Наурызнама аясында Қонаев қалалық кітапханасында «Шаңырақ шаттығы – ұлт бірлігі» атты облыстық отбасы бенефисі өтті. Мақсаты – Шаңырақ күнінде отбасының қоғамдағы маңызын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және ұлттық тәрбиенің негізін айқындау.
Іс-шараны ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров Отанды қорғау салт-дәстүрімізді құрметтеуден басталатынын, сондықтан оны өскелең ұрпаққа насихаттауды қолға алу керегін айтты.
Мерекелік кеште Іле ауданы және Қонаев, Алатау қалаларының көпке сыйлы, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді ту еткен өнегелі отбасылары алдымен өздерін таныстырып, әулет өнегесін паш етті. Бұдан кейін викториналық сұрақтарға жауап беруден сынға түсіп, тапқырлық танытты. 60 жыл отасқан Әбішевтер отбасы ата-баба салтын аттамай, тәрбие мен бірліктің үлгісін көрсетсе, шаңырақ құрғанына 17 жыл болған Пірмұхаметовтер отбасының ең жас мүшесі Медиана ән шырқап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге өзге отбасылар да өз өнерін ортаға салып, қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды.
Ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылық салтанат құрған шараны қорытындылаған облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева шараға қатысқан барлық отбасыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




