⚠️ Ауа райы табылмады.
Жұма, Наурыз 20, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ұлы даланың рухын көтерген

    20.03.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мереке
    Ұлы даланың  рухын көтерген
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Наурыз қазақта Ұлыстың ұлы күні деп аталған. Ол – халықтың, мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Бұл мерекенің қазақ қоғамындағы рөлі кез келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары. Абай өзінің қарасөзінде Наурыз тойын дінге жалғастырмай, көктем мерекесі екенін ашық айтады.

    Қазір біраз жұрт Наурызды пар­сыдан, Шығыстан келген мей­рам деп жатады. Шын мәнінде солай ма? Біздің ойымызша, XVIII ғасырдың басында қазақтар жоңғардан шегініп, атажұртын тастап Бұқара, Самарқан, Жиделібайсынға барып, кейін азаттық алып ата қонысына қайта оралғанда «Наурыз» сөзін ала келген. Бұған дейін қазақ халқы бұл мейрамды Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Шәкәрім бұл туралы былай дейді: «Наурыз – парсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) жаңа жыл – Ұлыс. Жыл басының Ұлыс екенінің тағы бір дәлелі мынау: Ұлыс күні қазан толса ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар».
    Наурыз – қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі екеніне Алаш арыстары да қалам тербеген. Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты Наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді», – деген. Міржақып Дулатов: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз. Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Неге десеңіз, наурыз айының ескіше 9-да, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ «кебінін» жамылып жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды».
    Наурыз ұлан-байтақ қазақ жерінің ауа райына байланысты әр кезеңде атап өтілген. Киіз үйдің есігінен күн түссе мұны «үт» деген. Бұл ақпанның 19-ы мен наурыздың 20-сы аралығында болады. Осыған байланысты Сыр қазақтарында «Үйге үт кірді, егіншінің көкейіне құт кірді» деген мәтел бар. Оңтүстік өңірде «Жыл басы жылқышы торғайдың ұшып келуімен» орайластыра мерекеленеді. Батыс Қазақстанда 14 наурызда Көрісу дәстүрі бар. Бұл күні туған-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, түрлі тарту жасайды. Батыс қазақтарының бұл күні көрісу салтын жасап, мейрамды қарсы алуы, Омар Хайям заманында парсы патшаларының жаңа жылды 14-нен бастап қарсы алу, яғни ескі күнтізбеден қалған жора-жосынды көрсетеді. Себебі Каспийдің о жақ, бұ жағындағы Иран-Тұран халықтарының діни пәлсапалық, саяси экономикалық байланысы – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан үрдіс. Ал Орталық Қазақстан тұрғындары жаңа жылды Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас Аймен тоғысуына қарап, кешірек қарсы алады.
    Қазақта сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні – Наурызды «Ұзын сары» деп те атайды. Қазақ ауылдарында ертеде «тайқазан», «нарқазан» деген үлкен қазандар болған. Қазан – сонау сақ, ғұн заманынан келе жатқан жеті қазынаның бірі, ғұрыптық тамақ пісіретін ыдыс. Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі тай­қазан – көшпелі халықтардағы береке мен бірліктің символы. Сондай-ақ көне ертегі-жырларда алтын қазан іздеу салты кездеседі.
    Ертеректе Наурыз мейрамында ауылдың тайқазанына әр үй әкелген көжесін құятын, сонда 30-50 тамақ қоспасынан жасалған наурызкөже болып шығады. Бұл аспаздық жұмыстың бәрін елге қадірлі, ауылға белгілі әйел – бәйбіше басқарады. Қазанды иесіне қайтарғанда әбден жуып, түбіне міндетті түрде піскен тамақ (бауырсақ, тоқаш, ет) салып, құлағына ақтық байлап қайтарады, өйтпесе «қазан өкпелейді», «қазан шамданады» деп ырымдаған. Қазақ арасында екі адам ренжіскенде «өкпесі қара қазандай» деп айтылатын сөз тіркестері осыдан шыққан. «Қара қазан, сар баланың қамы үшін», «Қара қазан сар бала, жылап жатыр көп бала» дегеніміз – халық, бұқара дегеннің баламасы. Атадан мирас болып келе жатқан қазаннан айырылу – құт-береке байлықтан айырылу, оны біреу тартып алса, масқарашылық саналатын. Абылай хан 1780 жылдардың шамасында Ботаханды өлтіргенде, Олжабай бастаған батырлар ханның ауылына ат ойнатып, ата-бабасынан келе жатқан қазанын алып кетеді. Түрік армиясының янычарлары сұлтанға қарсы болғанда асханадағы үлкен қазанды төңкеріп тастайтын. Қазақта да бір адам екінші адамға ашуланғанда, «Қазаныңды төңкеріп кетейін» деп ғайбат айтады. Қазан да – шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, қазан толы болса, ел де мықты.
    Халықтың мифологиялық түсінігінде 21 наурыз түні даланы, үй-үйді Қызыр аралайды, сондықтан «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр үй іші, қора-қопсысы, ауласы және киген киімі мен ішкен тамағы таза адамдарға қонады. Сол себепті ауыл түгел Наурыздың алдында кір-қоңдарын жуып, таза киімдерін киіп, үй ішін, қора-қопсысын тазалайды. Қызыр бас бармағы былқылдап тұратын, ақ сақалды қария, амандасқанда бармағынан білуге болады деп жатады. Қызыр ата табиғатты аралап жүріп назары жерге түссе, қыстың тоң-мұзын ерітіп жібереді, ал тасқа түссе тас та балқиды екен. Самарқанның көк тасы еріген күн – Наурыздың басталуы деп айтатыны сондықтан.
    Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша жаңа жылда күннің көзі көрінгеннен кейінгі екі сағат «күн сәті» деп саналады. Егер кімде-кім осы сәтте күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыз құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай, жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп айнала төңірекке ақ бүркіп тарасады.
    Наурыз күні таңсәріден ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады.
    «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер шығып келе жатқан күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды күн – ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер – ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
    Қызыр түні «Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылады.
    Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалып­тасқан дәстүрі бар, ер адамдар қос қолдасып төс қағыстырады, әйелдер болса құшақтасады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын дегенді білдіреді.
    Наурызда әр үйдің есігі ашық, дастарқаны жаюлы тұрады. Дәстүр бойынша әр адам міндетті түрде қырық үйге кіріп дәм татқаны дұрыс деген тәмсіл бар.
    Ежелгі түркілердің мифологиялық түсінігі бойынша да жақсылық жаршысы – аспан шамшырағы, күн бейнелі Ұмай ана. Сондықтан да қазақ елі жаңа түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттата сала, «От – ана! Май – ана! Жарылқа! Жарылқа!» деп отқа май құйғызады.
    Ата-бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшылық», «Мейірім» – барлығы да бір ұғымға саятындықтан, қыз бен жігіт тартысында қыз баланың жеңгенін мақұл көрген. Қазақтардың жаңа жылда алғаш шапақ атқан күнді қарсы алып, оған иіліп сәлем беруі немесе қымызмұрындық тойында алғашқы қымызды күнге иіліп ішуі секілді көне дәстүрлері олардың ежелден-ақ күнге табынған сақ жұртының жұрағаты екенін жұрт екенін дәлелдей түседі.
    Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамында ұрпақтары ұмытпай айта жүретін аталы, ұлағатты сөз қалдыратын дәстүр болған. Бір күн ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. Осындай сынға ұшырап, қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз шығып, жазадан аман қалыпты-мыс деген ел аузында әңгіме бар.
    Наурыздың бір мәні – теңдік күні ұлылық пен кішілік жасалатын, бай мен жарлы жарасатұғын күн. Хан қарашаның халін ұғып, қараша ханның төріне шығатын күн. Тіпті, шығыс елдерінде патша Наурыз күні тағынан түсіп, құлды таққа отырғызған оқиғалар болған.
    Наурыз мейрамы келерде «Самарқан­ның көк тасы ериді» деген тәмсіл бар. Бұл қыс бойы қатып жатқан табиғаттың көктем келгенде еріп, жаңа түрге енуі сияқты адамдардың да мінезі мен пейілі кеңіп, мейірімі оянып, кек сақтамай, жайнап жасарып, рухани жаңаруы дегенді білдіреді.
    Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жаранды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.
    Ұлыстың ұлы күнінің халық жадынан ұмытылған сырлары мен қырларын қайта жаңғырту – бүгінгі күннің талабы. Қазақстанда Ұлыс күнін тойлау асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылдан кейін тоқтап қалды. Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айта қою қиын. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жала мен қуғынға ұшырады. Халық жадында еміс-еміс, үзік-үзік болып сақталған Наурыз Қазақстанның кейбір өңірлерінде жасырын тойланып келсе, кейбір аймақтарында ұмытыла бастады. Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қауышуына бүгінгі тәуелсіздік салтанаты ғана мүмкіндік алып берді. 1988 жылғы көктемде Алматы қаласы мен астаналық облыстың кейбір аудандарында 62 жылдан соң Наурыз мейрамы қайта тойланды. Осыдан бастап ежелгі Күн мейрамы – жыл басын жалпы халық болып қарсы ала бастады.
    Қорыта айтқанда, Наурыз мейрамы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші, адамдардың рухани тазалануы. Жаман ойдан, уайым-қайғыдан, кек сақтаудан, араздық, қызғаныш, көре алмаушылық, пендешілдік, сараңдық сияқты зиянды әдеттен арылу, татуласу, сондай-ақ үй іші, қора-қопсыны, арық-атызды, тоғандарды, көшелерді тазалау. Екінші, құттықтау, бата алу, бата беру, яғни адамдар таза киімдерін киіп, бір-бірімен көріседі, жақсы тілек айтысады. Үшінші, мерекелік ас-тағам, мал сою, наурыз көжеден дәм тату. Төртінші, мейрамдау – адамдардың көшеге , алаңдарға шығуы, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындардың көрсетілуі, осы тектес болып жалғаса береді.

    Ахмет Тоқтабай,
    тарих ғылымдарының докторы, профессор

    Соңғы жаңалықтар

    Ғылым мен Конституция арқылы жаңа бағыт: Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев не туралы айтты
    20.03.2026
    Балдай тәтті балмұздақ
    20.03.2026
    Тәні саудың – жаны сау
    20.03.2026
    Жаңаруға бастаған
    20.03.2026
    Ырысы алды – ынтымақ
    20.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>