Қоғамдық көлік жүргізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал осындай ауыр әрі күрделі еңбекті таңдағандар арасында нәзік жандар да бар. Солардың бірі – троллейбус жүргізушісі Мақпал Қожамсейітова. Ол 15 жылға жуық Алматы көшелерінде қоғамдық көлік тізгіндеп, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп келеді.
Мақпал – Абай облысы Мақаншы ауданы Бақты ауылының тумасы. Алыс ауылдан арман қуып үлкен қалаға келіп, бүгінде өз ісінің нағыз маманына айналған. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ Мақпалдың бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Ол студент кезінен қалада трамвай тізгіндеген қыздарға қызыға қарайтын. Оқуын аяқтағаннан кейін қоғамдық көлікте кондуктор болып жұмыс істейді. Бұл оған жүргізушілер еңбегін жақыннан көруге мүмкіндік береді. Осылайша Мақпал арнайы курстан өтіп, теориялық және тәжірибелік сабақты меңгеріп шығады.
Кейіпкерімізге алғашқы кезде рөлге отыру оңайға соқпаған. Оның айтуынша, қозғалыс кестесін сақтау, қала көшелеріндегі қарбаласқа бейімделу – бәрі де тәжірибемен келген. Дегенмен ол алған бетінен қайтпай, уақыт өте келе кәсібіне әбден төселіп кеткендігін айтады. Біраз жыл №1 бағыттағы троллейбусты тізгіндеп, жолаушылар арасында танымал болады. 2015 жылы белгілі бір жағдайға байланысты сүйікті жұмысынан қол үзуге тура келеді. Алайда жүрегі бәрібір қоғамдық көлікке тартып тұрды. Сөйтіп араға біраз уақыт салып бұрынғы жұмысына қайта оралған.
– Адам өзіне ұнайтын іспен айналысуы керек екенін басқа салада жүргенде анық түсіндім. Қандай жұмыс істесем де, ойым бәрібір көлік жүргізуді қалады. Онсыз өмірімді елестете алмаймын. Тіпті осы жұмыстан зейнетке шыққым келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Қоғамдық көлік жүргізу – тек техника тізгіндеу ғана емес, адамдармен жұмыс істеу деген сөз. Күн сайын сан түрлі жолаушылар мінеді. Олардың әрқайсысының көңіл-күйі, мінезі әртүрлі. Кейбіреулер жылы сөз айтып, алғысын білдірсе, енді біреулер ашу шақырып, ренжіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізуші сабыр сақтап, барынша түсіністік танытуы қажет. Мақпалдың айтуынша, жолаушылардың ішінде батасын беріп кететін үлкен кісілер жиі кездеседі. Осындай сәттер оның еңбегіне деген құрметті сездіріп, жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі. «Таңертең үнемі жақсы көңіл-күймен шығамын. Рөлге отырған кезде ойым тек жұмыс пен жауапкершілікте болады», – дейді ол.
Мақпалдың өмірінде отбасының орны ерекше. Жақындарының қолдауы оның жұмыстағы табандылығына күш береді. Жұбайы да осы салада еңбек етеді. Қос бүлдіршініне де тәлім-тәрбие беріп, аялап өсіруде. Кейіпкеріміз жұмыстан тыс уақытта табиғат аясында серуендегенді ұнатады, үнемі рөлде отырған соң спортпен шұғылдануға да көңіл бөледі.
Жүргізуші үшін ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігі. Алматы көшесінде кептеліс көп болады. Кейде жеңіл көліктер қоғамдық көлікке арналған жолаққа кіріп кетіп, кедергі келтіреді. Троллейбус тізгіндеген ару осындай жағдайда жүргізуші барынша сақ әрі сабырлы болуы керектігін алға тартады. Мақпалдың еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланған. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған. Бұл марапат – оның көп жылғы адал еңбегінің айқын көрінісі.
Соңғы жылдары Мақпал әлеуметтік желіде де белсенді бола бастады. Оның блогерлік жолы да қызық басталған. Бірде автобус паркіне су жаңа троллейбус келген кезде ол көліктің алдында тұрып билеп, TikTok желісіне қысқа видео жүктейді. Күтпеген жерден бұл көрініс бір күннің ішінде 20 мың қаралым жинайды. Қазір оның парақшасында жазылушылар саны көбею үстінде.
Нәзік болмысына қарамастан, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмысты абыроймен атқарып келеді. Қоғамдық көліктің рөліне отырған әр жүргізуші қала өмірінің бір бөлшегіне айналады. Ал сол қозғалыстың ішінде еңбек етіп жүрген нәзік жандардың табандылығы мен төзімі кез келген адамға үлгі болары сөзсіз.
Құралбек СӘБИТОВ




