Перейти к содержимому
Главная страница » Өнер жарысы

Өнер жарысы

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Есенқұл оқулары» облыстық байқауы өтті. Аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС және «Жас ұлан» оқушылар үйі бірлесіп ұйымдастырған өнер жарысына әр өңірден келген мектеп оқушылары бақ сынады.

Облыстық бiлiм басқармасының бас маманы Мадияр Шарапов, Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова аталған шараның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, қатысу­шыларға сәттілік тіледі.
Байқау үш бағытта өтті. Алдымен оқушылардың дайындап әкелген иллюстрациялық суреттері сарапқа салынды. Қатысушылар онда Есенқұл Жақыпбековтің шығармалары негізінде туындыларын ұсынды. Екінші бағытта Есенқұлдың кемінде 30 өлеңін жатқа білуі тексерілді. Оған мүдірмей жауап берілуі талап етілді. Үшінші кезеңде оқушылар ақынға жеке шығармашылық жұмыстарын, яғни арнау өлеңін оқыды. Иллюстрациялық сурет бойынша – 10, мәнерлеп оқуға – 18, ал ақынға арнау номинациясы бойынша 11 оқушы өзара сынға түсті.
Қырыққа жуық жас талап қатысқан байқаудың қорытындысында өнері үздік деп бағаланғандар анық­талды. Мәнерлеп оқу бойынша І және ІІ орындарды Ұзынағаш орта мектебі­нің оқушылары Дидар Данияр мен Рамазан Тоқтарқожа, тағы бір ІІ орынды Еңбекшіарал орта мектебінен Досым Қондыбаев жеңіп алды. ІІІ орын үш оқушыға – еңбекшіаралдық Ерасыл Сарыбайға, Талғар ауданындағы Қапиза Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназия­сының оқу­шысы Қарақат Мәкенге және Жаңақұрылыс ауылын­дағы А.Қарсақбаев атындағы орта мектептен Елдана Харламоваға берілді.
Ақынға арнау номинациясы бойын­ша да жеңімпаздар саны осындай болды. Онда І орынға Талғар ауданы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясынан Жансерік Нәсілбек, ІІ орындарға «Жас ұлан» оқушылар үйінің шәкірті Әмина Әсемова мен Саурық батыр мектебінен Ернар Еркін, ІІІ орындарға Талғар ауданынан Әлия Бердіқұл, Қасымбек мектебінен Жібек Қасымақын және Еңбекшіарал мектебінен Ерасыл Сабырбай ие болды.
Сурет салудан Қайназар ауылының №1 орта мектеп оқушысы Елдана  Мәулітбек І орын, Қарасу мектебінен Илина Құрманәлі мен Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы жайлы мектептен келген Тілешбек Алмабекұлы ІІ орын, Талғар ауданы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясынан Інжу Өксікбай, Тарғап орта мектебінен Ерсін Құдайберген және Үмбетәлі атындағы орта мектеп оқушысы Диас Нұрлан ІІІ орындарды алды.
Әділқазылар алқасында облыстық бiлiм басқармасының бас маманы Мадияр Шарапов, айтыскер ақын Шорабек Айдаров, А.Байтұрсын­ұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының ғылыми қызметкерi Айсұлу Қасымбек, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi, Халықаралық жыршы-термешілер одағының мүшесi, ҚР Мәдениет саласының үздiгi, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлық­тың иегерi Әуелбек Ысқақов, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi Марат Төтеев, Қарғалы №3 орта мектебi директорының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Елдар Еркiнұлы, «Жас ұлан» окушылар үйiнiң ұстазы Тұрсынгүл Тұқымбаева қатысу­шылар­дың өнерін бағалады.
Сарапшылар «Есенқұл оқулары» байқауы бекітілген ереже талаптарына сәйкес жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан салтанатты жағдайда диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы