Перейти к содержимому
Главная страница » Тіл құндылығын дәріптеген

Тіл құндылығын дәріптеген

Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» облыстық жобасының қорытынды шарасы өтті. Оған қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ұстаздар қауымы мен облыс жастары қатысты.

Бастама еліміздегі тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қолға алынған. Жоба Талғар ауданынан басталып, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында жалғасты. Қорытынды шара Іле ауданында өтіп, өз мәресіне жетті.
Іс-шара аясында тіл мен техноло­гияны ұштастырған жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыс жастарының тіл үйренуге қатысты танымдық курс­тары, мұғалімдердің жасанды интеллект арқылы іске асырып жатқан ерекше бастамалары таныстырылды.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жобаның мән-мазмұнына тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерен еңбегі үшін бірқатар азаматқа марапат табыстады.
– Бұл жоба Мемлекет басшысы­ның «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық бағыттарға сай іске асуда.
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» дейді халық даналығы. Ал цифрлық кеңістікте тіліміздің табиғи тазалығын сақтай отырып, оны заманауи үрдіске бейімдеу – уақыт талабы. Бұл ретте қазақ тілінің ғылыми, техникалық, цифрлық терминологиясын жүйелеу, контент сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің цифрлық ресурстардағы үлесін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Цифрлық технологиялардың қар­қынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отыр. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сонымен қатар оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейтуде. Осындай жағдайда сөздің құндылығын сақтау – тек тіл маман­дарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін, – деген облыс әкімі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. «Көп тіл – бір әлем» байқауы мен оның нәтижесі туралы сөз қозғап, «Алатау дарыны» бағдарламасы аясында шетелде білім алып жүрген өңір жастары жайын да тілге тиек етті. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының атқарған жұмыстарына да тоқталды. Мәселен, өткен жылы 2653 адам тегін курстарда мемлекеттік тілді меңгерген, оның 723-і – этнос өкілі. 674 адам ағылшын тілін, 120 адам орыс тілін үйрену курсына қатысқан. Сонымен қатар қандастардың тілдерді тез үйренуі үшін өткен жылы үш айлық курс ұйымдастырылып, 302 қатысушыға сертификат тапсырылған.
Шара барысында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы дайындаған платформалар көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, «iProtocol» – хаттамалық тапсырмалар мен кеңестердің орындалуын бақылауға арналған жоба. «QazaqLaw» және Ұлттық ЖИ платформасы ресми құжаттар мен хаттарды сауатты дайындауға көмектеседі. Ал «MangiSoz» жүйесінде аудио мен мәтінді жеңіл әрі тиімді өңдеуге мүмкіндік бар. Бұл бастамалар – қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанының дәлелі.
Мазмұнды шара концерттік бағдар­ламаға ұласып, тіл меңгерудің маңызы, ана тілін ұлықтаудың мәні, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптеген қойылым­дар сахналанды.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес. Тіл – ұлттың жаны, болмысы. Кез келген халықты тілі арқылы ғана толық тануға болады. Технология қарыштап дамыған заманда оны меңгерудің заманауи тәсілдерінен де хабардар болған жөн. Ең бастысы, тілді жасанды интеллекті мен инновацияларға икемдеп, жаңа платформаларды ана тілімізде еркін қолдана алуымыз маңызды. Ал «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» сияқты жобалар тіл мәселесіне жауапкер­шілікпен қарауға үндеп, оның дамуы мен қолдану аясының кеңеюіне айтарлықтай серпін береді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Іле ауданы