Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі бұрынғыдан әлдеқайда күрделене түскендей. Ақпараттық технологиялар дамып, уақыттың қарқыны үдеген сайын ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас формасы да өзгеріп келеді. Осындай кезеңде баланың тұлға болып қалыптасуында ең маңызды рөл атқаратын отбасы екенін естен шығармауымыз кажет. Өйткені отбасы – баланың алғашқы әлеуметтік ортасы. Ал отбасы құндылықтары баланың мінезі мен өмірлік іргетасы болып, оның дүниетанымын қалыптастырады, үлкен әлемге жол ашып, бағыт-бағдар береді. Сондықтан әр отбасында жылдар бойы жалғасын тауып, дәстүрге айналған отбасылық дәстүрдің орны бөлек.
Отбасылық дәстүр – бұл еш жерде жазылмаса да, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін, отбасы мүшелерінің күнделікті өмірінде немесе ерекше жағдайларда қайталанып отыратын іс-әрекеттер, әдеттер, құндылықтар жүйесі. Мысалы, көпшілігіміз әр мереке сайын әулеттің үлкендеріне хабарласып, құттықтап, сый-сияпатымызды жасап жатамыз. Мұндай ереже, заң, қағида болмаса да, бұл – отбасында қалыптасқан дәстүрдің бір көрінісі әрі үлкенге құрметтің белгісі. Сондай-ақ ата-ананың жас ұрпаққа көрсетер тәрбиесінің үлгісі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін халқымыз бала тәрбиесінде осынау отбасы құндылықтары ерекше маңызға ие екенін ескерген. Өйткені отбасылық дәстүр балаларымызға берер тәрбиеден туындайды әрі соның негізінде жалғасын табады. Бала отбасында көргенін бойына сіңіріп өседі. Ол ата-анасының іс-әрекетін, әдет-дағдысын, сөйлеу мәнерін, адамдармен қарым-қатынасын бақылап, өскенде соны өз ортасында, шаңырақ көтеріп үй болғанда өз отбасында, қоғамда қайталайды. Әрбір әрекет, әрбір сөз бала тәрбиесіне, оның өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан әр азамат қоғамның саналы мүшесі болып қалыптасуы отбасындағы тәлім-тәрбие, қарым-қатынас пен сыйластыққа тікелей байланысты.
Отбасы мүшелерінің арадағы қарым-қатынасын нығайтып, бірлік пен сыйластықты сақтауда отбасылық дәстүрдің маңызы ерекше. Мұндай дәстүрлер отбасы мүшелерін бір-біріне жақындатып, олардың арасында сенім мен түсіністіктің қалыптасуына ықпал етеді. Себебі отбасылық дәстүр – тәрбие жүйесі, өмір сүру мәдениеті, бала болашағының іргетасы. Отбасындағы әдет пен дәстүрден бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, өмірде өз орнын қалай табу қажеттігін үйренеді. Әсіресе, қазіргі қоғамда, түрлі ақпарат көздері баланың санасына әртүрлі әсер етіп жатқан кезде отбасындағы дәстүр баланың ішкі тірегіне айналады.
Психолог мамандардың айтуынша, бала үшін ең маңызды нәрсенің бірі – тұрақтылық. Яғни күнделікті өмірде белгілі бір тәртіппен қайталанатын жағымды әрекеттердің болуы оның психологиялық жағдайына оң әсер етеді.
Отбасылық дәстүр дәл осы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Мысалы, әр кеште бірге тамақтану, демалыс сайын бірлесе фильм көру, қосыла кітап оқу немесе жатар алдында ертегі айту, аптасына бір рет серуенге шығу немесе мерекелерді бірге атап өту балаға «менің отбасым бар, мен жалғыз емеспін, мен жайлы, қауіпсіз ортадамын» деген сенімді қалыптастырады.
«Бала тәрбиесінде ең маңызды фактор – эмоционалдық байланыс. Ал ол байланыс отбасы мүшелері бірге уақыт өткізген кезде қалыптасады. Егер ата-ана баламен тек талап қою арқылы емес, қарым-қатынас арқылы жұмыс жасаса, онда бала ашық, сенімді тұлға болып өседі. Отбасы мүшелері төрт көзі түгел отырып, бірге фильм көру немесе кітап оқу, оны талқылау, ондағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекеті, айтқан сөздері туралы ой қорыту, одан сабақ алудың бәрі ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, сенімді арттырады. Белгілі бір тақырыпқа қатысты бір-бірінің ой-пікірлерін біледі, бір-бірін жақыннан тани түседі, ішкі сезімдері мен қалауы қандай екенін ұғады», – дейді психолог Жеңісгүл Хабаева. Ол отбасылық дәстүрдің тек сыртқы рәсім емес, терең психологиялық мәні бар құндылық екенін алға тартады.
«Жұмыспен жүріп, кейде баламен сөйлесуге де мұрша болмай жатады. Ал балаға ең керегі – қымбат заттар емес, ата-анасының назары. Сондықтан жұмыстан босаған сенбі-жексенбі күндердің бірін отбасымызға, балаларымызға арнауға тырысамыз. Бірге уақыт өткізіп, ойын ойнаймыз, отбасылық фильмдер көреміз, ауа райы жайлы күндері табиғатқа серуенге шығып, саябаққа барамыз, демалыста балаларды ата-әжесіне апарып, туыс-туғанға қыдыртамыз, өзіміз де ағайынды қонақ қылып, мәре-сәре болып жатамыз. Мұның барлығы – тек отбасындағы дәстүр ғана емес, балаларымыздың бір-біріне бауырмал, туыс-туғанмен тату болып өсуіне себепші болар тәрбие. Ағайындылардың балалары бір-бірін іздеп, бір апта көрмесе, сағынысып тұрады. Сондықтан әр отбасындағы осындай отбасылық дәстүр жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей, жете беруі керек», – дейді алты баланың анасы Наргиза Әбдірейімова.
Кейіпкеріміздің баласын сөзге тартып, оған отбасындағы қандай әдет, дәстүрдің ұнайтынын сұрадық.
«Әкеммен бірге бәріміз балық аулауға баратынымыз ұнайды. Қармақ салу, балық аулау, оны тазалаудың барлығын бізге әкем үйретті. Ал анам балықтан дәмді ас әзірлеп береді. Әкем жұмыстан ерте келген күндері кешкі уақытта бәріміз бірге уно, дойбы, дженга сияқты ойындар ойнаймыз. Көп адам ойнаған қызықты болады. Ал демалыста көкемнің үйіне барып, балаларымен далада ойнаймыз. Демалыста бізге смартфон ұстауға болмайды, бірақ балалармен далада ойнаған телефоннан да қызығырақ», – дейді сегіз жастағы Арлен.
Бүгінде балалар көп уақытын телефон мен компьютер алдында өткізеді. Бұл жағдай кейде отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты әлсіретеді. Сондықтан кейбір отбасында «гаджетсіз уақыт» бар. Бұл да – отбасы қағидасының бір көрінісі. «Гаджетсіз уақытта» отбасы мүшелері телефондарын бөлек қойып, бірге уақыт өткізеді. Мұндай қарапайым дәстүрдің өзі ата-ана мен балалар арасын жақындастырып, қарым-қатынасты нығайтады.
Психологтардың айтуынша, мұндай әрекеттер баланың эмоционалдық интеллектісін дамытуға көмектеседі. Яғни бала тек ақпаратты қабылдап қана қоймай, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды, эмоциясын басқаруды үйренеді.
Қорыта айтқанда, отбасылық дәстүр – тәрбиенің негізі. Осы дәстүр арқылы бала отбасының ішкі мәдениетін, құндылықтарын меңгереді және соларды өз өмірінде қолдануды үйренеді. Баланың кішкентай кезінен қалыптасқан әдеті, әке-шешесімен бірге өткізген уақыттың жағымды эмоциясы мен әдемі естеліктері оның есінде өмір бойы сақталады. Отбасылық дәстүр баланың жеке тұлға болып қалыптасуына көмектесіп, әсіресе, жасөспірімдік кезеңде өзін отбасының бір бөлігі ретінде сезінуіне мол сенім ұялатады. Бала болашақта өз отбасын ата-анасының үлгісімен кұрайтынын ескерсек, кішкентайынан жылулық пен қамқорлық көріп өскен азамат кейін өз балаларына да мейірім дәнегін себеді.
Отбасылық дәстүрлер балаға тек жақсы мінез-құлық қалыптастырып қана қоймай, оның өмірге деген көзқарасын, құндылықтарын айқындайды. Отбасында қалыптасқан сүйіспеншілік, сенім мен құрмет – баланың болашақтағы табысты өмірінің кепілі. Тұрақты дәстүрлер отбасының өміріне мән қосып, дағдарыс кезінде қолдау көзі ретінде қызмет етеді. Отбасылық дәстүр отбасы мүшелерінің қуанышты бірге бөлісіп, қиындықты да бірге жеңуге болатынын үйретеді.
Әр отбасы өз дәстүрін қалыптастырып, оны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білсе, қоғам да берік, саналы және үйлесімді болмақ. Себебі мықты отбасы – мықты қоғамның негізі.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы
