Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында ел үшін жанын құрбан еткен боздақтардың ерлігін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Қазақ даласынан 1 миллион 200 мың азамат Екінші дүниежүзілік соғысқа шақырылды. Бұдан бөлек, сол уақытта әскерде Қазақстаннан 187 мың сарбаз өз борышын атқарып жатқан еді. Сонда барлығы 1 миллион 387 мың адам соғысқа қатысты, соның тең жартысы майдан алаңынан қайтпай қалды. Із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы соғыс аяқталғалы 80 жылдан аса уақыт өтсе де, әлі нақты санын ешкім айта алмай отыр.

Матқалық Дәуренбаев – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, сол майданнан оралмаған боздақтардың бірі. 1939 жылы әскерге алынып, 1941 жылы хабар-ошарсыз кеткен. Ол – Жамбыл ауданы Еңбекшіарал ауылының тумасы. Тәуелсіздіктің арқасында ел тарихы қайта жазылып, өткеніміз бағалана бастағаны анық. Архив беттері ашылып, тарихымыз құнды деректермен толықты. Жетпіс бес жылдан астам уақыттан кейін архив деректері арқылы оның Брест қамалы қорғаушылары құрамында болғаны туралы құнды құжат өткен күнге үңілтті. «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деген осы емес пе? Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Ол кісі әскерде жай ғана сарбаз емес, взвод командирінің көмекшісі, аға сержант болды. Тағы бір баса айтатын дүние – әскери бөлімде жүріп, сол уақыттың, майданның тыныс-тіршілігін жазып, газет беттеріне жариялады. Бүгінде басылым бетінен табылған 45 мақаласы оның қаламы жүйрік әскери тілші болғанын айғақтайды. Жарияланған мақалалары сол кезеңдегі әскери өмірдің тыныс-тіршілігін суреттейді. Бейбіт өмірде білікті басшы, білімді ұстаз бола білген жауынгер әскерде де сауаттылығымен ерекшеленді, білімді ісімен артына із қалдырды. Мақалаларда көрсетілген әскери тәртіп, сол заманның талабы, тәрбиелік мәні зор деректер, жауынгерлердің аты-жөндері, басқа да маңызды мәліметтері бүгінде тұнған тарихи дерек дер едік. Соғысқа дейінгі әскери өмірді баспасөз беттерінде жаза білген, қазақтан шыққан алғашқы әскери тілшілердің сапында болды деп айтсақ, артық етпес. Оның әскери журналистика тарихында алар орны ерекше.
Бұл – әлі де болса терең зерттеуді қажет ететін тарих беттері. Матқалық Дәуренбайұлы – сол кезеңнің талабына сай оқып, білім алған сауатты маман. Қолда бар архивтік деректерге сүйенсек, зайыбы Мырзатайға жолдаған хаттары қазақ тілінде жазылған. Латын әріптерін де кеңінен қолданған. Ал оның газетке жариялаған 45 мақаласы орыс тілінде басылған. Бұдан біз оның қос тілде де сауатты, білімге құштар, парасаты биік азамат болғанын білеміз. Әттең, қайран боздақ соғыстан аман келсе, халқының адал ұлы болып, білімнің шыңына шығар ма еді?! Осындай деректерден түйгеніміз, ауылдан шыққан қазақ баласының қазақ, орыс тілінде өте сауатты мақала жазып, бүкіл стилистиканы жетік меңгергені, терең білімі бізді қуандырмай қоймайды әрі біз үшін, ұлт үшін үлкен мақтаныш!
Жарты ғасырға жуық уақыт Брест қамалын қорғаушы қазақстандықтар туралы мәліметтер жинап келемін. Осы жолда көп ізденіп, зерттеу нәтижесінде Брест қамалына бірнеше рет бардым, архив мұрағаттарымен жұмыс істедім, тірі қалған соғыс ардагерлерімен кездестім, олардың майдандастары туралы естеліктерін газет, радио беттеріне жарияладым. Көп іздену мен зерттеу нәтижесінде 2016 жылы «1941. Брестская крепость. Казахстан» атты Екінші дүниежүзілік соғыстың КСРО аумағын қамтуы, сөйтіп, Отан соғысының басталуы мен Брест қамалын қорғаудың 75 жылдығы құрметіне шығарылған кітап басылды. Онда мұрағаттар мен кітапханаларда табылған 556 қазақстандықтың тізімі көрсетілді әрі Брест қамалында 1941 жылдың 22 маусымында болған түрлі полк пен құрамалардың жауынгерлік әрекеттері суреттелген. Аталған кітапта негізі Алматы қаласы мен облысынан әскерге шақырылған азаматтар тізімін анықтадым. Солардың қатарында Брест қамалын қорғаушылар тізіміндегі 333-атқыштар полкінің құрамында болған Матқалық Дәуренбаевтың да есімі 438 және 576-беттерде жазылған. Онда: «Старший сержант Дауренбаев Маткали – помощник командира стрелкового взвода 5-стрелковой роты 2-стрелкового батальона 333-стрелкового полка. Родился 1912 году в п. Энбекши-Арал, Джамбулского р/на, Алма-Атинской области. Призван в армию в октябре 1939 г. Сталинском РВК. г.Алма-Ата», – деген мәлімет бар.
1941 жылы 1 сәуірде Брестте шыққан «Часовой Родины» газетінде 333-атқыштар взводы командирінің көмекшісі М.Дәуренбаевтың жауынгерлерге КСРО Қорғаныс халық комиссарының бұйрығын таныстыру жұмысын жүргізу сәтінен жарық көрген екі фотосуреті табылып, ұрпақтарына жеткізілді. Архивтік деректерге сүйенсек, Матқалық Дәуренбаев – Алматы қаласындағы педагогикалық институттың (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) тарих-география факультетінің тұңғыш түлектерінің бірі. Алматы қаласының №46 мектебінде 1935 жылы мұғалім болған, 1936 жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалған. 1939 жылы осы директорлық лауазымда жүргенде Алматы қаласы Сталин ауданы (қазіргі Алмалы ауданы) әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге аттанған. Бұл кезең жоғарыдан арнайы жарлық шығып, ер-азаматтар әскерге аттанып жатқан кез болатын. Осы орайда ерекше тоқталып өткім келетіні әрі бұл әулеттің басты ерекшелігі – білім, ғылымға құштарлығы. Қиын-қыстау жылдарда жоғары дәрежелі білім алғандықтан, үлкен аталары Дәуренбай бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ-да аға оқытушы мәртебесімен ұстаздық етсе, балалары Матқалық Алматы қаласы маңындағы мектептің бірінде директор, екінші ұлы Ыбырайым осы институттың үшінші курсынан әскерге кеткен. Соғысқа дейінгі кезеңде жоғары оқу орнын оқыған қазақ зиялысы саусақпен санарлықтай екені баршаға аян. Матқалық әскерге аттанғанда артында әкесі Дәуренбай, зайыбы Мырзатай және 3-4 жастағы екі ұлы – Мәлік пен Айдар қалған. Анасы Рәзия өмірден ерте озған. Көп ұзамай, артында қалған бауыры Ыбырайым да әскерге алынған, кейін ол соғыстан аман оралып, капитан шенінде елге келіп, зейнетке шыққанша ұстаздық жасаған адам. Атамыз екі жылдық әскери мерзімін аяқтап, елге қайтар шақта 1941 жылы Отан соғысы басталды.
Жары Мырзатайға жіберген соңғы хаты 1941 жылдың мамыр айында Брест қамалынан жазылған. Осы хаттан кейін одан еш хабар болмаған. Сол жылдың аяғында әскери комиссариаттан «Із-түзсіз жоғалды» деген анықтама келген. Мырзатайдың ізденіс-сұранысы нәтижесінде 1950 жылы Жамбыл аудандық әскери бөлімінен Матқалықтың Брестегі 333-атқыштар полкі құрамында болғаны туралы анықтама келген.
2021 жылы 22 маусымда Отан соғысының басталғанына 80 жыл толуына орай Белорусь жеріндегі Брест қамалында еске алу шеруі ұйымдастырылды. Шараға Брест қамалын қорғауға қатысқан соғыс ардагерлерінің, ТМД елдерінен қамал қорғаушыларының мыңдаған ұрпағы жиналды. Тағзым етушілердің арасында Матқалық Дәуренбаевтың да ұрпағы болды, туған елден апарған топырақ та бұйырды. Әрине, мұның бәрі мемлекет арасындағы халықтар достығының, ынтымақ пен бірліктің, татулықтың арқасы екені баршамызға мәлім.
2022 жылы «Военная журналистика 1940 – 22.06.1941 годов: на примере публикаций военкора М.Дауренбаева» атты кітабым жарыққа шықты. Кітапта Матқалықтың әскери газетке жариялаған 45 мақаласы берілген, кітап осы негізде құрастырылған. Аталған кітаптың тұсаукесері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізіліп, оқырманға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жеткізілді. Бұл игі шара Брест қамалында да жалғасын тапты. Болашақ журналистер мен тілшілерге оқу-әдістемелік құрал негізінде ұсынылды. Бұл оқу құралы – журналистика факультетінің студенттері үшін, әскери журналистер үшін, медиа және қоғаммен байланыс қызметкерлерін дайындау, жастарға патриоттық тәрбие беру міндеттерін іске асыру үшін қажетті оқулық. Сондай-ақ ХХ ғасыр тарихы мен Қазақстан тарихын зерттейтін тарихшыларға, саясаттанушыларға және гуманитарлық сала мамандарына да пайдалы. «Подвиг казахстанцев еще ждет своих исследователей» атты мақаламда («Казахстанская правда», 31 января, 2025 г.) осыған толық тоқтала отырып, көп жыл бойы зерттеген еңбектерімнің нәтижесіне үңілдім, болашағыма сеніммен қарадым, маған үлкен бір леп бергендей болды.
2021 жылы жауынгер ұрпақтары Мырзатай апаларының айтқан естеліктері мен архив деректерін жинақтап, «Қара шаңырақ» атты отбасылық кітап шығарды. Аталған кітапта М.Дәуренбаевтың Алматы қаласының архивінен және Брестен жіберген фотосуреті, жазған хаттары, әскери комиссариаттан келген анықтамалар берілген. Бұл құжаттар отбасылық жәдігер болып мәңгі сақталары сөзсіз. Бұл – тек бір адамның тағдыры емес, бұл – тұтас ұрпақтың рухы, ел үшін жанын қиған боздақтардың мәңгілік бейнесі. Матқалықтың есімі уақыт өткен сайын көмескіленбей, қайта жарқырап, тарихтың төрінен орын алды. Оның ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, елге деген адалдық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің биік символы. Брест қамалын қорғаған батырлардың рухы мәңгі жасайды, ал олардың есімі ел жадында, жүрек төрінде мәңгі сақталмақ.
Ләйлә АХМЕТОВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
