Жылқы дала халқының мыңдаған жыл жан серігі болды. Мінсе – көлігі, қарны ашса – ас, шөлдесе – сусын, тоңса, киіміне айналды. Жылқы мен қазақтың жаны біртұтас. Қазақтың тағдыры атқа мықтап байланғанын әр сөзінен аңғаруға болады. Ұлыстың ұлы күнін тұрманы бөлек тұлпарсыз, ауыздығын шайнаған арғымақсыз елестету мүмкін емес. Сол себепті өңірдегі мұражайларда сақталған ат әбзелдері туралы аздап ой қозғауды жөн көрдік.
Жылқыны қолға үйретіп, ат әбзелдерін жасау үшін адамзат ұзақ жолдан өткен. Жылқы жабдығының маңызы туралы қазақ фольклорында ертеден қалған:
… Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас… – деп келетін жыр бар. Бұл жыр жылқы жабдығының қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек. Жалпылай айтсақ, үзеңгі өз-өзінен пайда болған жоқ. Ол заттық мәдениеттің, қолөнердің жемісі бола отырып, белгілі бір аймақта жасалып, сол жерден тарап, көптеген үлгі-нұсқасы дамып, жетілген. Тарихи зерттеулерге жүгінсек, үзеңгіні алғаш ойлап тапқан далалықтар екені рас. Мысалы, Еуразия көшпенділерін терең зерттеген ғалымның бірі – шығыстанушы С.Вайнштейн: «Үзеңгіні тұңғыш рет кең көлемде көшпелі Алтай түркілерінің қолданғанына толық негіз бар. Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқышылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен меңгерген. Орталық Азияның көшпенділері арасында олардың «темір балқытушылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес», – депті.
Біз сөз етіп отырған үзеңгілердің Алатау бөктерінен де табылғаны бар. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлері Анар Қосжанова мен Гауһар Ермекбайдың жазуынша, 2017 жылы аталған музейдің археологтары жергілікті тұрғындардың шақыртуымен анықталған 109 апатты обаға қазба жұмысын жүргізеді. Жерлеу орны Еңбекшіқазақ ауданындағы Алмалық ауылының оңтүстік-батыс шетіне жақын маңда құрылыс жұмыстары кезінде кездейсоқ табылған. Археологтардың қазба жұмысы барысында бір шұңқырдан жылқының жақ сүйегі тұсынан темір ауыздық сулығымен, темір дөңгелек пішінді бұйым және екі үзеңгі шыққан. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде ұзынынан арқасымен, басы оңтүстік шығысқа қаратып жатқызылған адамның қаңқа сүйегі анықталды.
«Алмалық ауылы маңындағы обаның сыртқы сипаттамасымен қатар, жерленген адам қаңқасының жанынан қола сырғаның табылуы да зерттелген ескерткіштің мәдени-хронологиялық шеңберін анықтауға мүмкіндік береді. «Есік» музей-қорығының ғалым-археологтары обадан табылған бұйымдарды талдау барысында ұқсастықтарын анықтап, ескерткіштің ежелгі түркі кезеңіне тиесілі екенін болжаған. Осы болжамға сүйене келе, нақты зерттеулерді салыстырмалы түрде негізге ала отырып, Алмалық ауылы маңындағы жерлеу орнынан табылған үзеңгілер VIII-IX ғғ. тиесілі деп мерзімдеуге болады», – деп жазады «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлері.
Аттың ері халқымыз үшін аса маңызды бұйымның бірі. Ол көшпелі тұрмыс кешкен ата-бабаларымыздың өмір тіршілігінде қолданыста болды. Керек десеңіз, ер Махамбеттің өзі заманында Исатай Тайманұлын «Ағайынның бас еді, Алтын ердің қасы еді» деп ең бағалы, ең асыл құрамдас бөлігіне теңегені бар.
ХХ ғасырдың басында жасалған ер-тоқым Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Бұл жәдігерді музейге ауыл шарауашылығы ғылымының докторы Құдайберген Өрісбаев тапсырған. «Ат әбзелін өткен ғасырдың 20-жылдары Құдайберген Өрісбаевтың әкесі қолдан шауып жасаған. Екі қасты, екі қапталды, екі үзеңгі баулы және екі құйысқан тағатын шеттік орнатылған. Қазақ халқы дәрежесіне, жынысына, жасына және руына қарай ерлерді де лайықтап, бөгенайлап жасап отырған. Сол дәстүр негізінде бұл ерде Найман руының ұсталарына тән шеберлік пайдаланылған»,– дейді музей директоры Қуанәлі Алмасбек.
Біз көзбен көрген ат әбзелдері:
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едің, – дейтін Шалкиіз жырау мен Махамбет Өтемісұлының «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай» деген жорық жырын еске түсіреді. Қалай десек те, бұл жәдігерлерде бабаларымыздың жауынгерлік рухы жасырынып жатқаны анық.
Ерзат АСЫЛ





