⚠️ Ауа райы табылмады.
Жұма, Наурыз 20, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    Жадымда қалған жаңғырып

    редактор Жолшы Бікебаев туралы естелік

    20.03.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Жадымда қалған жаңғырып
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    «Ұстазым менің ұстазым,
    Өзіңмен өтті қыс-жазым.
    Қалдырған ізің мәңгілік,
    Жадымда тұрар жаңғырып…»

    Иә, бәрімізге белгілі бұл ән жолдары ұстаз деген құдірет иелеріне ғана емес, әртүрлі мамандықта еңбек жолын жаңа бастаған, өмірдің мына сан қилы жолында бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беретін ұстазың болған жандарға да арналған ба дерсің. Осы орайда сонау 80-жылдардың басында жазу-сызуды мұрат тұтып, шығармашылық жолдағы журналистік еңбегімнің бастауында тұрған редактор, ұстазым Қазақстанның Құрметті журналисі Жолшы аға Бікебаев жайлы естелік жазуды шәкірттік парызым санауды жөн көрдім. Қолына қалам ұстаған жандардың көбінде жазуға деген құлшыныс мектеп қабырғасында-ақ басталады емес пе? Ең алғашқы өлеңдерімді Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінің редакциясына 1977 жылы әкелгенім есімде. Бояу мен қағаздың иісі аңқыған редакцияның екінші қабатына көтеріліп, оң қапталдағы есікті әлсіз қағып, ішке ендім. Жарық та кең бөлмеде екі-үш адам бар екен.
    – Кімге келдің, не шаруамен? – деді төрде отырған көзілдірікті ағай.
    – Газетке жазғандарымды әкеліп едім, – дегенім де сол еді, кең иықты, балуан денелі, жылы жүзді жігіт ағасы:
    – Кел, келе ғой, айналайын, қай ауылдан боласың? – деп сұрады.
    – Қарқарадан, ағай, өлең әкелдім… – дедім.
    – Бәрекелді! Өлең ғана емес, газетке мақала да жазу керек, ауылыңдағы болып жатқан жаңалықтарды қағазға түсіріп, бізге жіберіп тұр, келістік пе, – деді балуан денелі, аққұба өңді ағай күректей қолымен менің оң қолымды қысып тұрып.
    Сол жолы ойлағанымдай, суық кабинет, қа­тулы қабақ емес, жаймашуақ, жадыраңқы ортаға келгенімді сезіндім. Міне, ыстық ықыласпен баурап алған аудандық газеттің редакциясында алғашқы таныстығымыз редактордың орынбасары Жолшы Бікебаев, бөлім меңгерушісі Мұса Жанәділов ағалармен осылай басталған еді. Екінші үйімдей болып кеткен жылы ұядан қанаттанып келісімен сол күндері мектебімізде өткізілген Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы, Түп ауданынан кездесуге келген оқушылар жайлы аудандық газетке мақала жолдадым. Бұл алғашқы тасқа басылған мақала «Коммунизм нұрына», іле республикалық «Қазақстан пионері» газетіне жарияланды. Сол алғашқы қадамнан бастау алған ізденіс жалғаса берді. Штаттан тыс тілші болып жүріп, редакциямен байланысым үзілген емес. Ауылымыздың тыныс-тіршілігі жайлы жазылған мақала, хабар, өлеңдерім әр нөмір сайын болмаса да арагідік жарық көріп тұрды. Сексенінші жылдардың басында Кеңес әскерінде азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетіне тілшілік қызметке ең алғаш қабылдаған да Жолшы аға Бікебаев еді.
    Отыз жылдан аса уақыт аудандық газетте басшылық қызмет атқарған Жолшы Бікебаев жайлы айтар болсақ, ол қарамағындағыларға талап қойып, жазғандарының үстінен қарап, қол қоюмен ғана шектелген емес. Редакцияда әр жылдары еңбек еткен жандардың жеке-жеке отбасындағы жағдайларынан бастап, көңіл-күйлеріне дейін назарынан тыс қалдырмайтын. Шығармашылық адамының еркін жазуы көбіне көңіл-күйіне де байланысты емес пе?! Әлі есімде, 90-жылдардың басындағы аласапыран, дағдарыс, қоғамның басқа арнаға ауысуы, қысқартулар мен жұмыссыздық қай салаға да оңай тимегені баршаға аян. Мына бір жай ұмытылмастай жадымда қалыпты. Сол жылдары бірнеше айлап еңбекақы ала алмай, қызметкерлердің кейбірі жұмыстан босап жатқан кез. Редакторымыз іргелес аудандық әкімшілікке күніне неше барып келетін. Әр келісінен үміт күтіп отырған біздерге: «Қаржы жоқ, редакцияны жабатын шығармыз», – дейтін салы суға кетіп. Ұнжырғасы түскен еңселі адамның, басшымыздың шөккен нардай кейпі әлі көз алдымда. Бірде редакция, баспаханадағы бәріміздің басымызды қосып: «Газет қаржылық қиындықтарға байланысты уақытша жабылады. Бүгіннен бастап боссыздар», – деді. Бірінші бетіне оқырмандарымызға арналған редактор бағанындағы ашық хат қана басылған ақ қағазды газет ауданға таратылды. Кейін арада үш ай өткен соң «Қарқара», Кеген, Нарынқол аудандары қосылғаннан кейінгі «Хантәңірі» газеті қалың оқырмандарымен қайта қауышты. Уақыт үрдісінен, заман талабынан қалмай, коммунизм елесінен арылған аудандық газетіміз 80-жылдардың соңы-ақ қасиетті мекеніміз «Қарқара» атауымен аптасына бір рет 8 бет болып жарық көріп тұрды.
    Редактор журналистердің жазғандарына қол қоюшы ғана емес, шығармашылық адамының еркін жазуына бағыт-бағдар беруші, ой қосушы, идея тастаушы да бола білгенде ғана қандайда басылым болсын таралымы артып, оқырманы іздеп жүріп оқитын болады. Осы тұрғыдан алсақ, аудандық газетті отыз жылдай басқарған редактор Ж.Бікебаевтың өзім аңғарған мына бір қасиетінен бірер мысал келтірсем, артық бола қоймас. Бүгінде елімізге кең танымал ақын, баспагер жерлесіміз Кәдірбек Құныпияұлының 80-жылдардың ортасында жоғары оқу орнын бітіріп, туған елінде алғашқы еңбек жолын бастаған албырт та адуынды кезі еді. Сол жылдары Мәскеудің өзім білермендігімен басын Тянь-Шань тауларынан алатын Қарқара өзенін қырғыз елінің Ыстықкөліне бұруға канал қазылып, жұмыстар жүргізіліп жатқан кез болатын. Осы жайтқа байланысты жас ақынның «Қарқара, қайда барасың?» деген сиясы кеппеген өлеңі редакторымыз Жолшы ағаның қолына тиеді. Құнды, өзекті дүниені оқып шыққаннан кейін кең кабинетінде бәріміздің басымызды қосып, талқылау өткізді.
    – Бәрекелді, Кәден! Өлеңіңнің тақырыбын айғайлатып қою керек. Бұл өзекті мәселе, арқырай ағып, ауданымызды нәрлендіріп, Ілеге құятын суымыздан айырылуға болмайды, – деп кесіп айтқан болатын.
    Осылайша, жас ақынның жанайқайынан кейін ауданда қоғамдық бастама көтеріліп, ол республикамызға қанат жайған еді. Бір өзі жеке-дара билеп-төстеген Кеңес одағы да 80-жылдардың соңында біржола тарап, еліміз егемендікке қол жеткізді. Кәдікеңнің «Қарқарасы» өз саласымен бүгінде арна тартып жатыр.
    Жоғарыда айтып өткендей, Жолшы аға Бікебаев ашық-жарқын, көпшіл, кімнің болсын көңілін таба білетін еді. Редакциямызға «менің жазғаным қашан шығады» деп қатулы қабақпен келетін жандар басшының бөлмесінен көңілденіп шығатын. Басшымын деп өз кабинетінің төрінде сызданып отырмай, қызметкерлердің кабинеттерін аралап, әзіл-қалжыңын айтып, әріптестерімен тең дәрежеде сөйлесіп, ой-пікірін айтып жүретін еді.
    Құрқылтайдың ұясындай редакция үйін ауданымыздың рухани ордасына айналдыра білген, парасат-пайымы жоғары редактор Жолшы аға Бікебаев жайлы айта берсек, естеліктер шағын мақаламызға сияр емес. Киелі шаңырақтың табалдырығын имене аттаған 80-жылдардың басынан бастап, Алматыға қоныс аударған 2010 жылға дейін жүрегі кең, өнегелі істерінен тәлім-тәрбие аларлық небір жаны жайсаң жандармен әріптес, қызметтес, сырлас бола білдік. Алдыңғы толқын, ақылшы ағаларымыздың есімдерін бүгінде сағынышпен еске аламыз. Олардың қатарында бүгінде ортамызда жоқ бас редакторымыз Жолшы Бікебаев бастаған, есімдері ауданға ғана емес, республикамызға танымал, журналистика саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен алдыңғы толқын қаламгерлер – Тұрысбек Жұмабеков, Мұса Жанәділов, Төлепберген Баялиев, Нұрданбек Тоққожаев, баспахана меңгерушісі Шаюп Авахриев, кейінгі буын Қанат Біржансалұлы, Нұрбол Әлдібаев, Нұрболат Тастанқұлов, Жұмабек Тұрдиев, Ғани Бейқұтбайлардың есімін ерекше атап өтер едім.
    Қаламының қарымымен ерте танылып, повесть, әңгімелері республикалық жүлделер алған жазушы, журналист ардагер ағамыз Келеке Құсайынов бүгінде Кеген ауылында тұрады. Ал кейінгі буын, еңбек жолын алғаш аудандық газетте бастаған, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын, баспагер, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлын, танымал журналист қарындасымыз Ұлбосын Исабек, Нұрболат Тастанқұловтарды жерлестері әрдайым мақтан тұтады.
    Әңгімеміздің басында арқау болған әйгілі «Ұстазым» әнінің әр жолын іштей қайталаған сайын балауса балғын кезіңде ең алғаш қалам ұстатқан ұстаздың орны әрдайым биікте тұрса, еңбек жолыңда өнегелі ісімен үлгі болған жандардың орны қашан да бөлек. Сынаптай сырғыған жүрдек жылдар өткен сайын олар жайлы ойламау ойлы адамға мүмкін еместей көрінері анық. Осы тұрғыдан алып қарар болсақ, мен үшін Қазақстанның Құрметті журналисі, 2010 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін отыз жылдан аса редакторлық қызметін абыройлы атқарған Ж.Бікебаевтың орны ерекше. Амал не, құрметпен зейнеткерлікке шығуына санаулы айлар қалғанда айырылмастай жабысқан ауыр дерт төсегіне таңылғаны өзекті өртейді. «Орнында бар оңалар» демекші, Жолшы ағаның артында қалған ұрпақтары жоғары білімді, өз саласының білікті мамандары. Үлкені Айнұр жеке клиникасы бар білікті дәрігер, артынан ерген ұлы Айдын – республикамызға белгілі заңгер, адвокат, қыздары Жазира, Әсел, Айгүл бір-бір білікті мамандық иелері. Ұлы Айдын Қытай асып, білікті дәрігерлерге қаратқанымен еш дауа қонбапты. Төсек тартып жатқан алты жыл бойы жары Жақан тәтенің қаратпаған дәрігері, қолданбаған ем қалмады десе де болады. Мәңгілік мекеніне 2016 жылы көктемде кетіп еді. Уақыт шіркінде тоқтам жоқ екен, арада он жыл өтсе де, Алматы көктемі әлі тұнжырап тұрғаны-ай!

    Тұрықбай Бейсебаев,
    Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

    Соңғы жаңалықтар

    Ғылым мен Конституция арқылы жаңа бағыт: Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев не туралы айтты
    20.03.2026
    Балдай тәтті балмұздақ
    20.03.2026
    Тәні саудың – жаны сау
    20.03.2026
    Жаңаруға бастаған
    20.03.2026
    Ырысы алды – ынтымақ
    20.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>