Қай қоғамның да бейбіт те берекелі өмірі әр шаңырақтағы татулық, өзара сыйластық пен түсіністікке тікелей байланысты. Осыған орай, Қоғамдық келісім және әйелдер орталығының Талғар филиалы мен аудандық аналар кеңесі бірлесіп «Қазақстан – зорлық-зомбылықсыз отбасы» атты семинар өткізді. Шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, адам құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге негізделген құндылықтарды ілгерілету, азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерін талқылау.
М.Бейсебаев атындағы Талғар агроколледжінің мәжіліс залында өткен шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, заңгерлер, «Адам құқықтары жөніндегі заңгерлер» қоғамдық қорының адвокаттары, аудандық аналар кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары, семинардың модераторы Айбек Бидаев отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбы құқықтық, әлеуметтік, ұлттық бірліктен бастап, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге дейінгі мәселелердің кең ауқымын қамтитынына ерекше тоқталды.
– Сондықтан біз осы маңызды кездесуге қоғамдағы және отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін талқылау және осы бағыттағы жүйелі жұмыс үшін тиімді шешім қабылдау мақсатында жиналдық, – деді ол.
Бірінші болып облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева сөз алып, өзі басқаратын ұйымның отбасылық зорлық-зомбылықтың мейлінше алдын алу және мүмкіндігінше мұндай келеңсіздіктерді болдырмаудағы рөлін атап өтті.
– Ана – отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің өзегі, ұлттың қозғаушы күші. Аналар кеңесінің басты миссиясы – отбасылық құндылықтарды сақтау, ұлтаралық үйлесімділікке ықпал ету және отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау. Отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, қауіпсіз және үйлесімді орта құру – қоғамның барлық өкілінің көзқарасы мен белсенді қатысуын талап ететін маңызды міндет. Әрбір ана – баланың тәрбиешісі ғана емес, қоғамдық сана мен рухани мәдениетті қалыптастыруға тікелей ықпал ететін адам, – деді Гүлнар Сағатқызы.
Алматы облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы, полиция басқармасы, әлеуметтік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, сондай-ақ психологтармен тығыз ынтымақтастықта түрлі форматтағы кездесулер, семинарлар, тренингтер, ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
Гүлнәр Сағатқызы сондай-ақ аналар кеңесі өз қызметінде ҚР Президентінің әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған нұсқауларына сүйенетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес оның принципті ұстанымы екенін әрдайым айтып келеді. Нақты мысал ретінде 2024 жылдың 16 маусымында «Салтанат» атты құжатқа қол қойылғанын келтіруге болады. Осы заң қабылданғаннан кейін отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының айтарлықтай азайғаны байқалады. Өткен жылдың қаңтар-мамыр айларында полиция қызметкерлері, куәгерлер, әлеуметтік желілерді талдау және басқа да дереккөздер 19 мыңнан астам оқиғаны анықтады. «111» мемлекеттік колл-орталығының QR-кодын бүкіл ел бойынша мектептерде орналастыру зорлық-зомбылық жағдайының алдын алу және анықтау тиімділігін арттырды, балалар арасындағы қорлау және күрделі психоэмоционалдық жағдайлар, отбасыларға, әйелдерге және балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді. Бүгінде 20-дан астам психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ал отбасыларды қолдау орталықтары еліміздің 112 ауданы мен қаласында, соның ішінде Алматы облысының 9 ауданы мен 2 қаласында жұмыс істей бастады. Осы орталықтар арқылы 40 мыңға жуық отбасы және азаматтармен әлеуметтік-психологиялық жұмыстар жүргізілді, – деді баяндамашы.
Сөз соңында ол Алматы облысындағы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі кешенді шешімдерді талап ететінін айтып, семинар қатысушыларын осы құбылыспен бірге күресуге шақырды.
Мазмұны жағынан Талғар аудандық аналар кеңесінің төрағасы Айтжамал Нұрбатырованың баяндамасы осыған ұқсас болды. Аналар кеңесінің отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмаудағы тәжірибесі – Қазақстанда өңірлік және республикалық деңгейде қоғамдық тетік ретінде қалыптасқан нақты тәжірибе екені атап өтілді.
«Адам құқықтары жөніндегі заңгерлер» қоғамдық қоры өкілдерінің баяндамасы әсерлі шықты. Көпбалалы отбасының анасы, қоғам қайраткері, «Адам құқықтары жөніндегі заңгерлер» қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышева – соңғы сегіз жыл бойы өз өмірін отбысындағы зорлық-зомбылықпен күреске арнаған әйел. Осы уақыт ішінде ол зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғап, оларға тегін психологиялық және заңгерлік көмек көрсеткен.
– Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Егер біз елдің қауіпсіз болғанын, ал Отанымыздың гүлденуін қаласақ, ең алдымен отбасын қауіпсіз жерге айналдыруымыз керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін мемлекет үшін аса маңызды қатер ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы отбасы әрбір азамат үшін қауіпсіз орын болуы керегін және қоғамда зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру қажеттігін нақты айтты, – деп атап өтті құқық қорғаушы. Оның пайымынша, әрбір қылмыс жазасыз қалмауға тиіс. Әділдік жолы бірлікте жатыр. Тек бірігіп қана біз зорлық-зомбылықтан азат Қазақстанды құра аламыз.
Семинарда сөз алған адвокат Ғалымжан Жолдасбаев жәбірленушілердің ақпараттық сауаттылығы, «Буллинг», «Кибербуллинг» сияқты ұғымдар туралы егжей-тегжейлі айтып, заңдарды пайдалана отырып, олар өзін агрессордан қалай қорғау керегі, әлеуметтік желілерде құқығы бұзылған жағдайда өзін қалай ұстау керегі жөнінде мысалдар келтірді. Ал Қазақ психологтар қоғамының мүшесі Жеңісгүл Хабаева қатысушыларға жарақаттан кейін өзін қалай қалпына келтіру керегін айтып, зорлық-зомбылықтың психологиялық салдарын мысалға келтірді.
Семинар соңында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дияр Ермеков ҚХА жанындағы барлық қоғамдық құрылымдар мен ұйымдар қоғамдық тұрақтылықты нығайту бойынша өз міндеттерін ары қарай да жалғастыратынын атап өтті.
– Егер отбасы берік болса, онда қоғам да, мемлекет те мықты болады. Зорлық-зомбылықсыз отбасы – қуатты Қазақстанның негізі, – деп жиынды қорытындылады Дияр Рахметұлы.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




