Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің Береке ауылында заманауи, мазмұнды әрі жарқын істерімен жұртшылық көңілінен шыққан Мәдениет үйі бар. 1979 жылы салынған бұл ғимарат өткен ғасырдың соңында әуелі жекеменшікке сатылып, кейін тоз-тоз күйге түскен еді. Алайда 2020 жылы ауыл тұрғындарының жанашырлығы мен жергілікті әкімдіктің қолдауының арқасында Мәдениет үйі қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылды. Сол жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, өнер ошағы жаңа кейіпке енді.
Мәдениет үйінің директоры Қолқанат Измахановтың айтуынша, мұнда акт залы, спорт залы, кітапхана, хореография сыныбы және әдістемелік кабинеттер қарастырылған. Барлығы 14 қызметкер жұмыс істейді.
Ұжым мүшелеріне тоқталсақ, Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әлия Семетаева, концертмейстер – Советхан Раисов, ал әдіскерлер Айжан Айдарбекова мен Сымбат Мұнатай «Мереке» фольклорлық ансамблінің вокалистері. Дыбыс операторы Ерлан Нұртаев тек техникалық қызметпен ғана айналыспай, өзі де ән айтып, баян тартады. Осылайша, өнер ошағының ұжымы округтегі барлық мерекелік іс-шараға қатысады.
– Округ пен ауданның мәдени өмірінде «Асыл қазына» хорының орны ерекше. Оның құрамында Назаркүл Уәлиева жетекшілік ететін аға буынның 20 өкілі бар, – дейді Қолқанат Қараманұлы. – Бұл ұжым – аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2025 жылы олар Қырғыз Республикасында өткен «Дружба народов» байқауына және Түркиядағы халықаралық фестивальге қатысып, жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар Мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған «Мереке» фольклорлық ансамблі мен «Мерей» вокалды-аспаптық ансамблі жұмыс істейді. Ерғазы Қайықбай жетекшілік ететін «Серпін» домбырашылар ансамблі де ұлттық өнерді дамытуға зор үлес қосуда. Ал Мақпал Жаркетерова жетекшілік ететін «Кербез» және «Сылқыма» би ұжымдары түрлі деңгейдегі байқаулардан топ жарып келеді.
Мәдениет ғимаратында төрт спорт секциясы да жұмыс істейді. Таэквондоны Мақсат Мақсұтов, киокушинкайды Нұрсұлтан Төлендіұлы, дзюдоны Аида Карчаева, ал бокс секциясын Аска Құралов пен Мұстафа Қасымбеков жүргізеді. Спортшылар облыстық және халықаралық турнирден жүлдемен оралуда. Сонымен қатар Мәдениет үйінде Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан спортшылары қатысқан халықаралық бокс жарыстары ұйымдастырылды. Бұл шаралар өңірдің спорттық өмірінде маңызды орын алып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып келеді.
Өнер ошағында домбыра, вокал, хореография, қолөнер, сурет салу сияқты тоғыз шығармашылық үйірме бар. Үйірме жетекшілері Қаршыға Маратова, Гүлнар Бәрібаева және Перизат Секімбаеваның еңбегін ерекше атап өткім келеді, – дейді Қолқанат Қараманұлы. – Сондай-ақ фортепиано мен вокалдан Элеонора Молодцова мен Назаркүл Уәлиева дәріс береді.
Ауылдық Мәдениет үйінің маңызды бөлімдерінің бірі – 1204 оқырманға қызмет көрсететін кітапхана. Оның қорында 5080 кітап бар. Мұнда коворкинг және білім орталығы жұмыс істейді. Директордың айтуынша, кітапханада ақын-жазушылар шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш және мәдени-ағартушылық шаралар тұрақты өткізіледі. Кітапхана меңгерушісі Жәмилә Қарқынбаева да мәдени өмірге белсенді қатысып, «Асыл қазына» хоры мен «Мереке» ансамблінде өнер көрсетеді.
Береке ауылының Мәдениет үйінде 2016 жылдан бері Жанар Тұрғынбаева басқаратын «Обрайн» балалар дамыту орталығы – жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасайтын нағыз таланттар мектебі. «Ана мен бала» қорының қолдауымен әлеуметтік жобалар аясында жүз бала бірнеше жылдан бері орталықта тегін білім алуда. Биылдан бастап мұнда балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бағдарлама іске қосылды.
Жалпы алғанда, Береке ауылының Мәдениет үйі – жан-жақты өркендеп келе жатқан маңызды мәдениет ошағы. Мұнда қолға алынған әрбір жоба мен өткізілген әрбір іс-шара ұлттық мұраны насихаттауға және қоғамның мәдени деңгейін арттыруға зор үлес қосуда.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




