Перейти к содержимому
Главная страница » Іле ауданының мемлекеттік қызметшілері облыстық спартакиаданың үздік үштігіне енді

Іле ауданының мемлекеттік қызметшілері облыстық спартакиаданың үздік үштігіне енді

Алматы облысында өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадада Іле ауданының құрамасы жоғары дайындық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жүлделі ІІІ орынды иеленді. Спорттық додада аудан командасы «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, спорттың бірнеше түрінен үздіктер қатарынан көрініп, өздерінің тек кәсіби қызметте ғана емес, спорт алаңында да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Іле ауданының қоржынына алғашқы алтын медальдарды жүзушілер салды. Қыздар арасында Жансая Байжуманова қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанса, командалық жүзуде Жансая Байжуманова, Алдияр Нұрсұлтан және Темірлан Тілеуғазиннен құралған команда жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілді.

Тоғызқұмалақ пен баскетбол жарыстарында да аудан спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал қазақша күрес және киберспорт сайыстарында қола медальдар жеңіп алынды.

Спартакиада барысында волейбол командасы төртінші орынға тұрақтаса, үстел теннисінен аралас жұптар сайысында аппарат басшысы Данияр Сарымбеков пен Ақсүйген Жағыпбердиева үздік төрттікті түйіндеді.

Жарыс қорытындысында Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов «Үздік команда өкілі» номинациясымен марапатталды.

Бұл нәтиже – аудан құрамасының бірлігі мен табандылығының, жеңіске деген жігерінің жемісі. Спартакиада алаңында әрбір қатысушы Іле ауданының намысын лайықты қорғап, аудан мәртебесін тағы бір мәрте жоғары деңгейде таныта білді.

Жалпыкомандалық ІІІ орын – тек жүлде ғана емес, мемлекеттік қызметшілер арасындағы ынтымақ пен командалық рухтың нақты көрсеткіші.