Перейти к содержимому
Главная страница » Жазушымен жүздесу

Жазушымен жүздесу

Қонаев қалалық кітапханасында белгілі жазушы, журналист Қанат Әбілқайырмен кездесу өтті. Шараны Алатау қаласы «Заречный» шағынауданындағы кәсіптік-техникалық колледж, кітапхана ұжымы мен облыстық әдістемелік орталық бірігіп ұйымдастырды.

Мақсаты – автор мен оқырман ара­сын­дағы мәдени-рухани байланысты нығайту, кітап оқу мәдениетін қалып­тастырып, оқырманның әдебиетке қызығу­­шылығын арттыру. Жүздесуге жабық мекемелердегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагог­­тері мен кітапханашылары қатысты.
Жиында автор «Ағыраптағы аты жоқ адам» шығармасының қалай жазыл­ғаны жайлы баяндап, оның астарында жасырынған тұспалды сырды ақтарды, орамды ойымен бөлісті. Роман Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жарық көрген. Дәл осы туынды үшін автор Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанған. Қазіргі таңда кітап ағылшын тіліне аударылып, халықаралық «Booker» сыйлығына ұсынылған. Сондай-ақ туынды облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер мен инженер-педагогтерге 2026 жылы оқуға ұсынылған 100 кітаптың қатарына енгізілген. Бұл атал­ған орталықтың «Парасатты оқырман» жобасы аясында іске асқан.
Кездесу барысында Қонаев қалалық кітапханасының басшысы Айгүл Бегімбай­қызы автордың өмір жолымен, шығармашылығымен таныстырып, романдағы оқиға желісін баяндап берді. Ал қатысушылар толғандырған сұрақ­тарын қойып, автордың тұщымды жауабын алды.
– Кәсіптік-техникалық білім беру саласында қызмет еткенімізбен, руханият­ты да назардан тыс қалдыр­мауға тырыстық. Қазіргі таңда Алматы мен Жетісу облысы бойынша Қылмыс­тық атқару комитетіне қарасты №57 түзеу мекемесіндегі 95 жазасын өтеушіні алты мамандық бойынша оқытып жатырмыз. Колледжіміздің кітапханасы бар. Былтыр Ұлттық кітапхана сыйға тартқан 700 көркем әдеби шығармамен қорды толықтырдық. Сотталған азамат­тардың шығарма оқу арқылы ой-өрісін кеңейткенін қаладық. Ең басты тәрбиешінің бірі – кітап, – деді кәсіптік-техникалық колледж директоры Дәулет Мұхамеджан.
Қанат Әбілқайырдың айтуынша, кітапта қозғалатын жайттарды 3-4 жыл бойы ойында пісіріп, санасында бейнелеп, кейін үш ай ішінде Қонаев қаласында жазып, бітірген. «Шығарма бұлай кең таралып, халықтың ықы­ласына бөленеді деп ойламадым. Менің туындыларымда Тәуелсіздіктен кейінгі кезең суреттеледі. Соңғы отыз жылда біздің елде урбанизация процесі қатты жүрді. Ауылда жұмыс жоқ, халық қалаға ағылды. Бұл тарихи оқиғаны өзіміз де байқамай қалдық. Осы жағдайдың барлығына жазушы ретінде баға бергім келді. Тақырып етіп алған оқиғаға қатысты деректерді жинақтадым. Психо­­ло­­гиялық ауытқуы бар адамдарды емдей­тін орталыққа барып, 32 науқаспен сөйлестім. «Тамшы тас жарады» дейді. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде осы кітап туды. Отыз жылда елімізде болған түрлі қоғамдық-саяси оқиғаларды басынан өткерген барлық жанның тағдырын жазу мүмкін емес. Оның бәрін жинақтап, «Ағыраптағы аты жоқ адам» арқылы жеткізуге тырыстық», – дейді жазушы.
Шара соңында қонақтарға Алғыс хат пен арнайы сыйлық табысталды. Оқырман автордың қолтаңбасын алып, кітабына қол жеткізді.

Гүлзат Азатқызы
Қонаев қаласы