Нарынқолдағы Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында «Балалықтан – даналыққа» атты танымдық шара өтті. Жас буынның білім көкжиегін кеңейтіп, кітап оқуға қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жобаға осы ауданның спортшылары мен белсенді азаматтарынан құралған «Хантәңірі қырандары» қоғамдық қоры құрған «Күлтөбе» мәдени-танымдық клубы мұрындық болды.
Бұл жоба былтыр желтоқсан айында қолға алынып, аудандағы мектеп оқушылары арасында жас оқырман жарысы ұйымдастырылған. Міне, енді сол байқаудың қорытынды кезеңі де келіп жетті. Білім бәсекесіне үздік шыққан 100 оқушы қатысты. Жас оқырмандардың үкілі үмітін бағалауға арналған шараға аудандық білім бөлімі басшылық жасады. Шараға ұстаздармен қатар республикалық «Мөлдір бұлақ» және «Балдырған» журналының қызметкерлері, қаламгерлер, студенттер мен магистранттар, демеушілер қатысты.
Жас оқырмандарға арналған салтанатты шарада Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Мұқаметжанов сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі:
– «Балалықтан – даналыққа» жобасы – уақыт талабынан туындаған, жас ұрпақты рухани құндылықтарға жетелейтін маңызды бастама. Биыл Аспантау өңірінің тұрғындары үшін ерекше жыл – ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осындай айтулы кезеңде білімге құштар, кітапсүйер ұрпақтың өсіп келе жатқаны – аудан болашағының жарқын екенін көрсетсе керек. Кітап оқитын, білімге ұмтылған жастар – еліміздің жарқын болашағы, – деген Дидар Нұрболұлы осынау игі бастамаға ұйытқы болған «Хантәңірі қырандары» қоғамдық қорының ұжымына алғыс білдірді. Рухани құндылықты насихаттауға арналған шараға арнайы келген «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» балалар басылымдарының өкілдері – Құлкерім Елемес пен Дәулетбек Байтұрсынұлы да ақжарма тілектерін арнады.
Шара барысында жас оқырмандар қазақ руханиятына, ғылымы мен мәдениетіне қатысты тағылымы терең «Жұмабек және жер майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Қаныш және ғылыми майдан», «Мамандықтың мәні» атты төрт кітап негізінде білімдерін сынады. Байқаудың алғашқы кезеңінде үміткерлер аталған кітаптардың мазмұнына қатысты тест сұрақтарына жауап берді. Одан сүрінбей өткен 25 оқушы келесі кезеңге жіберілді. Олар бес топқа бөлініп, туындылардың ішіне жасырылған негізгі терминдер мен ұғымдарды тауып, жазудан бәсекеге түсті. Ал үшінші кезеңде әр топ кітаптың идеялық өзегіне байланысты философиялық сұрақтарға ақылдаса отырып жауап беріп, ой түйіндеді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, «Хантәңірі қырандары» қоры тағайындаған ақшалай сыйлыққа және туристік жолдамаға ие болды. Атап айтқанда, үшінші орын алған «Жас қыран» тобы 100 мың, екінші орынға көтерілген «Болашақ» тобы 150 мың, бірінші орынды жеңіп алған «Жас алаш» тобы 200 мың теңгені, «Парасат майданы» тобы бас жүлдеге тағайындалған 250 мың теңгені қанжығаларына байлады. Сондай-ақ жеңімпаз деп танылған 25 оқушыға Түркістан қаласына саяхаттауға жолдама берілді. Сонымен қатар бұл күні оқушылардың ғылым мен техника саласында өздері ойлап тапқан туындыларының, қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көпшіліктің көзайымына айналды.
Қорыта айтқанда, бұл шара жас буынның кітапты оқумен ғана шектелмей, оқығанын ой елегінен өткізіп, талдай білуге деген ықыласын арттырды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы



