⛅
3°C
Қонаев
Сәрсенбі, Ақпан 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Әділдік айнасы

    17.02.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Құқық-заң
    Әділдік айнасы
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті және «Заң» медиа-корпорациясының ұйымдастыруымен әділет полковнигі, отставкадағы судья Советхан Сәкенұлының «Судья» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымды шараға кезінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, Алматы қалалық және облыстық соты, еліміздің өзге де өңірлерінде қызмет атқарған ардагер судьялар мен қазір қызметте жүрген қазылар, қоғам қайраткерлері, студент жастар, ақпарат саласының өкілдері қатысты.

    Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚазҰУ басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын бұл жоғары оқу орны үшін құқықтық мемлекеттің іргесін бекіту, заң үстемдігі қағидаттарын орнықтыру және кәсіби әрі жауапкершілігі жоғары заңгерлерді тәрбиелеу стратегиялық әрі тағдырлы міндет екенін айтты.
    – Университет қабырғасында өтетін әрбір ғылыми, рухани және қоғамдық маңызы бар іс-шара биік мақсаттарға қызмет етеді. Бүгінгі басқосу да – дәл сондай мазмұны терең, мағынасы салмақты тағылымды жиын. Әділет полковнигі, отставкадағы судья Советхан Сәкенұлының «Судья» атты кітабының тұсаукесері – қазақстандық сот жүйесінің өткені мен бүгініне терең үңілуге мүмкін­дік беретін маңызды зияткерлік оқиға. Бұл еңбек – бір адамның кәсіби жолының шежіресі ғана емес, ол – сот билігінің ішкі философиясын, судья мамандығының айрықша жауапкершілігін, әділдік пен заң алдындағы адалдықтың күрделі табиғатын ашып көрсететін мазмұнды туынды.
    Автордың көпжылдық судьялық тәжірибесіне сүйене отырып жазылған ой-толғамдары оқырманды сот төрелігінің сыртқы рәсімдерінен гөрі, оның ішкі мәніне, адам тағдырымен тікелей байланысқан шешімдердің салмағына үңілуге жетелейді. Әсіресе қоғамда кеңінен талқыланған «Қорғас ісіне» қатысты жеке естеліктері мен пайымдары – сот қызметіндегі кәсіби батылдықтың, құқықтық жауапкершіліктің және ар-ожданның айқын көрінісі ретінде бағалы. Сонымен қатар әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар мен сұхбаттардың бір жинаққа топтастырылуы бұл еңбектің қоғамдық-саяси, публицистикалық салмағын арттыра түседі.
    Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды Конституциялық реформалар, сот-құқықтық жүйені жаңғырту үдерістері судья институты­ның рөліне жаңа мазмұн беріп отыр. Мұндай кезеңде тәжірибеге, өмірлік сабақтарға және кәсіби пайымға негізделген еңбектердің маңызы айрықша. «Судья» кітабы – тек кәсіби ортаға арналған басылым ғана емес, ол жас заңгерлерге, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға судья мамандығының шынайы болмысын, оның моральдық-этикалық өлшемдерін түсіндіретін құнды рухани бағдар.
    Тұсаукесер рәсімін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті мен «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС бірлесіп ұйымдастыруы – ғылым, тәжірибе және қоғамдық пікір кеңістігінің өзара тиімді тоғысуының жарқын үлгісі. Бұл алаңда сот билігінің дамуына қатысты кәсіби әрі қоғамдық пікір алмасу, судья мамандығының құқықтық мемлекеттегі орны мен жауапкершілігін терең талқылау мүмкіндігі қалыптасып отыр.
    Іс-шараға арнайы шақырылған сот жүйесінің ардагерлері мен қазіргі өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар мен журналистер бұл кездесудің мазмұнын одан әрі байытып, көпқырлы көзқарастардың тоғысуына жол ашады. Олардың ойлары мен тәжірибесі сот билігінің болашағы, құқықтық мәдениеттің дамуы жөніндегі пайымды пікірлерге негіз болатыны сөзсіз.
    – Осы ретте, Советхан Сәкенұлына еліміздің сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі, кәсіби адалдығы мен азаматтық ұстанымы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. «Судья» кітабы – әділдікке қызмет етудің қандай биік жауапкершілік екенін сезіндіретін, уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін тағылымды еңбек. Аталған туынды сот жүйесінің қалыптасуын және әділдікке апарар жолдың қаншалықты жауапты екенін ашып көрсете отырып, бүгінгі конституциялық жаңғыру кезеңінде айрықша өзектілікке ие. Ол кәсіби қауымдастық үшін – тәжірибелік ой-толғам алаңы, ал жас заңгерлер үшін ар мен заңның үйлесімін ұғындыратын тағылымды мектеп болары сөзсіз, – деді Бақытжан Омаров.
    Осыдан-ақ университет ұжымы бұл ерекше кітаптың тұсаукесеріне тыңғылықты дайындалғаны анық көрініп тұр. Оның үстіне кітаптың авторы – осы оқу орнындағы заң факультетінің 1985 жылғы түлегі.
    Кітаптың алғысөзін жазған кәсіби ­және білікті заңгер, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір:
    «Қазақстанда үш мыңға жуық судья бар. Ал осы судьялардың ішінде өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындаумен шектеліп, бұйығы тірлік кешіп жатқандары қаншама. Осындай әріптестерімен салыстырғанда Советхан Сәкенұлы – шеңберге сыймайтын, қалыпқа бағынбайтын қалпымен ерекше. Мұны әріптесіміздің бұқаралық ақпарат құралдарына жазған мақалаларынан, журналистерге берген сұхбаттарынан байқау қиын емес. Өзіндік ұстанымын жасырып қалмайтын Советхан Сәкенұлы бірде алқабилер институтының қазақы сот қызметімен үйлеспейтінін жазса, енді бірде әділ төрелік ету міндеті жүктелген әріптестерінің пара алып, заңсыз шешім шығарып, бүкіл сот төрелігінің беделіне көлеңке түсіріп жатқанын ашына сынайды. Советхан Сәкенұлының әрбір мақаласын оқығанда сот саласындағы ғана емес, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын отаншылдықты, белсенділікті байқайсың. Журналистермен еркін, емен-жарқын тілдесіп, пікірлесуді жақсы дәстүрге айналдырған әріптесіміздің заң, сот, құқық қорғау саласында талқыламаған, көтермеген, пікір білдірмеген мәселесі, тақырыбы аз. Әрі олардың қай-қайсысын алсаңыз да көпшілікке ой саларлықтай, жас буынға өнеге көрсетерліктей.
    Советхан Сәкенұлы – бүкіл республика жұртшылығы жіті көз тіккен, кірпік қақпай бақылаған «Қорғас ісін» таразылаған судья. Еліміздегі беделді шенеуніктерге қатысты қаралған осындай күрделі істің Советхан Сәкенұлына жүктелуі де тегін емес. Бұл – сот құрылымының әріптесіміздің кәсіби шеберлігіне сенгенінің, судьялық біліктілігін мойындағанының белгісі. Шындығында қаншама қысым, қаншама қиындықпен бетпе-бет келсе де, судья өзіне жүктелген сенім үдесінен шыға білді. Кітаптағы «Қорғас ісіне» қатысты естеліктер, судьяның шеберлігіне қатысты журналистер жазбасы көңілге көп ой салады, әріптесімізге деген мақтаныш сезімімізді оятады.
    «Судья қандай болуы керек?» деген сұраққа толық жауап беріп тұрған бұл кітап сот саласының судьялары мен мамандарын ғана емес, қалың оқырманды қызықтыратыны талас тудырмайды», – деген тамаша пікір айтыпты.
    Шынында да бұл кітап болашақта би боламын, туғаныма қарамай турасын айтып, еліме, халқыма әділ де адал қызмет етемін деп алдына асқақ арман, ұлы мұрат қойған өскелең ұрпақ, әсіресе заңгер мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар үшін, тіпті бүгінгі күні еліміздегі сот жүйесінің түрлі сатыларында қазылық қызметте отырған судьялар үшін де адастырмас бағдаршам іспетті.
    Тұсаукесер рәсімі кезінде сөз алған ҚР Жоғарғы сотының отставкідегі судьясы, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының құрметті профессоры Әділ Құрықбаев, ҚР Сот жүйесінің ардагері Адайбек Бейімбетов, «Заң» медиа-корпорациясының президенті Досымбек Өтеғалиев, ардагер журналистер – «Заң газеті» бас редакторының бұрынғы орынбасары Қалбай Әділ, бөлім меңгерушісі Елеусіз Мұратұлы, Алматы қалалық сотының судьялары Бақытбай Бірімқұлов, Нұрділдә Сейітов, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Ербол Құтпанбаев, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков, заң факультетінің деканы, профессор Уәлихан Ахатов және басқалар кітап және оның авторы, ол көтерген мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салып, ізгі тілектерін білдірді, шараға қатысқан студент жастарға ақыл-кеңестерін айтты.
    Олардың ортақ пайымдауынша, «Судья» кітабы – атауы айтып тұрғандай, мемлекет атынан үкім шығарып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, сол арқылы мемлекеттік биліктің абырой-беделіне қызмет ететін, оған халықтың сенімін қалыптастыратын аса жауапты тұлға – болашақ билердің бойында қандай қасиеттер болуы қажеттігін айқындайтын бағдаршам іспетті ерекше кітап!
    Бұған автордың тәуелсіздік жылдарын­да әртүрлі басылымдарда жарияланып, осы кітапта топтас­тырылған «Судьяға (биге) үміткерге қандай талаптар қойылуы қажет?», «Қарапайым халықты мемлекет­тік шенеуніктер тәрбиелейді», «Үкімнің әділдігі алдын ала тергеуге тікелей тәуелді», «Жалтақтық пен жағымпаздық қатар жүреді», «Судья – мемлекет пен қоғамның ірі тұлғасы», «Әр маман өз орнында мықты болып, әркім әділетті өзінен іздеуі керек», «Пара алдың ба, демек пара бергеннің айдауымен жүріп, айтқанына көнетін құлсың!», «Заманнан озар сот қайда?», «Әділетсіздіктің ең үлкені – заң жолымен жасалған әділет­сіздік», «Екі сот сатысы бір шатырдың астында болмауы тиіс», «Конституция­ның 7-бабы­ның 2-тармағының күшін жою керек», «Мінезсіз судья – әділеттіліктің қас жауы», «Мінсіз судья», «Үлгілі сот» қандай болмақ?», «Қорғас ісі – ар мен аярлық безбені» сияқты тағы басқа ондаған мақала мен сұхбаттары толық дәлел бола алады.
    Жоғарыда айтылғандай, «Қорғас ісін» бүкіл ел жіті бақылағаны рас. Бұл отандық сот жүйесі сын таразысына түскен сәт еді. 45 сотталушы, 1576 томнан тұратын қылмыстық іс, соның ішінде 70 томға жеткен айыптау қорытындысы жазылғанын ескерсек, не деген ауыр да ауқымды, күрделі де жауапты іс! Оның үстіне басты сот талқылауларына 4 мемлекеттік айыптаушы, 40-қа жуық «сен тұр, мен атайын» дейтін кәсіби біліктілігі жоғары адвокат пен 40-тан аса қоғамдық қорғаушы, 5 сот отырысының хатшысы, 6 сот приставы, жәбірленушілердің бірнеше ондаған өкілі мен басқа да көптеген маман қатысқан. Барлығы 165 сот отырысында төрағалық етушінің 200-ге жуық ауызша қабылдаған қаулысын есептемегенде, 100-ден аса әртүрлі санаттағы жазбаша қаулы қабылданған. 560-қа жуық куәден жауап алынып, 400-ден аса әртүрлі сот сараптамасы мен мамандардың қорытындысы сараланған.
    Бұл іс бойынша сотталушылар ішінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Кеден комитетінің жоғары лауазымды білімді қызметкерлері аз болмағанын, 120 адамға қатысты қылмыстық істі ашып, анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылып, оның құрамында 330-дай Қаржы полициясы қызметкері мен Бас прокуратураның арнайы өкілдері үш жылға жуық еңбек еткенін айтсақ, олардың қылмыстық әрекеттерін әшкере­леу оңайға соқпағанын түсіну қиын емес. Советхан Сәкенұлы осыған орай:
    – Иығыма жауапкершіліктің ауыр жүгі артылғанын, әрине, түсіндім. Оны абыроймен алып шығу менің осы кезеңге дейінгі адвокат, тергеуші, криминалист, прокурор, судья бола жүріп жинақтаған мол тәжірибем мен кәсіби біліктілігімнің сыналар сәті туғанын да түсіндім. Бұл іс менің заңгерлік қызметімнің биік шыңы, адамдық болмысымның таразысы болатынын да қапысыз ұққанмын, – дейді.
    Оған қосымша, сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаров: «Советхан, бұл – саған жүктел­ген мемлекет алдындағы үлкен жауап­кер­шілік. Өте сақ бол, ешкімге жақындама. Жан-жағың түгел аңдулы!» – деп ескертіпті. Тағы бірде: «Советхан, сенің қолыңда бүкіл Қазақстан сот жүйесінің, судьяларының абырой-беделі тұр. Егер әділ де негізді үкім шығаратын болсаң, соттардың беделі көтеріледі. Егер кімде-кім іске араласып, қысым жасамақ болса, маған айт. Тәуліктің қай мезгілінде болса да телефон шала беруіңе болады. Тіпті кіммен сөйлесіп отырсам да, оны қойып, сені тыңдауға әзірмін», – десе, көп ұзамай: «Советхан, бүкіл Қазақ елі, 17 млн халық сот процесін бақылап отыр. Өзіңді де, бізді де ұятқа қалдырмайды деп сенемін!» – деп үлкен қолдау көрсетіпті.
    Ал одан кейін Жоғарғы соттың төрағасы болып тағайындалған Қайрат Мәми мырза: «Советхан, бұл істі бір жыл бойы өзің қарадың, кімнің кім екені саған ғана жақсы мәлім. Сондықтан әділ шешім қабылдау, жаза беру мөлшері де сенің құзырыңда», – депті.
    Осындай отандық сот саласының көшін бастаған тұлғалардың дұрыс ақыл-кеңесі, шынайы қолдауы мен мемлекеттің абырой-беделін ойлаған азаматтық қасиеттері де Сәкеңе күш-қуат бергені ақиқат.
    – Менің істі алаңсыз қарап, әділ үкім шығаруыма тиісті қызметтердің өзімді және отбасымды берік қорғап жүруі де оң ықпалын тигізді. Отбасымның қауіпсіздігін ойлап, алаңдаған емеспін. Сот процесін өткізуге бар ынта-жігеріммен кірістім, – дейді әділет полковнигі.
    Тұсаукесер рәсімінде Советхан Сәкенұлы әркез шындықты айтатын турашыл, батыл да батыр мінезді жігіт, адал жар, сенімді дос екені айтылды. Шарада сөз сөйлегендер жастарды осындай иманжүзді, сот жүйесі, бүкіл қоғам алдында абыройға бөленген әділ де, арлы, намысты да отаншыл азаматтан үлгі алуға шақырды.
    – Уақыт тұғырынан қарап отырып, мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалаларым мен берген сұхбаттарымнан рухан ләззат аламын. Өйткені көтерген мәселелерім мен ұсыныстарым қабыл­данып, жүзеге асып жатты. Осы еңбек­терім болашақ ұрпаққа, әсіресе өз өмірін заң саласына арнаған жастарға үлгі болса, өмірім бекер өтпегені деп білемін. Бұл кітаптағы әр пікір, әр ұсыныс, әр лебіз – өмірімнің бөлшегі, көңіл көкжиегінің өлшемі. Оны қалай қабылдау – сіздің патша көңіліңізге байланысты, ардақты оқырман, – дейді Сәкең.

    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

    Ұсынымдар

    Спортта шекара да, шектеу де болмайды

    Спортта шекара да, шектеу де болмайды

    3 weeks ago
    Алысты болжау – ақылдылықтың белгісі

    Алысты болжау – ақылдылықтың белгісі

    4 months ago
    Тарихшы ғалым: Қарадала тарихы әлі жете зерттелмеген

    Тарихшы ғалым: Қарадала тарихы әлі жете зерттелмеген

    3 years ago
    Алатау қаласында “Ұлы дала тарихы” шарасы өтті

    Алатау қаласында “Ұлы дала тарихы” шарасы өтті

    1 year ago
    ТАҒАЙЫНДАУ

    ТАҒАЙЫНДАУ

    1 month ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>