Дәдебаевтың ғылыми жетекшілігімен «Т.Ізтілеуұлы шығармашылығындағы адамгершілік мәселелер» деген тақырыпта кандидат­тық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Жылдар бойғы оқу мен үздіксіз ізденістің, тынымсыз еңбектің нәтижесі осылай қорытындыланады.
    Ғылыми жұмысы сәтті қорғалып, ізденіс жолындағы бағыт-бағдары айқындалған соң, 2005 жылдың қыркүйегі­нен бастап Ерхан Кәрібоз­ұлының өзі білім алған университетінің қазақ әдебиеті кафедрасындағы оқытушылық қызметі басталады. Ұстаздық қызметінде шәкірт тәрбие­леудің, оларды сөздің киесі саналатын әдебиетке, ғылымға баулудың қыр-сырын өзі кеше білім алып, бүгін әріптес болып, бірге қызмет атқарып жүрген ұстаз аға-апаларының үлгі-өнегесіне сүйене отырып, бойына сіңірді, шәкірттеріне сапалы жеткізе білді. Ол білім берудің құрғақ теориясымен ғана шектеліп қалмай, ұлттық құндылықтармен және рухани тәрбие мәселелерімен ұштастыра отырып жүргізді. Өзі кішкентайынан бойына сіңіріп өскен қазақ қисса-дастандарындағы адамгершілік, имандылық, үлкенге құрмет, адалдық мәселелерін білім алушылардың бойына сүйіспеншілікпен сіңіре білді. Қиссаларда айтылатын биік мораль мен кісіліктің, ізеттіліктің, мейірімділіктің белгісін Ерханның өз бойынан таба алатыныңызға шүбәңіз болмасын. «Қисса-дастандардағы адамгершілік категорияларының тірілей көрінісі ағайдың өзі ғой», – деген шәкірттерінің ақжарма пейілмен айтқан сөздерін талай естіп, іні-дос әріптесіміз үшін марқайдық, кеудемізді қуаныш кернеді. Оның алдынан білім алып, дәрісін тыңдаған шәкірттері еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етуде.
    Ерхан Кәрібозұлы оқытушылықпен қатар біраз әкімшілік қызметтерді де абыроймен атқарды. Атап айтар болсақ, 2008-2010 жылдары факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 2015-2017 жылдары деканның оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, 2017-2019 жылдары кафедра меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.
    Ерхан Кәрібозұлы – қазақ әдебиетін зерттеуде өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалымдардың бірі. Ғалымның еңбектері қазақ фольклорына, ұлттық әдебиеттің өзекті мәселелеріне, оның көркемдік даму заңдылықтары мен әдеби үдерістегі дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын терең талдаумен ерекшеленеді. Ғалымның ғылыми мақалалары мен зерттеу­лері республикалық басылымдарда жарық көріп, ғылыми ортада жоғары бағасын алды. Ерхан Кәрібозұлының негізгі ғылыми бағыты ХХ ғасырдың басындағы әдебиетке арналған. Ол – алпыстан астам ғылыми мақаланың авторы. Зерттеушінің қаламынан туған ғылыми мақалалар мен оқу құралдары әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайды. «Шығыстық қисса-дастандар», «Т.Ізтілеуұлының ақындық шеберлігі», «Мәдениет­аралық коммуникация және аударма мәселелері», «Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығы» сияқты еңбектері мен автор ретінде атсалысқан ғылыми жинақтары өз алдына бір төбе. Мұнымен қатар ғалымның шетелдік журналдарда мақалалары жарық көрген.
    Ерхан Кәрібозұлы – ел ертеңіне бей-жай қарамайтын, ұлтжанды, рухы биік азамат. Оның еңбектегі жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Түрлі марапатқа ие болып, шәкірттері мен әріптестерінің ілтипатына, ыстық ықыласына бөленді. Ерхан өмірде де, ұстаздық қызметі мен ғылымда да ешкімге ұқсамайды. Өз жолы мен сүрлеуі бар, кең пейілді, ақынжанды. Кісілігі мен кішілігіне тәнтіміз. Әрдайым қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, үлкенге құрмет көрсетуді өмірлік ұстанымына айналдырған. Ерхан Кәрібозұлы ошағында оты лауласа, отауында әні шырқалатын, ақ жағасын кірлетпеген, арамдықтың ауласына ат шалдырмаған, адалдықтан аттамаған қалпы Құдай қосқан қосағы Әлия екеуі бес бала тәрбиелеп отырған, өсіп-өнген үлгілі отбасы. Елу жас – тоқмейілсіп, тоқтайтын меже емес. Бұл – алдағы жаңа биіктерге бастар белес. Ғалымның алдағы уақытта да жемісті еңбек ете беретініне шүбәміз жоқ.

    Сәкен ТІЛЕУБАЕВ,
    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
    филология ғылымдарының кандидаты

    Ұсынымдар

    Өткен жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді: Үкіметтің энергетика саласындағы жұмысының қорытындысы

    Өткен жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді: Үкіметтің энергетика саласындағы жұмысының қорытындысы

    1 month ago
    В Астане начался первый чемпионат мира по қазақ күресі среди военнослужащих

    В Астане начался первый чемпионат мира по қазақ күресі среди военнослужащих

    5 months ago
    Облыс әкімінің Райымбек ауданына сапары қалай өтті?

    Облыс әкімінің Райымбек ауданына сапары қалай өтті?

    2 years ago
    АУЫЛДЫҢ ГҮЛДЕНУІ – ЕЛДІҢ ГҮЛДЕНУІ

    АУЫЛДЫҢ ГҮЛДЕНУІ – ЕЛДІҢ ГҮЛДЕНУІ

    10 months ago
    Шекаралық ауданның шешілмеген мәселелері қозғалды

    Шекаралық ауданның шешілмеген мәселелері қозғалды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>