Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысының спортшысы 8 дүркін әлем чемпионы атанды

Алматы облысының спортшысы 8 дүркін әлем чемпионы атанды

Алматы облысының тумасы 16 жастағы Жібек Құлымбетова Астанада өткен «Ju-Jitsu Youth World Championship Astana 2023» жарысында топ жарып, алтын медаль иеленді. Осылайша, спортшы джиу-джитсудан 8 дүркін әлем чемпионы атанды. Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының хабарлауынша, 48 салмақ категориясы бойынша сынға түскен спортшы Өзбекстан, Ресей, Тайланд, БАӘ елдерінен келген қарсыластарын жеңді.

«Джиу-джитсудан әлем чемпионаты елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Өз елімнің алдында өнер көрсету оңай болмады. Қатты қобалжығаным рас. Алтын иеленіп, маған сенген жұртымның үмітін ақтағаныма қуанып отырмын», — деді жеңістен кейін Жібек Құлымбетова.

Жалпы,халықаралық шараға 42 мемлекеттен 1000-нан аса спортшы қатысты.

Алматы облысына қарасты Іле ауданының тумасы Жібек 9 жасынан бері спортпен кәсіби түрде айналысады. Бүгінде Қазақстанның спорт шебері, Б. Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісі мен «Дара бала» медалінің иегері. Талай халықаралық додалардың жеңімпазы.