Өтеген батыр кентіндегі Мәдениет үйінде Іле аудандық тілдерді дамыту орталығының директоры Бақыткүл Каршалованың «Іленің ірі тұлғалары» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бақыткүл Бектенқызы – «Білім беру саласының үздігі», «Еңбек үздігі», «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгілерінің иегері.
Іле ауданы кезінде қазақ жерінің азаттығы үшін арпалысқан Өтеген, Жәпек, Жайнақ, Тойшыбек сияқты батырларымен ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлғаларымен де танымал. Олардың қатарында Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев, Әнуар Молдабеков, Гүлжиһан Ғалиева, Торғын Тасыбекова, Атымтай Қисанов, Мұхамеджан Түймебаев сияқты кешегі кеңестік кезеңде мәдениет пен өнеріміздің қалың жұртқа танытқан көрнекті тұлғалар бар. Автор өңірдің осындай тұлғаларын қамтып, сәтті бір шығармасын өмірге әкелген.
Іле аудандық кітапханасында өткен кітаптың тұсаукесеріне Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, деректі проза кеңесінің төрағасы Марат Тоқашбаев қатысып, жинақ туралы жылы пікірімен бөлісті. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы бас директорының орынбасары Индира Рахымқызы кітап авторының еңбекқорлығын атап өтіп, басшылықтың арнайы құттықтауын табыс етті. Сондай-ақ Іле аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдибекұлы, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Мейрамкүл Түйебайқызы, Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ардақ Ахметжанқызы, Алатау қалалық қоғамдық келісім және даму орталығының директоры Ғабит Сембиев ізгі тілектерін білдіріп, жинақтың оқушылар мен жастарға өңірден шыққан тұлғаларды таныстыруда елеулі рөл атқаратынын жеткізді.
Бақыткүл Бектенқызы Алматы облыстық «Жетісу», Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газеттерінде, ҚР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық кеңесі» апталығында қызмет істеген. ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде, ҚР Құрылыс және тұрғын үй министрлігінде түрлі қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған. Ол ширек ғасырға жуық уақыт Іле ауданында түрлі жауапты қызмет атқарып келеді. М.Мақатаев атындағы №13 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Іле аудандық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып қызмет істеді. 2010 жылдан бері облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Іле аудандық филиалының меңгерушісі.
Мемлекеттік тілге деген жанашырлық бүгінде Бақыткүлдің басты миссиясына айналды. Аудан көлемінде тілді дамытуға байланысты көптеген іс-шара ұйымдастырып келеді. Осылайша ол өңір мәдениетінің алға басуына өз үлесін қосуда. Оның «Іленің ірі тұлғалары» атты кітабы – өңірдегі өлкетану саласын насихаттауға арналған бағалы еңбек.
Раушан ЫНТЫМАҚҚЫЗЫ
Іле ауданы




