Кеген ауданы Тасашы ауылындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Дәстүр сөйлейді: әр салттың астарындағы мағына» тақырыбында танымдық кеш өтті. Ізгі шараның мақсаты – ұрпағын салт-дәстүрмен, әдепті ырым-тыйыммен тәрбиелеп келе жатқан дана халқымыздың өнегесін одан әрі жаңғырту, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
– Дәстүр ата-бабаларымыздың дүниетанымымен астарлас. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті қазынамыз, – деген Тасашы ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Сара Қасымханова аталған кештің мәні мен мазмұнына кеңінен тоқталды.
Шара барысында ауыл өнерпаздары – Бақыт Халықова, Тұрахан Қоңыржанқызы, Жандос Асанов, Әмзебек Нұрбүбі, «Аруана» әжелер тобы дәстүрлі әндерді құйқылжыта шырқап, жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Республикалық байқаулардың жеңімпазы, әнші Төлғожа Алпамыс арнайы келіп, өнерін ортаға салды.
Әсем әнмен әрленіп, тәтті күймен көмкерілген игі шарада құттықтау сөз алған қонақтар да аз болған жоқ. Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева тағылымды кештің өтуіне ұйытқы болған Сара Қасымханова мен ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да дәстүрімізді насихаттайтын шаралар жалғаса беретінін айтты. Тасашы ауылының әкімі Ерболат Төребаев ақ жаулықты аналарға ризашылығын білдіріп, белсенді қызмет еткен әйелдер қауымын Алғыс хатпен марапаттады.
Ұлттық болмысты сақтау, құндылықтарды қастерлеу, ата дәстүрді дәріптеу – басты парызымыз. Осылай тәрбиеленген ұрпақ әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, елімізді жарқын болашаққа бастайтыны анық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





