Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Тағылымды шараға композитордың жары Баян Дүйсекеевa, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Кеш барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев сөз сөйлеп, композитордың жарына сый-сияпат көрсетті. Ал Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрағасы Артық Тоқсанбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Бейбіт Оралұлы сынды марқұмның көзін көрген өнердегі серіктері Кеңес Дүйсекеұлының таланты мен тағылымды ғұмыр жолы жайлы тереңінен сыр толғады.
Кеш барысында композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы әндері шырқалды. Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Асыл ана», «Ойлан, балам», «Анаға хат», «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада» секілді туындылар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның өнерпаздары асқақтата шырқаған «Өкінбе сен», «Сәлем саған, Туған ел» сынды әндер де жұрт жүрегін толқытты. Ән құдіреті әр кеудені сағынышқа толтырып, әлдебір тілсіз сезіммен тербеп бара жатты. Осылай өнер иесінің қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесі, халық жадында сақталған туындылары ерекше ілтипатпен аталды. Біз де «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятқан» кештің куәсі болғанымызға бір желпініп қайттық.
Кеңес Дүйсекеев – қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей туындылардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған көрнекті композитор. Оның шығармашылық мұрасында «Толғау» симфониясы, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасы, «О, дүние» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар циклі, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклдері мен 200-ден астам ән бар.
Ерзат АСЫЛ




