«Дүние, шіркін, өтеді бір күн» деген ән жолдарын естіген сайын ет жүрегің елжіреп, көңіл толқып, сай-сүйегің сырқырап кетеді. Сондай кезде жарық дүниеде жайдары қалпымен жүріп, халықтың қамы үшін қажыры мен қайратын, білімі мен білігін тер төге жұмсаған қатардағы қарапайым адамдар еріксізден еске түседі. Ең өкініштісі, олардың бәрі де ортамызға қайтып оралмас, о дүниелік болып кеткен жарқын бейнелер. Оларды біздің сартап болған сағынышпен еске алудан басқа қолдан келер амалымыз жоқ. Қайтеміз, тағдырдың жазуына шара бар ма?!
Осындайда күні кеше ғана халықпен қоян-қолтық араласып, мақтанышына айналған ақ халатты абзал жандар, қос аққудай қосарланып, жұптары жазылмай үнемі бірге жүретін ерлі-зайыптылар Әнуар Оспанов пен Әлфия Қонаева қайта-қайта ойға орала береді. Арғы-бергіні қазбаламай, ақиқатқа жүгініп, ашығын айтатын болсақ, екеуі де халықтың жүрегіне берік орныққан, ажалға қимас аяулылар еді. Міне, олардың келместің кемесіне мініп кеткендеріне де жыл болып қалыпты. Уысқа тұрмайтын уақыттың сиқырын ұға алмайсың.
«Әттең, тонның келтесі-ай» деп өзекті өкініш өртегенімен қолдан келер шара жоқ. «Сұм ажал тек жақсыларға ғана ауыз салады» деген қағида тегін айтылмаса керек. Өзі де солай болды. Екеуін қара жер бірінен кейін бірін бауырына алып, жалмап кетті. Екеуін соңғы сапарға шығарып салардағы халықтың қарасында тіптен есеп жоқ еді. Қай-қайсысының да көз жастары көл болып, оларға деген қимастықтарын айтып, қайғыдан қан жұтып тұрғандарын қалай ұмытарсың?! Ол күндер кімнің болса да есінен шыға қоймас. Сол бір қоштасу сәті тірілер үшін тым қиын еді.
Дана халқымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп тегін айтпаса керек. Қосылған қос өзендей болған Әнуар мен Әлфия жайлы қалам тербеудің өзі де оңай емес. Ол екеуін мен бала кезімнен бес саусағымдай жақсы білемін. Бәріміз де қатарлас болдық. Әнуар менің нағашыларым тұратын Нарынқолдың Қақпақ ауылынан еді. Барған сайын жолығып тұратынмын. Оның алғырлығы мен алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын таудай талап иесі екендігі алаулаған жүзінен айқын көрінетін. Ал Әлфиямен Нарынқол орта мектебінде қатарлас оқыдық. Орыс сыныбында оқитын ол оқу озаты атанып, 15 минуттық «линейка» сайын мақтау естіп жататын. Адам баласын жатсынбайтын. Жан сырын жасырмай жайып салатын.
Бозбала шақтарында асқақ арман құшағында жүретін Әнуар мен Әлфия өмірде арманына жетті. Екеуі де өзара ақылдасып қойғандай, мектеп бітіргеннен кейін екі жақтан бұрынғы Алматы мемлекеттік медицина институтына, қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу деген қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей болатын. Сонда Әнуар мен Әлфия талмас талаптарының арқасында сол сынақтан сүрінбей өтіп, бақтары жанып, студент атанған еді. Жеті жыл оқыған осы оқуда Әнуар балалар хирургі, Әлфия акушер-гинеколог мамандықтары бойынша дәрігер болып шығады. Екеуі де оқуды үздіктер тобында бітіреді.
Осы оқу орнында жүріп, бір-бірімен таныс-біліс болған екеу өткен ғасырдың 70-жылдарының бел ортасында Нарынқолдағы аудандық ауруханадан өз мамандықтыры бойынша еңбек жолын бастайды. Арада көп уақыт өтпей-ақ екеуі бір-бірімен терең түсінісіп, жүрек әмірімен отау құруға ұйғарым жасайды. Сөйтіп, жас шаңырақтың мызғымас берік қазығын қағады. Жұмыстары да халық қызығарлықтай қалыпқа түсіп, алдарына жандарына дауа сұрап барған жарымжан жандардың сенімінен шығып, олардың жүректеріне ұялай бастайды. Шынында да Әнуар мен Әлфияның бір арнада тоғысқан өз кәсіптері мен дәрігерлік анттарына деген адалдықтары, адамға деген аңқылдаған ақжүректері мен шапағатын шашып тұратын мейірім шуақтары кімді болсын бірден баурап алатын.
Олай болатын жөні де бар. Екеуінің де әке-шешелерінің тегі тектіліктен тараған жайсаң жандар екенін ел-жұрт жақсы білетін. Орайы келіп тұрғанда ол жағын айтпаса тағы болмайды. Әнуардың әкесі Жақуда, анасы Балкүміс Әбдалдақызы, Әлфияның әкесі Бодан мен анасы Балапан Нәдірханқызы кезінде халыққа қадірі бөлек ұстаздар болды. Олар жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруде арттарынан айтып жүретіндей айғақты іздерін қалдырды. Сондай өнегенің өрісінен сабақ алған Әнуар мен Әлфия да халықтың қастер тұтатын адамдарына айналды. Олар көздерінің тірі кезінде аудандық аурухананың бас дәрігері болған, медицинаны бүге-шігесіне дейін жақсы білетін, Ленин орденді дәрігер Мұхтар Әлімовтің айрықша қамқорлық жасап, ұшан-теңіз ақыл-кеңес бергенін аса риза көңілмен ақ ниетті алғыстарын айтып, ауыздарынан тастамайтын. «Жақсының жақсылығын айт» деген осы шығар?! Қарап отырсақ, Әнуар мен Әлфияның үстеріндегі ақ халаттары мен азаматтық арларын кірлетпей, жабырқауда жүрген жандар үшін күндіз-түні кірпік ілмей, қалтқысыз қызмет көрсеткен өмір белестері көз алдымызға тізбектеліп келе береді. Оны шетінен айтып шығу да мүмкін емес, ұзақ әңгіме. Әнуар мен Әлфияның 40 жылдан астам өмірінің адам жанының арашашысы болып өткенін аудан жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Ол жағын олардың ажалдан аман алып қалған адамдарының өз ауыздарынан естігеніміз де әлі күнге дейін есімізде.
Расында да Әнуар білгір хирург ретінде аяқасты ауыр жарақат алғандарды, ең аяғы соқыр ішектері (аппендициті) жарылып кеткендерді табан асты ота жасап, құтқарып қалғанын аурухана журналына тіркелген тізімдерден анық көруге болады. Сол сияқты балалары мен немерелерін мұсылмандық жолмен Әнуардың сүндеттегенін мыңдаған ата-ана әлі күнге дейін жадыраңқы қабақпен жасырмай айтып жүр. Ал Әлфияның өз ісінің шебері болғанын, акушер-гинеколог, дәрігер ретінде іскерлігімен, ілтипатты қызметімен абыройға бөленіп жүргенін кеңінен әңгімелейтіндер әлі көп. Ол ауыр жағдаймен келген аналарды аман-есен босандырып, талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Оның да мыңдаған сәбидің кіндік шешесі атанып, айрықша құрметке бөленгенін айтудың өзі бір ғанибет!
Осы жерде Әнуар мен Әлфиядан аралары ажырамай, бірге қызмет істеген, кезінде ақ халатты абзал жан атанған әріптестері Ораз Өтемісов, Серікбай Монтаев, Бейнегүл Иембердиева, Бейқұт Исенбаев, Баймұханбет Қоңырбаев, Иманәлі Таласбаевтардың марқұмдар жайлы елжіреп тұрып айтқан естеліктері де сезіміңді селт еткізбей қоймайды. Медицина институтындағы курстасы әрі досы Ораз Өтемісов: «Әнуар екеуміз 1968 жылы мектеп бітірдік. Ол Қақпақта, мен Сарыбастауда. Екеуміз мамандық таңдау барысында, Медицина институтының студенті болған кезімізде таныстық. Әнуар балалар хирургі, мен балалар педиаторы мамандығын алып, ауданға бет алдық. Ол кезде Нарынқол ауданының бас дәрігері, медицинаның бесаспап шебері Мұхтар Әлімов еді. Ауданда дәрігердің тапшы кезі. Ол кісі бізді жылы шыраймен қарсы алып, екеумізге жан-жақты бағыт-бағдар беріп, сәттілік тіледі. Әлфия болса, бір жылдан кейін келіп, акушер-гинеколог болып жұмысқа қабылданды. Қабілет-қарымының арқасында Әнуар балалар хирургиясы ғана емес, ересектер хирургиясын да он орап алып кетті. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Әлфия екеуі жемісті еңбек етті», – деп емірене еске алады. Ал Серікбай Монтаев болса: «Әнуар екеуміз хирургия бөлімінде жұп жазбай жұмыс істедік. Адам тағдырында небір оқыс оқиға болады. Әсіресе, адамның ажал аузында жатқан жағдайында Орекең айтқандай, Әнуар ештеңеге қарамайтын шешімтал, нағыз хирург болатын. Екі білекті сыбанып тастап, ота жасауға кірісіп кететін. Оның талай адамды ажал қармағынан алып қалғаны менің көз алдымда. Әлфия да табандылығынан таймайтын, жанкешті төзімділігімен өз кәсібін сүйген дәрігер болды», – дейді Серікбай жанарына жас алып.
Ол екеуін тірлігінде халық бөле-жармай, ерекше құрметпен сыйлады. Қашан болсын төбелеріне көтеріп, қастер тұтты. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген емес пе?! Ол екеуінің ел алдында атқарған ересен еңбектерінің елеусіз қалған жері жоқ. Әнуар Жақудаұлы жоғары санатты дәрігер болумен қатар «Еңбектегі ерлігі үшін» және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарының иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы болды.
Әлфия болса, жоғары санатты дәрігер атанып, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалін иеленді. Сонымен қатар екеуінің Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық, аудандық аурухана әкімшіліктері және басқа да тиісті орындар тарапынан алған марапаттары мен мақтау қағаздары жетерлік. Әнуар мен Әлфияның соңында ұлы Сырым, қызы Гүлім, күйеубаласы мен келіні және оншақты немересі қалды. Олар әке-шеше аруағына үнемі тағзым етіп, лайықты құрметтерін көрсетумен келеді. Біз де Әнуар мен Әлфияның жатқан жері жаннатты, топырағы торқа болсын дей келіп, сөз соңын мына бір өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді:
Жан едіңдер жүретін ел есінде,
Сенбесең де, кей кезде сенесің де.
Кезектесіп екеуің кеттіңдер ғой,
Мініп алып келместің кемесіне.
Осы ма еді жүректің тоқтағаны,
Есте тұр-ау еліңнің жоқтағаны.
Жыл да болып қалыпты екеуіңе,
Жатқаныңа түнекте қап-қараңғы.
Қайғы жұтып осынау тірлігінде,
Артта қалды Сырымың, Гүлімің де.
Бауырлар, немерелер бәз қалпында,
Сол баяғы жұп жазбас бірлігінде!
Өмір – өзен, барады асыға ағып,
Әрине, сендер барда жасымадық.
Достарың да жүр әлі мұңаюмен,
Ораз бен Серікбайлар есіне алып.
Кеудемізде қайғыдан жатыр ағын,
Кім ойлаған тереңге батырарын?!
Екеуіңді ел-жұртың ұмытпайды,
Торқа болсын әрдайым топырағың!
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының және Райымбек ауданының
Құрметті азаматы




