Перейти к содержимому
Главная страница » Рәміздер рухы – Конституцияның күші

Рәміздер рухы – Конституцияның күші

«Рәміздер рухы – Конституцияның күші» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның аймақтық филиалдарының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 3–4 маусым аралығында ауқымды қоғамдық-патриоттық іс-шаралар кешені жоғары деңгейде өткізілді. Бұл ауқымды бастаманың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және Мемлекеттік Гимнін ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің басты рухани символдары ретінде дәріптеу, жаңа Конституцияның құндылықтарын кеңінен насихаттау, сондай-ақ қоғамда, әсіресе жастар мен тіл тыңдаушылары арасында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болды.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі болып табылатын «Патриотизм дауысы» акциясы аясында 4 маусым күні сағат 10:00-де орталық мамандары мен жауапты тұлғаларының қатысуымен Мемлекеттік Туды көтеру рәсімімен бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны салтанатты түрде орындалып, мемлекеттік нышандарға деген жоғары құрмет пен ұлттық рух айқын паш етілді. Осы ортақ патриоттық толқын аясында орталықтың барлық аймақтық филиалдары мен жергілікті мекемелер бірлесе отырып, қоғамның түрлі топтарын, соның ішінде мемлекеттік тіл тыңдаушыларын, студенттерді, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдерін қамтыған тағылымды шаралар тізбегін жүзеге асырды.

Мерекелік күндер аясында Шонжы политехникалық колледжінің ғимаратында Ұйғыр аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және колледж ұжымымен бірлесе «Рәміздер – ел мәртебесі» атты этнос жастарының қатысуымен тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жастардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне деген құрметін арттыру, олардың маңызын терең түсіндіру және патриоттық сана-сезімін қалыптастыру. Бұл шараға жалпы саны 60 адам қамтылды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген сала басшылары мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз еліміздің айбыны мен мақтанышы, егемендігімізді танытатын негізгі құндылық екенін атап өтіп, жастарды Отанға адал қызмет етуге шақырды, ал өнерлі этнос жастары қазақ ақындарының ел мен жерге, туған Отанға деген сүйіспеншілігін арқау еткен өлеңдерін мәнерлеп оқып, патриоттық әндерді орындау арқылы мемлекеттік рәміздердің мәртебесін шығармашылық туындылармен асқақтатты. Сондай-ақ, осы Ұйғыр ауданында халықаралық деңгейдегі рәміздердің рөлін талқылау мақсатында 30 адамның қатысуымен ағылшын тілінде «How symbols unite people» атты арнайы дискуссиялық алаң да өз жұмысын табысты атқарды.

Сонымен қатар Қарасай ауданында 15 мемлекеттік тіл тыңдаушысының қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты интеллектуалдық және танымдық сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар бірнеше топқа бөлініп өзара бақ сынасты. Ойын барысында тыңдаушылардың мемлекеттік рәміздер туралы білім деңгейлерін саралайтын «Бәйге» кезеңі, көк ту, қыран, шаңырақ, күн, пырақ және ұлттық ою-өрнектердің символдық мәнін жан-жақты ашып көрсеткен «Суретті таны» кезеңі, Отан мен туған жер туралы мақал-мәтелдер дәріптелген «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңі, сондай-ақ тапқырлық пен тіл шеберлігін сынға салған капитандар сайысы мен «Әнұранды жалғастыр» кезеңдері сәтті өткізіліп, қатысушылардың патриоттық рухы мен мемлекеттік тілде еркін сөйлеу дағдылары бекітілді. Осы тектес маңызды шара Талғар ауданында да жалғасын тауып, 15 тіл тыңдаушысының қатысуымен «Тәуелсіз елдің рәміздері» атты интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды. Талғар ауданындағы сайыс бірнеше тартысты кезеңнен, атап айтқанда, «Бәйге», «Суретті сөйлет», «Кім жылдам?» және «Жағдаяттан шығу» тапсырмаларынан тұрды. Мұнда қатысушылар Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимнің шығу тарихы мен авторлары жөніндегі сұрақтарға жауап беріп, элементтердің мағынасын ашып, түрлі логикалық және жағдаяттық сұрақтар бойынша өздерінің азаматтық ұстанымдары мен жоғары білім деңгейлерін көрсетті. Ал Райымбек ауданында патриоттық тәрбие мен ұлттық мұраны ұштастыру мақсатында 15 адамның қатысуымен «Қазақстан рәміздері» атты ерекше викториналық ойын өткізілді. Райымбек ауданындағы шараның ерекшелігі – мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызына қатысты сұрақтармен қатар, бағдарламаға қазақтың ұлттық ойын элементтерінің енгізілуі болды, бұл қатысушылардың ұйымшылдығын арттырып, ұлттық құндылықтарды жаңа қырынан дәріптеуге мүмкіндік берді.

Осыған ұқсас форматта Балқаш ауданында 12 адамның қатысуымен халықтың ұлттық кодын оятуға бағытталған «Рәміздер – ұлттық код» тақырыптық квест-ойыны, ал Кеген ауданында 15 адамды қамтыған «Елдік белгісі — Мемлекеттік рәміздер» атты зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, жастардың мемлекеттік нышандар жайлы танымдық көкжиегі кеңейе түсті. Тұжырымдаманың медиа-коммуникациялық бағыттарын қолдау мақсатында Еңбекшіқазақ ауданында 15 адамның қатысуымен «Рәміздер – мақтанышым» атты республикалық желілік челленджге белсенді қолдау көрсетілсе, Шелек ауылдық округтік филиалында 15 адамның атсалысуымен «Рәміздерге құрмет – елге құрмет» тақырыбында арнайы бейнероликтер жарияланып, кең көлемде ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Жамбыл аудандық филиалында «Сіз білесіз бе?» айдары аясында Жамбыл аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен «Рухты оятқан – рәміздер» атты әлеуметтік сауалнамалар өткізіліп, рәміздердің халықаралық аренадағы және қоғам өміріндегі біріктіруші рөлі кеңінен насихатталды. Барлық аудандарда өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша белсенділік танытқан тіл меңгерушілер мен қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді.

Жалпы алғанда, облыстың барлық аудандары мен ауылдық округтері көлемінде өткізілген мерекелік, зияткерлік және танымдық іс-шаралар кешеніне 195 азамат тікелей қатысып, жоғары белсенділік танытты. Атқарылған бұл ауқымды жұмыстар «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» акциясының негізгі идеясына толықтай сәйкес келіп, мемлекеттік тіл тыңдаушылары мен жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сана-сезімді нығайтуға және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді әрбір азаматтың қасиетті борышы мен күнделікті өмір нормасына айналдыруға айтарлықтай үлкен үлес қосты.

Бисен Манзура Таңатарқызы

«Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ-ніңоқу-әдістемелік бөлім басшысы