Туырлықты қазақ халқының басын қосып, бір-біріне деген мейірімін асырып, араздығын жасырып, татулығы мен бірлігін бекем ететін әз-Наурыз мерекесін бағзы заманнан бабалар тайлы-тұяғы қалмай тойлайтын. Үлкендер ұлағатын айтатын, кішілер құрметін көрсететін. Қыстан аман шыққан жұрттың аузы аққа жетіп, ағыл-тегіл қазан қайнатып, наурыз көже жасап, ел мен ел табысатын.
Осындай берекеге толы мейрам Кеңес өкіметі тұсында тұсауланды. Тек 1986 жылғы жігерлі жастардың көтерілісі ұлы мерекені қайтаруға ықпал етті. КСРО-ны дүр сілкінткен, алып империяны шайқалта жаздаған Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздікке ғана жол ашып қойған жоқ. Наурыз мейрамының да халыққа қайта оралуына ықпал етті. Содан кейін жібіген тоң, сетінеген сең ұлттық мәселелерді қозғауға түрткі болды. Осы тұста екшеп бір тұлғаның атын айта кеткен жөн. Қазақтың маңдайына біткен ұлтжанды азаматтарының бірі де бірегейі, сол жылдары небәрі төрт ай көлемінде ғана Мәдениет министрі қызметін атқарған Өзбекәлі Жәнібеков бас болып, Наурыз мерекесін қайтаруды қолға алды. Өзағамыз қазақтың рухының қандай болатынын дәлелдеді. Тарихи жадымызды оятты ол кісінің ерлігі.
Өзбекәлі Жәнібековтің сұңғылалығы, нағыз ұлтқа деген жанашырлығы, көрегендігі мен алдын ала мұқият жасаған жоспары арқасында 1988 жылы қазақ халқы араға 62 жыл салып Наурызды қайта тойлады. Халықтың сол кездегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Алаш баласы басына қайта қонған бағын бағалады. Ол кезде біз мемлекеттік қызметте болдық. Жер-жерде таңнан қара кешке дейін рухы тасыған халық өзгеше қуанышпен, ерекше тебіреніспен Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Көптен сағыныса жеткен бұл мереке сол алғашқы жылдың өзінде-ақ халықтық сипат алды.
1991 жылы тәуелсіздік алған соң Наурыз елдің, ұлттың нағыз мерекесіне айналды. Ал соңғы үш жылда ұлттық мейрамды лайықты өткізу мақсатында Наурызнама онкүндігі жарияланып, Мемлекет басшысы оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнауды ұсынды. Осы онкүндік аясында ұлттық киіміміз ұлықталып, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз жаңғырып, ұлттық спорт ойындары ортаға қайта оралып, ел ішінде үлкен қолдауға ие болып жатыр. Әрине, Наурыз тойын онкүндік аясына сыйдыра салу да аздық етеді. Дегенмен Мемлекет басшысының ұлттың ұлт болып сақталуы үшін құндылықтарды дамыту қажеттігін естен шығармай, бұл мерекенің аясын кеңейтуі қуантады.
Биылғы Наурыз тойы тағы да ерекшеленді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің жаңа Конституциясы халықтық референдум аясында қабылданды. Ел ертеңі еңселі болуы үшін жаңғыру мен мейірімінің мерекесімен тұспа-тұс жаңа Ата Заңды қолдап, бір қадам алға бастық.
Ендеше қазақтың дархан даласына жыл басы болып келген Наурыз құтты болсын! Алаш даласы қазақ баласының мәңгілік мекені болып, төрткүл дүниеге атымыз аспандай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз өркен жайсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Ызғарбек Бектұрсынов,
қоғам қайраткері,
Алматы облысының Құрметті азаматы





