Ықылым заманнан мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыз төрт түліктің еті мен сүтін былай қойғанда, мүйізі мен тұяғы, түгі мен жүні, терісіне дейін пайдаға асырып, кәдеге жаратқан. Сүттің құрамы мен қасиетін жыл маусымына, малдың жеген жем-шөбіне қарай талғап, таңдап, жанға азық, дертке дауа ретінде кеңінен пайдаланған. Осынау атакәсіптің жібін үзбей жалғап келе жатқан ерлі-зайыптылар – Жарқын Жұмағазы мен Азангүл Әлбосын.
Еңбекшіқазақ ауданын Сарыбұлақ ауылында тұратын бұл отбасы түйеден алатын өнімнің пайдасын жақсылап зерттеп, 2016 жылы түйе шаруашылығын дамытуға бел буады.
«Осы бастамамен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қабылдауында болдық. Кәсібімізді қолдап, аймақ басшысы Қаражота ауылдық округінен 226 га жер берді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен 7,5 млн теңге несие алдық. Солай түйе санын арттырып, бүгінде 80 басқа жеткіздік», – дейді шаруа.
Ғылыми зерттеулер түйе сүтінің құрамы сиыр сүтінен әлдеқайда бай екенін дәлелдеп отыр. Мәселен, оның құрамындағы С дәрумені сиыр сүтіне қарағанда 3 есе, ал темір мөлшері 10 есе көп. Бұл – қаны аз және иммунитеті төмен жандар үшін таптырмас ем. Сонымен қатар түйе сүтінде лактоза мөлшері аз болған соң басқа сүт өнімдерін көтере алмайтын жандарға өте қолайлы. Түйе сүтінің ең басты ерекшелігі – оның құрамында инсулин тектес ақуыздың болуы. Ол асқазан сөліне ерімей, тікелей қанға өту арқылы қант мөлшерін реттеуге көмектеседі. Сондықтан қант диабетіне шалдыққан науқастар үшін түйе сүтінен жасалған өнімдер – тек ас емес, тұрақты қолданатын нағыз табиғи ем. Бұдан бөлек, асқазан мен өкпе, жүйке мен иммундық жүйеге де пайдасы мол.
«Түйе сүтінің пайдасын жан-жақты зерттегенімізбен, бастапқыда тек шұбат саттық. Ал былтырдан бері түйе сүтінен «Қазақ қызы» брендімен балмұздақ дайындауды қолға алдық. Бүгінде шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын және басқа дәмдермен балмұздақтың жиырма шақты түрін жасап көрдім. Аз мөлшерде ғана қант қосылған, консервантсыз, қоспасыз, табиғи өнім. Балмұздақты баршамыз ұнатамыз. Әсіресе, балалар тәттілігі үшін сүйсініп жейді. Ал біздің балмұздақтар тек тәтті ғана емес, денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан мұндай өнімге сұраныс та жоғары болары даусыз», – деген Азангүл Әлбосын балмұздақ жасау техникасын шетелде арнайы оқып, бизнесін бастауға қажетті негізгі аппаратын да ала келген. Алайда кәсібін дөңгелетіп, өнім көлемін арттыру үшін тағы құрал-жабдығын түгендеуі керек.
«Сүтті баяу қайнатамыз. Бұл процесс бір тәулікке дейін созылады. Одан кейін сүтті суытуға да сонша уақыт қажет. Егер мұның барлығы аппаратпен жасалса, уақыт та, күш те үнемделеді. Сондай-ақ балмұздақты дайындаған соң бірден тоңазытқышқа салмаса, еріп кетеді. Пішіні де, күйі мен дәмі де бұзылады. Тасымалдауға тоңазытқышы бар көлік керек. Қазіргі уақытта мұның барлығы қаражатқа тіреліп отыр», – деген ол кәсібіне серіктес, демеуші іздейді.
Былтыр жазда Шелек ауылынан шағын дүкен ашып, шұбат, түйе сүтінен жасалған балмұздақ, құрт, қатық, айран, сүт, шалап сынды ұлттық сусындар мен жеміс-жидектің шырынын да дайындап, өз қолынан шыққан барлық өнімін сол жерде сатылымға қойған.
Ақ тамақтан бөлек, Азангүл түйе бағып отырған соң оның жүнін де кәдеге жаратады. Түйе жүнінен шұлық тоқып, белтартқыш пен тізеқап, көрпе-жастық тігіп, ауылдастарынан тапсырыс алып отыр.
«Сәтін салса, алдағы уақытта Алматы секілді үлкен қалада дүкен ашып, «Қазақстанда жасалған» деп, отандық өнімдерді көпшілікке ұсынуды армандаймын. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әлемге таныта берейік», – дейді Азангүл Әлбосын.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




