Перейти к содержимому
Главная страница » ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жақында Жиделі ауылында «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Жиделі ауылдық округінің әкімі Алмат Тұрлыбеков және ауылдық учаскелік полиция инспекторы Әбіл Абылай қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасты.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, интернет-алаяқтықтан қорғану және жастар тәрбиесі мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – киберқылмыстың алдын алу бағытында тұрғындарға сақтық шаралары түсіндіріліп, алаяқтардың арбауына түспеу жолдары жөнінде нақты кеңестер берілді.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді. Өз кезегінде тұрғындар ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмасы аясында өткізілген мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыратыны сөзсіз.
Қоғамдық қауіпсіздік – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тек бірлескен іс-қимыл, заңға құрмет және азаматтық жауапкершілік арқылы ғана қауіпсіз, тыныш әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға болады. Жиделі ауылының тұрғындары да осы бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысуға дайын екенін байқатты.


Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы