Мемлекет басшысының Жолдауында жастарға қатысты бірқатар түйінді мәселелер тарқатылды. Баспана, кадр, ұшқыр ойлы, креативті азаматтардың әлеуетін толық ашу, жоғары оқу орны түлектерінің жұмыспен қамтылуы сынды дүниелер жастардың ойын дөп басты.
Бүгінде елімізде әсіресе жас отбасылардың баспаналы болу мәселесінің өзектілігі күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар қолға алынып, жастарға мүмкіндік жасалса да, үйге қол жеткізе алмаушылар саны азаймақ емес. Баспана жыры бас қайғыға айналғанын айтып та, жазып та жатыр. Бүгін, міне, Мемлекет басшысы да осы мәселе турасында өз Жолдауында ой қозғады.
«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін «Отбасы банкі» арқылы талай шаңырақ баспаналы болған. Әсіресе, мегаполистер мен облыс орталықтарында аталмыш банк арқылы үйлі болғандар саны да көбеюде. Несиелік пайызы, талаптары жағынан жас жанұяларға өте қолайлы банк арқылы бұған дейін аудан, ауылдарда баспана алу мәселесі қозғалмаған еді. Бұл ауылдық жерлердегі жастар үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр.
«…Қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады. Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн», – деді мемлекет басшысы.
Бұл да жас мамандардың жұмыспен қамтылу мүмкіндігін арттырып, болашаққа деген сенімдерін еселей түспек.
«Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Иә, бүгінгі заман талабына сай экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыттың бірі – креативті индустрия болып отыр. Қазір дамыған мемлекет өзінің шикізатын немесе өнімін сатудан гөрі, елдегі азаматтардың «ақылын» сатудан зор пайда түсетінін жақсы түсінген. Яғни, болашақта елдерді креативті ойлап, креативті жұмыс істей алатын адамдардың шекарасыз пайда табатыны, сол арқылы мемлекеттің ішкі өнімін арттыратыны анық. Қазақстан да соңғы бірнеше жылдан бері креативті экономиканы дамытуға зор көңіл бөліп жатыр. Бұл саламен бүгінде жастар көптеп айналысуда. Енді міне, Мемлекет басшысының өзі осы салаға назар аударып, Қазақстанда бұл саланы дамытуды тапсырды.
Президентіміздің бүгінгі халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан көп дүние түйдік. Болашағымызға бағдар алдық. Алдағы уақытта әділетті Қазақстанның бірлігін сақтауда табанды еңбек етуге ниеттенейік.
Жәнібек Айғожаев,
Ұйғыр аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі