Облысымызда 1-3 мамыр аралығында туристік бағыттарда экологиялық акция жарияланған болатын. Бұл жолғы акцияда демалыс және туристік аумақтарды тазалауға басымдық беріліп отыр.
Осы орайда, Кеген ауданындағы көркіне көз тоймайтын «Көлсай көлдері» мен «Қайыңды» көлі аумағында кең көлемді тазалық акциясы өтті. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.
Іс-шара барысында «Көлсай көлдеріне» қарасты «Қарабұлақ» орманшылығының мемлекеттік инспекторы Қайрат Қасымұлы аталған акцияның маңыздылығын атап өтіп, туристерді қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Қайыңды» сайы мен «Қайыңды» көлі аумағындағы тұрмыстық қалдықтар тазаланып, тұрғындар демалысына қолайлы жағдай жасалды. Тазалық жұмысы тек «Қайыңды» көлі аумағымен шектелмей, жаяу жүргіншілер жолының жиегі де ретке келтірілді. Сонымен қатар, қураған ағаштар оталып, аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізілді.
– Бүгінгі іс-шара аясында «Қайыңды» көлі аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, өңірдің тазалығы ең алдымен жолдардың және қоғамдық орындардың тазалығынан көрінеді, – дейді мемлекеттік инспектор Тілеулес Азамат.
“Таза болса – табиғат, аман болар адамзат” – демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың борышы.
Осылайша, акцияға қатысушылар туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарап, игі іске жұмыла атсалысты. Бұл – саябақ пен орман қызметкерлерінің экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, ұлттық мұраға деген жанашырлығының жарқын көрінісі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



