Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Ұлт өрнегі – ұрпақ өнегесі» атты ұлттық киімдердің сән көрмесі көпшілікке ұсынылды.
Көрмеде қыз-келіншектердің талғам таразысына сай келер эстетикалық күміс, түрлі-түсті тастармен көмкерілген әшекейлер жиынтығы көрме экспозициясы төрінен орын алды. Көрмені республикамызға танымал, ұлттық қолөнер заттарын бұқара көпшілікке насихаттап жүрген қарасайлық Бекдайыр әулетінің ұлттық реңктегі ою-өрнекпен нақышталған туындылары құрады. Бұл әулет өз туындыларымен Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына арналған ұлттық киім және «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауларының бас жүлдесін иеленген.
Бекдайыр отбасының ұлттық нақыштағы туындыларын тамашалауға келген Ә. Бұқарбайқызы атындағы және Қарасай батыр атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларының назарына ұлттық құндылықтарымыз ұсынылды. Көрмеде ұлттық мәдениетіміздің ілкі бастаулары байырғы тарихымызбен астастырыла көрсетілді. Заманауи технологиялар жетістігін пайдалана отырып, өскелең жастың талғамына оң әсер беретін, тіпті қыздардың қызығушылығын оятқан әшекей – сырға, сақина, алқа, білезік, шашбау, көз жауын алар шекеліктің түр-түрі көрмеден орын тапты. Қазақ тарихының байырғы құнды жәдігері жартас суреттеріндегі айшықты бейнелер, ою-өрнек үлгілері сонау қола дәуірі кезеңнен қалған құндылықтарымыз мата, жүн мен киіз үлгілерінен дайындалған киім-кешек туындыларынан, яғни, коллекциялық топтамасын жоғары сынып оқушылары өз қалауына қарай киіп, жастар талғамындағы сән көрсетілімін жасады.
– Ұлттық киім мен қолөнер туындылары – халқымыздың рухани мұрасы, тарихы мен тағылымының айнасы. Ою-өрнектің өзі – терең мән мен мағынаға ие, әрбір киімде – тәрбие, әрбір әшекейде ұлттық болмыс жатыр. Осы арқылы біз жас ұрпақты тәрбиелеп қана қоймай, бойларына ұлттық құндылықтарды сіңіреміз, – деді көрмеге қойылған жәдігерлердің төл авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Бекайдар мен зайыбы Анар Нарботанова.
Шара барысында қазақ халқының тарихы да баяндалды. Көрме жұмысының басты мақсаты өткен кезең мен бүгінгі күннің сабақтастығын көрсету болды. Орталыққа көрме экспозициясын тамашалай келген көпшілік, ұлттық бұйымдарға қызыққан оқушылар орталықтың ғылыми қызметкерлеріне өздерінің сауалдарын қойып, ұлттық құндылықтарымыздың мәні мен маңызына терең үңілді.
Алпамыс ӘБУ,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері
Қарасай ауданы





