Қазір әрбір үйде бір емес бірнеше көліктен тұратын заман болды. Шүкір, табысымыз артқан, жағдайымыз жақсарған. Тіпті, ауылды жердің өзінде ағылған көлік саны күннен-күнге артып отыр. Ал көлік көп болған сайын оған қызмет көрсету орындары, яғни, техника жөндеу орталықтары да сәйкесінше көбейеді. Бірі сол мініп жүрген көлігіміздің дөңгелегін жөндесе, енді бірі қозғалтқышын қалыпқа келтіріп жатады, тағы бірі басқа да ақауларын түзетеді.
Рахимжан Амраев та осындай бір орталық ашсам деген арманмен талай жылды артқа тастады. Кішігірім ғана өзінің дөңгелек жөндеу орталығын ашып, бір жағы елге пайдамды тигізсем, екіншіден, отбасымның нәпақасын тапсам деген мақсаты оны 2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына жетелеп апарған. Сол жылы «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік бағытында білім алып, 6 пайызбен 3 миллион теңге несие алады. Бірден дөңгелек жөндеу және көлік жуу орталығын ашады. Осылайша, арманын ақиқатқа айналдырады. Ең бастысы, өз жұмысының сапалы болуын қадағалайтын Рахимжанның қызметі бірте-бірте көптің аузында жүреді. Енді ғана жұмысы алға баса бастаған тұста дүниені дүрліктірген пандемия елге жетеді. Пандемия көптеген кәсіпкердің ісіне кері әсерін тигізген болатын. Осы тұста Рахимжан ағамыздың да көлік жуу орталығы өз жұмысын тоқтатады. Бұрынғыша ағылған ел де азаяды. Сондықтан, біраз уақыт тек көлік доңғалақтарын ғана ауыстырып, жөндеп күнелтеді.
Ұдайы ізденіс пен еңбекке деген құлшыныс Рахимжан ағамызды тағы бір жаңа іске алып келеді. Аудандағы барлық көлік жөндеу орталықтарының жұмысын зерделеп, жүргізушілердің сұранысын саралап, көлік дөңгелегі дискілерін жөндеу станогын алуды ұйғарады. Бұл – ауданда жоқ дүние. Тіпті, көрші Кеген, Райымбек аудандарында да дискіні жөндеу құрылғысы жоқ екен. Бұл ойын кәсіпкерлік палатасымен келісе ортырып, өткен жылы инновациялық жобалар қатарында бизнес жоспарын жасап, мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаражат алуға өтініш береді. Рахимжанның жобасы шынымен де өзгелерден ерекше болып, арнайы комиссия жобаны мақұлдап, Рахимжан Амраев 3,7 миллион теңге грант иегері атанады. Өткен жылы мақұлданған жоба қаражатына биыл қол жеткізеді. Бұған өзі қалағандай дискіні жөндеу станогын, сонымен қатар, арнайы аргондоғалы дәнекерлеу (аргонодуговая сварка) құрылғыларын алып, жұмысын бастайды. Ендігі жерде бұған дейін титан, алюминий дискілерін түзету, дәнекерлеу үшін қалаға ағылатын аудандағы жүргізушілер еш қиналмастан аудан ішінде-ақ жөндететін болды. Оның үстіне Рахимжан ағамыз өз жұмысының өтеуін қаладағы бағадан да әлдеқайда төмен әрі қолжетімді дәрежеде қойған екен. Әр дискі жөндеу ауырлығына қарай бағаланады.
Ресейден алынған құрылғылар арқылы Рахимжан Амраев бүгінде Ұйғыр ауданының ғана емес, Кеген, Райымбек аудандары жүргізушілерінің де сұраныстарын өтеп отыр. Жолдардың сапасыздығы көлік доңғалағының дискісіне әсер етері анық. Майысқан, сынған, сызат түскен түрлі дискілер Рахимжан ағамыздың қолынан су жаңа қалпына қайта келеді. Үлкен ұлын да осы салаға икемдеп, жанына көмекші етіп алған. Екеулеп әр келген клиенттің жұмысын демде, сапалы жасауға машықтанған.
Рахимжан ағамыз болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Бүгінгі күні көліктерге геометрия жасау да ауданда кенже қалып тұр. Заман дамыған сайын заманауи, адам күшін көп қажет етпейтін құрылғылар да пайда болды. Солардың бірі – 3D геометрия жасау аппараты. Осы аппаратты алса, көлікке геометрия жасау әлдеқайда жеңіл әрі сапалы болмақ. Рахимжан ағамыздың ендігі мақсаты – дәл осындай құрылғыға қол жеткізу.
Еңбек пен талап, ізденіс пен жігердің, арман мен мақсаттың алмайтын асуы, шықпайтын шыңы жоқ. Осыдан он жыл бұрын осындай аппарат алып, өз кәсібімді бастасам деген ой Рахимжан ағамыз үшін тек арман болатын. Ал бүгін сол арман орындалып, ісін дөңгелеткен кәсіпкер болды. Жұмыс орнын мұнтаздай таза ұстайтыны, әр ісіне мұқият қарайтын жауапкершілігі, кәсібіне деген адалдығы арқасында елдің алғысын арқалап жүр бүгінде. Тіпті, аудандық кәсіпкерлік палатасы сырттан келген қонақтарға да, арнайы комиссияға да Рахимжан ағамыздың ісін үлгі ретінде ұдайы алға тартады, мақтан тұтады. Ақкөңіл, жарқын жанмен аз уақыттық әңгімемізде адам баласы шын талпынып, алдыға мақсат қойса, оған жету жолы да оңай әрі жемісті болатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы