Алматыдағы Республика сарайында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Соғады жүрек» атты ән кеші өтті. Алматы облысы және Алматы қаласының әкімдіктері ұйымдастырған рухани шарада ақын жырларына жазылған әндер орындалып, көрермен көңілін шалқытты.
Кеш шымылдығы Қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнімен ашылды. Сондай-ақ композитордың «Кел, еркем, Алатауыма», «Құттықтаймын, мама!» атты туындылары да өнерсүйер қауымды бейжай қалдырмады.
Бұл әуендер жарты ғасыр бұрынғы Нұрғиса мен Мұқағалидың шығармашылық тандемін көз алдыңа келтіреді. 1975 жылы Алматыда өткен концертте ақын өлеңдері тұңғыш рет шырқалған еді. Сол ән кешіне куә болып, Нұрғиса мен Мұқағалиды көзімен көргендер қазір аға буынға айналды. Қос тарлан өмірден өтсе де, артына қалдырған асыл мұралары халқымен бірге жасап келеді. Олардың туындыларына бүгінгі ұрпақтың да ерекше тебіренетіні сондықтан.
Концертте Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер, Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев, Өмірқұл Айниязов бастаған өнер қайраткерлері әуезді әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Сардар» әдеби-драмалық театрының поэтикалық композициясы да әсерлі шықты. Жастар Мұқағали өлеңдерінің тұңғиығына терең бойлады.
Сахна төріне көрнекті ақындар Нұрлан Оразалин мен Иран-Ғайып көтеріліп, Мұқағали Мақатаевтың жырлары уақыт өткен сайын құнын арттыра түсетін мәңгілік қазына екеніне тоқталды. Сонымен қатар Мақатаев атындағы халықаралық қордың 20 жылдығымен құттықтап, руханият жолындағы игі бастамаларына сәттілік тіледі.
Шара соңында Жұлдыз Мұқағалиұлы мен Мақатаев атындағы халықаралық қордың жетекшісі Бақытгүл Айдарова-Мұқағаликеліні мерейтойлық кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан әншілер мен шығармашылық ұжымға жүрекжарды алғыстарын білдірді.
Айболат Нүсіп




