Мақатаев – халықтық тұлға, азаттықты аңсаған ақын! «Автограф» атты өлеңін жақсы білесіздер.
Сырым да осы, жырым да осы – алдыңда,
Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба?! Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда,
– дейді. Қаламгер осы сертінен танған емес. Өлеңдерін ерлік пен өрліктің отына суарды. Әр қазақтың көкірегіне Алаштың рухы болып ұялады. Ар-намыстың жолында Махаңдарша күресті. Оның дәлелі – алдыңыздағы асыл жыр.
Мұқағали өлең жазудың қуанышын місе тұтқан жоқ. Дүниенің арғы-бергісін кең бағдарлады. Кемел биікке көтерілді. Философиялық ой айтудың әлемдік дәрежесін меңгерді. Оқуын тоқуына ұластырды. Өзін-өзі терең біліммен шыңдады. Өкінішке қарай, заманынан асып туған хас таланттар қашанда азап шегеді. Өйткені «өмірде ақындардың бәрі жалғыз».
Мақатаевты халқының тағдыры, Алаштың азаттығы, соған қатысты мәселелер толғандырды. Ақынның асқақ рухы билік сызған шеңберге сыймады.
Мінезін бермей түлкінің,
Жүрегін бердің қасқырдың.
Қапыда кейде қан құсып,
Қасқырмын дедім, қасқырмын.
Кеудеме мына нан пісіп,
Басыммен барып тасты ұрдым, –
деуі жүректің сөзі. Қызыл империяның қыспағына қарамастан «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деп бұлқынуы күрескерлік болмысқа тән адалдығы еді.
Ол талантының арқасында қазақтың жандауысын қағазға түсірді. Қарая бастаған саналарға нұр септі. «Оян, қазақ!» ұранын шеберлікпен жаңғыртты. Аталар арманын тірілтті. Ұлт алдындағы парызын, мойнындағы қарызын ойдағыдай өтеді.
Бұлай дегенде, әсірелеп отырған дәнеңеміз жоқ. Бәрі ақын жырларында сайрап тұр. Мысалы, балалар жаттаған «Үш бақытым» өлеңін қайталап оқыңызшы. Ақын қазаққа керек үш бақытты бөліп қарастырған. Неге олай? Себебі осынау үш қажеттілік түгел болса, ел атанудың заңдылығы толық сақталады.
Ошақтың үш бұты секілді киелі тұғырдың біреуін құлатсақ, аманатқа қиянат жасағанымыз. Жеңіс туын қолдан бергеніміз, қор болғанымыз. Егемендік үшін күрес биік талғамнан, ақ-қараны ажырататын танымнан басталады. Ұлттық мұрат – әр қазақтың келешегі. Ақын өз оқырманын осыған тәрбиеледі. Уәдеден таймауға, қиындықтан қашпауға шақырды. Асыл жырдың астарына үңілсеңіз, асқақ ойлар арқаңызды қоздырады.
Ақын үш құндылықты негіз еткен қарапайым теорияны алдымызға тартты. Бірінші бақытың – халқың, екінші бақытың – тілің, үшінші бақытың – Отан деді! Осылардың біреуін тәрк етсең, бақыт құсы басыңнан ұшады. Егер халқың көбейіп, тілің құрыса, өскеннен, өркендегеннен не пайда?! Бұл – тірі жүріп жоғалғанмен бірдей. Ал тіл мен халық түгенделіп, Отансыздыққа ұрынсаң, құлдықтың қамытын кигенің. Үш күн бірдей күлімдеп нұрын төксе – азат өмір сүргенің! Сонау 70-жылдардың аясында ақиық ақын көкейімізге азаттықтың ұрығын септі. Сондықтан Мұқағали Мақатаевты күрескер емес деуге аузымыз бармайтын шығар?!
Құдайсыздықты уағыздаған коммунистік идеология қазақы тәрбиені ірітті. Зиялы жандар зиянды құбылысты байқамай қалған жоқ. Оның алдыңғы қатарында Мұқағали да бар еді. Заман осылай кете берсе, бабалар дәстүрі эрозияға ұшырайды. Ұлттық иммунитетке қауіп төнеді. «Малымды алсаң ал Құдай, пейілімді алма» деген өсиет мазмұнынан айырылады. Ақынның жүрегінен жас тамшылады, шиыршық атты. Содан кейін қаламды қару етіп атқа мінді, шындықты жырмен баяндауға бел буды.
Ақсақалдар не деген керім еді?!
Не біледі, осы жұрт не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
…Ақиқатты айқындап жариялар.
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар.
Немесе:
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өлімге мен өзіңді телімегем.
…Ақ кимешек астынан сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?!
– деп бүгін мен ертеңге ақындық жолдауын жасады.
Компартия билік құрып тұрғанда бұлай сөйлеу оңай емес. Қызыл саясатқа қарсы келгендер қиындыққа жолығады. Шөміштен қағылады, қызметтен шеттетіледі. Марапат бұйырмайды. Себебі нағыз ақын ұлттық сананы оятып жіберуі мүмкін.
Рас, қариялар сиреді. Алайда шалдардың қатары сиреген жоқ. Шалдардың қариялардан айырмашылығы өзі де, сөзі де ұсақталған еді. Ондай адамдардың ұлтты жаңғыртуға шамасы келмейтін. Кәсіпкерлікті ұмытқан. Ата салтты арзандатқан. «Майданға түспей бәйге алатын». Мұндай дағдымен ауызданған ұрпақтар не болады?! Олар елін қандай ұшпаққа шығарады?! Ақиық ақын осыны ойлағанда шыдап тұра алмады. Ақиқатқа араша түсіп өлең жазды.
Қараулыққа қарсы шапты. Жырдың киесіне жүгінді. Құрғақ ұранды малданбады. Қызыл сөзге алданбады. Әр шумақты көркем оймен көмкерді, қылыштай өткірледі. Атқан жебесін нысанаға дөп тигізді. «Қазақ қайда барады?» деген сұраққа дамылсыз жауап іздеді. Сондықтан «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағали Мақатаевты алаш қайраткерлері қозғалысының 70-жылдардағы жаңа толқынына баласақ қателеспейтін шығармыз.
Сырттай қарағанда Мұқағали бәрін айтқандай көрінеді. Ал ақынға құлақ түрсек, жағдай басқаша. Көңілдегі жырын айызы қанып ақтара алмаған. Өйткені кеңестік билік саптаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қарады. Қаламгердің көзқарасын таптық өлшеммен таразылады. Аяғына көрінбейтін тұсау салды. Тұлпардай шапқылатпады. Түйсікті жанға бұдан өткен не қыспақ бар?! Ұлтының рухын өлеңмен көтермесе, қара көбейткеннің қажеті қанша?! Ол күрескерлерше күйзелді. Өйткені Мұқағали кітап шығарғанға шүкіршілік ететін көнбістердің қатарынан емес еді.
Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр
басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай, –
дегені азаттықты аңсаудан туған арманды тіркестер.
Ақын маңдай терін босқа төккен жоқ. Әрбір қазақты қалғытпауға тырысты. Соны сезіндірудің әдістерін тапты. Қиыннан қиыстырған амалына қарап әрі сүйінесің, әрі таңғаласың!
…Мына бақты көргендер төбеңдегі,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Қорқыт, Асан тіріліп қайта келсе,
Қуанғаннан жүрегі қарс айырылып.
Бәлкім олар қайтадан өлер ме еді?! – дейді республика туралы тебіреніп. Кеңестік өзгерістерді құптағандай кейіп танытады. Анығында жырдың ниеті бөлек еді. Қоғамының компартиялық реңде емес, ұлттық сипатта түлегенін қалады. Қорқыт, Асан қайта тіріліп келіп қуанса дейді. Сағындырған келешекті көзіңе елестетеді. Еркіндікті естен шығармауға, бостандықтан үміт үзбеуге үндейді. Бабалардың ұлы өсиетін ұрпақтарға аманаттайды. Сөздерін сарымайдан қыл суырғандай етіп сүйкімді орындайды. Ақиық ақынның не ойлағанын қазағы ұқты. Сонымен бірге, кеңестің қауіпсіздік қызметі де аңғарды. Ел-жұрты ақын жырынан алқа тақты. Екіншісі «әйтеуір бір жерінен кінә тауып» жаман атын шығаруға тырысты. Өмірінің соңғы төрт жылында ұлы таланттың Алматыда, қаптаған баспасөздің ортасында жұмыссыз қалуы бекерден емес. «Жұлдыз» журналының делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзіме алып қалдым» немесе «Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев, Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» деуінде өксікті сырлар жатыр. Біз Мақатаев шындығын жаңаша бағалай бастадық. Оның толық жеңімпаздығына қол қою хақы жарқын болашақтың еншісінде.
Мұқағалидың «Отаным, саған айтамын» деген толғауы бар. Ол кездегі Отан – СССР. Астанасы – Мәскеу. Несін жасырайық, сол сарынмен тәрбиеленген біздер, менің қатарластарым, ұлттық ұғымдарға комсомолдарша қарай бастадық.
Алайда Мұқағали олай өмір сүрген жоқ. Өлеңдері арқылы ақ пен қараның ғазауат майданына араласты. Алапат күшпен жағаласты. Алаш баласының атқа мінгенін армандады. Ұлтқа деген махаббат ақын жанын от болып өртеді. Ақынның сондай сәттегі ғаріп халін кім түсінбек, қайғы-шерін кімге ақтармақ?! Ол ұлтсызданудан шошыды. Ұлы уайым күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Әрине, СССР-дың селт етпейтіні белгілі. Ендеше бұл туралы туған Отаны, жан дегендегі жалғызы – қазақ еліне айтуы заңдылық еді.
Отаным, саған айтамын,
Мен де бір аппақ арман бар,
Ақтығы алғаш жауған қар,
– деп қобыздың күңіренген қоңыр дауысына қосылды. Мұқағали бабалардың қаны сіңген байтақ даланы, «Алатау, Алтай, Атырауды» ғана Отаным деп ұқты. Соның мойнынан құшақтап жылады. Аты бар да, заты жоқ өгей тіршілікті тәрк етті. Ақын Отанына, Отаны перзентіне еміренді. Олар бір-біріне тәуелсіздік тіледі.
Мұндағы мұңлы суреттен Мұқағалиды ғана көрмейсіз. Оның ар жағынан Алаш қайраткерлері қарап тұр. Ақын күллі күрескер тұлғалардың бәрін бір образға жинақтаған. Бұл өлең – солардың да монологы. 90-жылдары біз атап отырған «Отаным, саған айтамын!» толғауы қазақ елі арасына кең тарады.
Аттағысы кеп басымнан,
Жан болса егер басынған.
Басынғандарға бас ұрман,
Үйреттің солай жасымнан.
Сенесің бе, Отан, осыған!?
Өзіңмен ғана сырласам,
Өзіңсіз менде тумас ән.
Өзегім шіріп өлер ем,
Өзіңнен егер тумасам,
– дейді ақын ештеңеден жасқанбай.
Ақын шабыты шалқыған саналы ғұмырын түгелдей еліне арнады. Халқының шырағын жақты. Сақтар мен Ғұндардың, ер Түріктің қанынан жаралғанын естеріне салды. Енді қайда баратынын өлеңмен нұсқады. Өсуге болады, өшуге қазақтың хақысы жоқ. Ол нені айтса да, қалай айтса да ең алдымен жүректерді жаулады. Сондықтан шығар, жарты ғасырдай уақыт бұрын жазылған жырлар әлі жаңа, жалынын жарқылдатқан қалыбында адамдарға қызмет етіп жатыр.
Зәр ұсынған адамға нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем – өлем, сірә, мен намысымнан!
Әдептімін, ұяңмын, именемін,
Сыраға – бал, сыйыңа – сый беремін.
Аңқау қазақ екен деп, ағайындар,
Намысыма алайда тиме менің,
– дейді хас батырларша.
Құдайшылығын айтыңыздаршы, бір келетін жалғанда намыстан артық қандай құндылық бар?! Оны жоғалтсаң – бәрі жоғалады. Намыс – бостандықтың баспалдағы. Намыс – арыңды қорғайтын қару. Намыс – қазақ болып дүниеге келу мен қазақ болып өлудің арасындағы парасат.
Түптің-түбінде қара шаңыраққа бостандық бұйыратынын Мұқағали ақындық түйсікпен болжады. Жазушы Жәлел Кеттебекке айтқан мынандай сөзі бар: «Сендер мені дұрыстап танытсаңдар, мен он жылдан кейін жаңа Кенесарыны шығарамын», – деген екен. Айтқаны дәл келді. 1976 жылы ақын дүниеден озды, 1986 жылы желтоқсаншылар болып жаңа Кенесарылар тарих сахнасына шықты.
Талант тас жарады, талант тасада қалмайды. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды». Халық асыл сөзді таниды, асыл жыр жігеріңді жаниды. Оның ғажайып мысалы – Мұқағали Мақатаев!
Ұлы қаламгердің жырлары сағынышқа толы. Оның әр жолынан азаттықты аңсаған ерлердің дауысын естиміз. Дүниеде жақсы жыр жазған ақындар аз емес. Ал артына қазына қалдырғандар өте сирек. Ондай дарындар жүз жылда бір туады. Біз Мақатаевты сөз еткенде құрғақ мақтанбайық. Тереңнен ойланайық, тебіреніп, толғанайық. Қазынасын ақтарып, ілімін игеріп, бұрын байқалмаған қырларын түгендейік. Оны ұлт идеологиясының алтын арқауына айналдырайық. Сонда ғана ақын өнегесі тіршілігімізге құт болып дариды.
Батық Мәжитұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты




